Ағымдағы жылдың 13 маусым күні Петропавл қаласының білім бөлімі және «Томирис» гендерлік білім беру орталығы» ҚБ ұйымдастыруымен қала бойынша барлық білім ордаларының дінтану пәні мұғалімдерімен педагогикалық оқу түрінде дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараға ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы, сондай-ақ өзге дін өкілдерінің басшылары, Дін істері басқармасынан, Білім басқармасынан өкілдер қатысты. Педагогикалық оқудың тақырыбы – «Рухани құндылықтар, адамгершілік және қазіргі қоғамдағы дін».
Жиында өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік, инабаттылық, ізгілік сынды қасиеттерді сіңіре білу жайында сөз қозғалды. Жиынның модераторлары бұл бағытта діннің орны зор екенін айта келе, облыс имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлына сөз берді. Өңір имамы ислам дінінің құрылымы, тарихы мен құндылықтары жайлы тереңнен түсіндіріп: «Біздің мақсатымыз – жас ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беру. Ол үшін дінді үстіртін, яғни діннің шығу тарихын немесе оның түрлерін ғана білу жеткіліксіз. Әр діннің мақсаты негізінде адамгершілік, инабаттылық, мейірім мен бейбітшілікте болғанын түсініп, оны жас ұрпаққа жеткізе білуіміз керек» деді. Сөз соңында облыс имамы жиналған мұғалімдерге әдістеме ретінде пайдаланулары үшін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабын ұсынды.
Кең ауқымда өткен жиында мұғалімдер бүгінде өзекті болған суицид мәселесі жайында, сондай-ақ ислам дініндегі джиһад сөзінің мағынасы және тағы да басқа көкейкесті мәселелер төңірегінде маңызды әңгімелер жүргізді. Берері мол бұл жиында дінтану пәнінің мұғалімдері көп пайда алды деген сенімдеміз. Толыққанды жауаптар алған мектеп ұжымы облыс имамы Кенжетай қажы Байкемелұлына алғыстарын білдірді.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі