ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТАН САҚТАНУ

Жаратқан махаббатпен адамзатты,

Аллаға мадақ болсын шарапатты,

Адамзаттың асылы Мұхаммедке,

Жолдаймыз ілтипатпен салауатты.

Әрқайсымыз сыналып жаратылдық,

Өтуден бұл сынақтан өмір атты.

Бірімізге бұл өмір тәтті болса,

Бірімізге болады тастан қатты.

Сыры мен сынағы көп бұл жалғанда,

Жеңу керек сабырмен әр сынақты.

Дүниенің алданбай ләззатына

Ойлау керек өмірді арғы жақты.

Шалқып – тасып жүруден аулақ болып,

Ұстау керек ортаны тиянақты.

Құранда Жаббарымыз еткен әмір:

Ішіп – жеу, болмау керек ысырапты.

Берілген басымызға әр нығметке,

Шүкір етіп, болайық ыждаһатты.

Біз бұрын қандай едік, қазір қандай?

Ұмытып кейде жүрміз қанағатты.

Шашылып той жасаймыз дүркіретіп,

Қаратып өзімізге жамағатты.

Құдайы астарда да жарысамыз,

Болмау үшін басқаға жаман атты.

Адамдардың алдында арлы болып,

Арсыз жүрміз ұмытып ақиқатты.

Мұсылман деп соғамыз кеудемізді,

Ұғуға тырыспаймыз шариғатты.

Алланың әміріне әлсіз болып,

Мықты қып жібереміз балағатты.

Жақынбыз осы күнде қиянатқа,

Қиып тастап діндегі аманатты.

Тәубеге келейікші ағайындар,

Бойымыздан кетіріп кінәратты.

Құлшылықты келтіріп қалыбына,

Алламызға арттырып махаббатты.

Шүкір етсек Жаратқан арттырады,

Аллаға құл болайық парасатты..

Көкен Ержан

Ақжар аудандық «Үлкен – Қарой»

мешітінің наиб имамы:

Return to Top ▲Return to Top ▲