МЕШІТ АШЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ақжар ауданының Ленинград ауылында 200 адамға арналған мешіт пайдалануға берілді.

Құлшылық үйінің ашылу салтанатына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы мен Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай, сондай-ақ өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы арнайы қатысты.

Имандылық пен ізгілікке шақыратын мешіттің құрылысы ауыл азаматтарының демеушілігмен жүргізілді. Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы ғибадат үйін салуға атсалысқан ауыл тұрғындарына және қолы ашық кәсіпкер азаматтарға алғысын білдірді.

«Жаңа мешіттің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мешіт білім мен тәрбие беретін орынға да айналуы тиіс. Яғни, дін қызметкерлері халықты Алланың ақ жолына шақырып, жастардың бойына нағыз мұсылманға сай қазақы тәрбиені сіңіру қажет» деді Сансызбай Құрбанұлы.

Жарты жылдың ішінде салынған мешітке «Кіші-Қарой» атауы берілді. Алланың үйінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі, имамға арналған бөлме және дәрет алатын орындар бар. Сондай-ақ, салтанатты шара барысында Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай және өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы да ауыл тұрғындарын мешіттің ашылуымен құттықтады.

Ғибадат үйіне жиналған жамағат жаңа мешітте алғаш рет намаз оқып, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлының уағызын тыңдап, емен-жарқын сұхбаттасты.

Return to Top ▲Return to Top ▲