БАС МҮФТИ ЖАҢА АРҚА МЕШІТІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ҚАТЫСТЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Қарағанды облысына қарасты Жаңа Арқа ауданында салынған құлшылық үйінің ашылу салтанатына қатысты.

Мешіттің салтанатты ашылу шарасы қасиетті Құран оқуымен басталды. Құран батасы жасалып, құттықтау сөзін алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт салудың, құлшылық етудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ, мешіттің құрылысына қолдау көрсеткен барша демеуші азаматтарға  ризашлығын жеткізіп, аймақ тұрғындарын  тарихи күнмен құттықтады. 

Кезекті сөз барысында аудан əкімі Юржан Бекқожин жұртшылықты Алла үйінің ашылуымен құттықтап,  айтулы шараға арнайы келген Наурызбай қажы Тағанұлына шынайы алғысын айтты. Сондай-ақ, облыс бас имамы Өмірзақ қажы Казкенұлы имандылық пен ізгілікке есігін айқара ашқан мешіт игі істердің бастамасы болсын деген тілегін жеткізді. 

Салтанатты шара барысында ауданның  Сатжан Хамза есімді құрметті азаматы өзек жарды тілегін айтып, жаңадан ашылған ізгілік ордасы  ауыл тұрғындарын ғана емес, өсіп келе жатқан жастардың да бойына имандылық нұрын құйып, ел-жұртты бірлікке, татулыққа ұйытсын деген ізгі тілектерін айтып, ақ батасын берді. 

Одан соң зәулім мешіттің лентасы қиылып, жамағат сәулеті мен көркі келіскен Алла үйінің қарасаң көз тоятын келбетін тамашалап, сəлем намазын оқыды.

Аталған іс-шараға Бас мүфтимен бірге ҚМДБ- төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚР-ның Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханов, Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Казкенұлы, Жаңа Арқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин мырза қатысты.


Return to Top ▲Return to Top ▲