Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 27-ші жұлдызында ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде жиналыс өтті. Оған облыстық Дін істері жөніндегі басқарма жетекшісі Мұратбек Зейнуллин, қала және аудан имамдары қатысты.
Жиналысты «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы өзі бастап, кейін өңіріміздегі аудандардың имамдары 2014-жылы атқарылатын жұмыстар жайында сөз қозғады.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылдан бастап үш бағыт бойынша жұмыстарға баса назар аударғаны белгілі. Дәлірек айтқанда, ҚМДБ-ның Төралқа мәжілісінде дін мен дәстүрге қайшы көзқарас ұстанатын, қоғамға лаң салып, бүлік тудырып жүрген жат ағым өкілдерін табанды түрде даналық жолымен мүфтият төңірегіне топтасуға күш салу, уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру, жұртымызды ізгілікке, бірлік пен ынтымаққа шақыру және қайырымдылық шараларды жиі өткізу, қамқорлық акцияларын ұйымдастыру жайлы айтылғаны белгілі. Осы орайда, ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы қала және аудандардың имамдарына аталмыш негізгі үш бағытта қарқынды жұмыс жүргізуге тапсырма берді. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
Айта кетерлік жайт, жиналыста облысымыздағы аудандық мешіттерді ғаламтормен және техникалық жабдықтармен қамтамасыз етудің қажеттілігі жайында айтылды.
«Қызылжар» орталық
мешітінің баспасөз қызметі