Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Біз – адамдар арасындағы алауыздыққа, діндер арасындағы дау-дамайларға тосқауыл қоюға талпынған, тыныштық пен татулықты басты тірек еткен елміз. Бауырмалдық, мейірбандық, достық, қамқорлық сынды құндылықтар – қазақ халқының табиғи болмысында бар асыл қасиеттер. Бағзы заманнан бері береке мен бірлікті, ынтымақ пен ырысты, достық пен татулықты ту еткен Қазақ елі тәуелсіздіктің санаулы жылдарында алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлектерді бір дөңгелек үстел басына жинаған бітімгер мемлекетке айналды.
Біздің көпұлтты қоғамдағы өзара құрмет пен сыйластықты нығайта түсу үшін барша азаматқа үлкен жауапкершілік артылады. Жаһандану заманында сан түрлі ұлттың берекелі тірлікте, ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің басты жолы – құрмет пен сыйластықта, бір-біріне деген сүйіспеншілікте, өзгеге тілекші болып, оған алғыс айта білуінде.
Расында, қазір алғыс айту күні біздің қоғам үшін маңызды оқиғаның біріне айналды. Өйткені тағдыр тәлкегіне ұшырап, атамекенінен еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты мекені, екінші отаны – Қазақстан болды. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтере білді. Біз өзгеге жасаған жақсылықты міндетсінуді білмейтін халықпыз. Алайда, Елбасымыз айтқандай, сындарлы кезеңде адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту әділетті болар еді.
Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы ретінде Аллаға және адамға әрдайым алғысын айтуды міндеті санайды. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да алғыс айта алмайды», – деген. Бізді өмірге әкелуге себепші болған ата-анамызға, торқалы той мен топырақты өлімде қасымыздан табылған ағайын мен дос-жаранға, күнде шарапатын көріп жүрген басшымызға, қол ұшын беруде аянып қалмайтын көршімізге, қайғы мен қуанышты бөлісуге әрдайым дайын тұратын бауырларымызға әрқашан алғыс айтуға тиіспіз.
Қоғам қайраткері Асылы Осман апамыз әрдайым: «Біз қашан да қазақ халқына қарыздармыз», – деп алғысын айтып жүреді. Ол кісі халқымызға алғыс айтып қана қоймай, ана тіліміздің жанашыр тұлғасына айналды. Байқап қарасақ, алғыс айту сол халықтың рухани құндылықтарына құрмет көрсетуден бастау алады. Бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздікті тойлаумен қатар оның болашағын ойлау жауапкершілігі жүктеліп отыр. Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін әрбір азаматқа саналы жауапкершілік, парасаттылық, озық білім керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазғандай, көзі ашық азаматтар жаңашыл
ойлап, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үлес қосуы тиіс. Қазақтың әр баласына терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят)
деп адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған. Адамзат тарихынан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Өмірдің берекесі – бірлікте. Тәуелсіздік ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», – деген нақылдың астарында мол мағына жатыр емес пе? Ынтымағы бар елдің ырысы мен берекесі де мол. Бүгінгі мұсылман үмбеті, еліміздің кез келген азаматы қандай жағдай болмасын ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қоюы қажет. Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес.
Ислам діні қоғамда өмір сүріп жатқан өзге дін, ұлт өкілдеріне діні мен нәсіліне қарап, қысым жасамауды талап етеді. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Иман етпейінше жұмаққа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, иман еткен болмайсыңдар», – деген.
Данышпан Абай атамыз өсиетті өлеңінде мынадай ғибратты жыр жолдарын қалдырған: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Баба нақылына бағынған ұрпақтың бірлігі ең алдымен рухани үндестігі мен үйлесімділігінде жатқан жоқ па?! Сондықтан бабаларымыз: «Татулық –табылмас бақыт» деген. Бүгінгі бейбітшілік заманда тату-тәтті ғұмыр кешкенге не жетсін.