Әр буынға бір садақа


Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) буындарға қатысты бірқатар хадистер айтқан. Тіпті, адам денесінде қанша буын болатындығын нақты білдірген. Бір қызығы, сол хадистерде көрсетілген буын сандарын қазіргі медицина дәлелдеп шықты.

Буын жайында айтқан Пайғамбарымыздың хадистері мыналар:
«Әр адамның жаратылысында 360 буын бар. Олай болса, Алла Тағаланы ұлықтаса, мақтау айтса, ләиләһа иллаллаһ, сүбханаллаһ десе, Құдайдан кешірім тілесе, ел жүретін жолдан тас, тікен немесе сүйек секілді нәрселерді жол шетіне алып тастап отырса я болмаса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса,осы жасаған жақсылықтарының барлығы 360-қа жетсе, сол күннің кешіне дейін тозақ отынан қорғалады».
«Әр буын үшін адам күн сайын бір садақа борышты. Екі адам арасында әділ төрелік айту да – садақа, атына міну үшін біреуге көмектесу немесе қоржынын артысу да – садақа. Жақсы, ұнамды сөз айту да – садақа. Намазға бара жатқандағы әр адымы да – садақа. Адамға зияны тиетін нәрселерді жолдан алып тастау да – садақа».

Тағы бір хадисінде сәске уақытында оқылған екі рәкат намаздың да сондай шүкіршілікке жататындығы айтылған.
Бухари мен Мүслимде риуаят етілген осы үш хадис адамның анатомиялық тұлғасын ашумен қатар құлшылық пен сауаптың кең мағынасын да қамтиды.
Екі бөлек сүйек арасын жалғайтын бөлікті «буын» дейміз. Буындар табиғи түрде мынадай топтарға бөлінеді.
1. Қимылдайтын буындар: тізе, тірсек, иық, ортан жілік, аяқ-қолдың білегі мен жіліншігі секілді.
2. Аз қимылдайтын немесе мүлдем қимылдамайтынбуындар: омыртқа, қол-аяқтың табан мен алақан сүйектері, яғни:
А) араларын дәнекер ұлпа (ткань) жалғағандар;
Ә) араларын шеміршек ұлпа жалғағандар;
Б) араларын сүйек ұлпа жалғағандар.
Осы ерекшеліктеріне қарай анатомия кітаптары мен атластарын зерделегенімізде, адам денесінде 360 буын бар екенін көреміз. (1-4 тізім). Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан бұл сан медициналық зерттеулермен де дәл келеді. Пайғамбарымыздың оны нақты білдіруін қалай түсіндіруге болады? Мәйіт яки адам қаңқасы мұқият зерттелген бе, жоқ әлде, бұл пайғамбарлық мұғжиза болғаны ма?

Мәйіт пен жеке сүйектерді зерттеу арқылы буындарды анықтай алмайтындығының дәлелі мынау:
Адамның бас сүйегінде 90 қимылсыз буын болады. Алайда, бұл буындар санын қаңқадан болмаса, өліктен анықтау мүмкін емес. Ал, қаңқа кезінде анықтау үшін ол адам медицина ғылымын жақсы білетін әрі тәжірибелі болуы тиіс. Өйткені, медицинадан хабары жоқ жай адам бастағы бір-бірімен астасып, ию-қию боп жатқан буындарды буын деп те ойламайды. Құйымшақ сүйегіндегі буындар шорланған буындарға жатады. Мейлі өлік, мейлі қаңқа күйінде қолға алған күннің өзінде медицинаны жақсы меңгермеген адамның бұл буындарды тануы мүмкін емес.

Кеуде сүйегі (sternum) 3 бөлек сүйектен құралады. Бұлардың бір буыны шеміршек, бір буыны сүйекке айналған буын пішінін құрайды. Сүйекке айналған буынды білу үшін де медицинаның маманы болу міндетті. Бұл екі буынды да өлік я болмаса қаңқа күйінде ажырату мүмкін емес.
Бас сүйектің орталығында орналасқан «Сфенойд» (Sfenoid) деп аталатын сүйек, бөлек-бөлек 10 жұп бас сүйегімен буынды құрайды. Бұл буындар өте күрделі, бейнелері шым-шытырық, ретсіз пішінде келген.
Қуыстарында «Дискас» (discus) деп аталатын шеміршек томпақтары бар кейбір буындар да кездеседі. Беті жай ғана сүйек секілді. Адам қайтыс болып, денесіндегі жұмсақ тіндер шіріп, қаңқаға айналғанда, бұлар буын емес секілді көрінеді. Оларды қаңқа күйінде анықтау да сол сала мамандарының қырағылығын қажет етеді. (Кеуде сүйегі – бұғана сүйегі буыны, мойын
омыртқаның артқы жағындағы буын секілді).

Баста орналасқан кішігірім аралдар секілді «Ос сутурарум» (os suturarum) деп аталатын сүйектерді өлік күйінде анықтау қиын. Оны тек қаңқа кезінде ғана анықтап, санауға болады. Жіліншіктегі «Талус» (talus) деп аталатын сүйек пен тобық сүйегінен (calcaneus) пайда болатын буын үш түрлі болса да, сырттай бір-ақ буын секілді көрінеді. Бұны тек қаңқа күйінде болмаса, өлік күйінде анықтау өте қиын.
Өздеріңіз де куә болып отырғандай, буындардың тобын анықтау үшін аса шебер маман болу қажет. Ендеше, түрлері мен топтарына қарай Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) адам денесіндегі буындар санын 360 деп айтуы – оның пайғамбарлығының дәлелі.
Бұхари мен Мүслимде риуаят етілген хадистер бір жағынан мұғжизалықты білдірсе, бір жағынан құлшылықпен қоса елге жақсылық жасаудың мәнін
ұқтыруда.

Жоғарыдағы хадистерде келтірілген әр буын үшін садақа боп есептелген іс-әрекеттер мыналар: Алла Тағаланы пәктеу, шүкіршілік етіп, Оған мадақ айту, ұлықтау, жамандықтан тыйып, жақсылыққа бұру, сәске уақытында оқылатын екі бас намаз, лә иләһа иллаллаһ деу, Құдайдан кешірім тілеу, ел жүретін жолда жатқан тас, тікен, сүйек сияқты зиянды нәрселерді алып тастау, екі адам дауласса, әділ төрелік айту, бір адам атына мінерде демеп жіберу немесе қоржынын артысу, жақсы, ұнамды сөз айту, намаз үшін мешітке бару.

Бұл аталған жақсылықтардың әрбірі бір-бір буынның өтеуі, шүкірі, садақасы ретінде қабыл болады.
Буындар қалайша адам денесіндегі сүйектерді бітістіріп, тұтастай бір ағза ретінде қимылдауын
қамтамасыз етсе, хадистерде айтылған жақсылық жасай жүру де ел арасындағы өзара бауырмалдықты, ағайындықты, сүйіспеншілікті арттыратын байланыстарға жатады.
Хадис астарынан ғылыми шындықпен қатар қоғамдық өмірдің тыныштығы мен бейбітшілігін нығайтатын әрі мол сауапқа кенелтетін іс-шаралар жатқанын көреміз.
• Ішіп-жеу өлшемі. Салауатты өмір салтын қалыптастыру медицинаға қатысты. Алла елшісі:
«Тамақтанған шақта асқазанның үштен бірін – тамаққа, үштен бірін – суға, үштен бірін – ауаға
қалдырыңдар. Алланың қатты ашуланған ыдысы – толы асқазан», – дейді.
Басқа хадистер де бар. Алла елшісінен: «Үмбетім жайында ең қорыққан нәрселерім: үлкен қарын мен көп ұйқы. Жалқаулық пен «яқин» әлсіздігі».
Өмірін бақылаусыз, есепсіз, аңғалдықпен өткізіп, ғұмырының соңына дейін алаңсыз ұйықтап өткен адамның семіріп май жинауы, май жинаған адамның семіз болатыны даусыз. Адам толған сайын көп жейді. Жеген сайын өзін салғырттыққа салады. Өте көп жеген адам, әлбетте, көп ұйықтайды, көп ұйықтаған адамда сөзсіз «яқин» яғни терең түсінік немесе берік иман пайда болмайды. Қай жағынан алып қарасаңыз да, барлығы Алла елшісін қобалжытқан. Бұл туралы медицина ғалымдарының ғылыми қорытындыларын оқып қарасаңыз, Алла сүйіктісінің (с.а.у.) сан ғасырлар бұрын айтқан сөздерінің кәміл шындық пен ақиқат екеніне көзіңіз жетеді.
• Шыбынға қатысты шындық. Бұхаридің жеткізген хадисіне сүйене отырып, Алла елшісін (с.а.у.) тыңдайық: «Кей адамның (су немесе тамақ) ыдысына шыбын түссе, батырып жіберіп, қайта алып тастасын. Өйткені қанаттарының бірінде ауру, енді бірінде шипа бар».
Әуелі, шыбынның микроб тасуы, сол кездегі адамдар үшін беймәлім нәрсе еді. Шыбын бір сұйық затқа түскенде, қанаттарының бірін сақтықпен, жоғарыда ұстауға тырысады. Екі қанатын бірдей батырмайды. Өйткені қонған жерінен қайта ұшқанда, құрғақ қанаты оның ұшып кетуіне жеңілдік жасайды. Осылайша ұшып кетеді, бірақ ішкен астарымызға қалдырған микробтарымен бізге де ауру жұқтырады.
Екіншіден, (мұндай жағдайда ескертілген нәрсе) шыбын түгелдей ыдысқа батырылып, қайта шығарылып тасталады. Өйткені оның бір қанатында микроб, екінші қанатында сол микробты жоятын антимикроб бар. Өліммен арпалысқан шыбынның арқасынан нұқып кеп жібергенде, сақталған антимикроб құтысы жарылып кетеді. Осылайша шыбын алғашқы қанатымен жұқтырған микробты дезинфекциялайды. Бұлай жасау діни міндет болмаса да, қажет жағдайда қолдануға болатын ғылыми ақиқат.
Бұл мәселенің ғылыми тұжырымын ғалымдар шыбынның арқасынан басқан кезде микроскоп арқылы кейбір микробтардың кәдімгідей қимылдап жүргендерін растайды. Бүгінде олардың стерилизация қызметшілері екеніне ғалымдар толық көз жеткізіп отыр.
• Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Кімде кім май (крем) жаққысы келсе, ең алдымен қастарынан бастасын. Өйткені бұл бас ауыруын қайтарады. Адамның қасы – денесінде ең алғаш пайда болған түктер» деген.
Бұл хадистен адамның қасы мен бас ауруының арасында байланыс бар екенін әрі қастың адам баласының денесінде пайда болған ең алғашқы түк екенін түсінеміз.
Бұл жайлы проф. Увейс Маскордың «Эмбриология» атты дәріс кітабында былай делінеді:
«Ең алғашқы түктер эмбриондық төртінші кезеңде пайда болады. Ол түк – қастар».
Бүгінгі таңда дамыған медицина ғылымы дәлелдеп отырған бұл ғылыми шындық та пайғамбарымыздың (с.а.у.) шынайы елші екендігін дәлелдеуде. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде ананың жатырындағы эмбрионды (ұрықты) толық зерттеп білетіндей қазіргі таңдағы микроскоп, рентген сияқты құралдар жоқ еді

 

Кайрат Жолдыбайулы

Return to Top ▲Return to Top ▲