СҚО/// МЕШІТТЕ  ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыс орталығындағы «Қызылжар орталық» мешіті 2005 жылы құрылысы аяқталып пайдалануға берілген.  Бұл Алланың үйі ұзақ жылдар, яғни 18 жылға жуық жамағатты имандылыққа шақырған құтты орын екені көпшілікке мәлім. Осы жылдар ішіндегі сол аумақтағы жамағатты имандылыққа ұйытып келе жатқан ғибадат орнына келушілердің саны жыл санап артып келеді.

Биылғы жылы мешіттің ішіне күрделі жөндеу жүргізіліп, ауласына ағаштар отырғызылды,  асфальт төселді. Оған қасиетті орынды аялаған мешіт қызметкерлерінің қамқорлығы мен Алла үйіне деген шарапаты мол демеуші азаматтардың жанашырлық танытуы зор демеу болды.

Мешіттің екінші және үшінші қабаты қайта сырланып, жарық шамдары да толық жаңартылды. Айта кету керек, мешіттің намаз оқитын  биік бөлмелеріндегі қымбат бағалы аспа шамдарын тазалауға арнайы мамандар шақыртылды. Мешіттегі намазханаларда тұрған үлкен сағаттардың да ескіруіне байланысты көрнекті үлкен 4 сағат орнатылды. Бүгінгі таңда мешіттің ішкі келбетіде, жарқыраған аспалы шамдар да келуші қонақтарға көрік беріп, алыстан мен мұндалап тұр.

Сонымен бірге ерлер мен әйелдерге арналған дәретханалардың да су құбырлары мен мен су шүмектері толықтай жаңартылды. Тозығы жеткен кәріз жүйелері де ауыстырылды. Ең бастысы қауіпсіздік жағдайлары ескеріліп, өрттен сақтандыру жұмыстары жүргізілді. Көктем кезінде қалалық мешіттердің маңайына және қала көшелеріне барлығы 250 ағаш отырғызылды.

Айта кетерлік тағы бір жағымды жаңалық, екінші қабатта «Медиастудия» қабырғасы салынуда. Онда бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беру, кездесу, уағыз айту және басқа да ақпараттық жұмыстар жүргізілетін болады.

Мешітке келуші әрбір адам тазалық, ұқыптылық және мәдениеттілікті сезінуі тиіс. Осы орайда киім ілгіш пен аяқ киімдер тұратын орындардың таза, ыңғайлы болуы үшін киімжай жиһазы сатып алынды.

Мешіттің асханасындағы тамақ пісіретін орындардың құрал-жабдықтары жаңартылды, су кәріздері ауыстырылды. Ауладағы тозығы жеткен тас төсеніштер де жаңартылуда. Баспалдақтардың жақтаулары мен бетіне керамика төсеніштер жапсырылып жатыр.

Өңіріміздегі мұсылман қауымының сұранысына орай, мешіттің жанынан үлкен асхананың құрылысы басталған болатын. Бүгінгі таңда құрылыстың 60 пайызы бітуге жақын. Жертөлесімен бірге салынып жатқан үлкен асхана заманауи және сапалы салынуы үнемі бақылауда. Осы аталған құрылыс жұмыстарын толықтай  жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Өңірімізде Алланың үйіне демеуші болып, қолұшын созып жүрген атын атағанды жөн көрмейтін жомарт кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы атқарылған жұмыстың барлығына демеушілердің қолдауымен қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Атап айтқанда, мешіттің ауласын асфальттауға 15 миллион теңге, мешіттің бірінші және екінші қабаттарын жөндеуге, сырлауға, тағы басқа жөндеу жұмыстарына 6 миллионға жуық қаржы жұмсалған.  800 мың теңгеге киімжай жаңартылды. Одан басқа да жаңарту, жөндеу жұмыстарына демеуші болып жатқан азаматтарға Алла разы болсын дейміз.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲