Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қасиетті Рамазан айының алғашқы он күні рақымға толы, ортаңғы он күні кешірімге толы, соңғы он күні тозақтан қалқан» деп, қасиетті айды үшке бөлген. Бұл айда мұсылмандардың намазға, Құран кәрімге, зікір етуге деген құлшыныстары арта түседі. Себебі ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Рамазан айы басталғанда жаннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатынын хадисінде жеткізген. Міне, бұл – Алла тағаланың пенделеріне берген рақымы мен мейірімі.
36 жылда бір айналып, шілденің аптап ыстығына тұспа-тұс келетін биылғы Рамазан айының рақымға толы алғашқы он күні өңірімізде мәнді, әрі нәтижелі өтті. Мұсылмандар арасында бауырмалдық, бірлік пен мейірімділікті нығайтуды мақсат тұтқан ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілдігі, «Қызылжар» орталық мешіті Рамазан айының алғашқы күні Бас мүфти атынан мешіт асханасында барша мұсылмандарға арналған ақ дастархан жайып, ауызашар ұйымдастырды. Бір дастархан басында түрлі ұлттардың басын қосқан ауызашарға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов та қатысып, мұсылман жамағатын мүбарак Рамазан айымен құттықтады.
Биылғы «Дін мен дәстүр» жылының аясында қазақ халқының ұлттық мұрасының көрінісі ретінде мешіт ауласына он екі қанатты киіз үй тігілді. Онда күндіз дәрістер, кешке 100-ден астам адамға дастархан жайылып, ауызашарлар берілуде. Дәстүр мен дін сабақтасқан бұл игі бастамаға халық дән риза болып, киіз үйде ауызашар беруге жаппай ықыластарын танытуда.
Сонымен қатар қасиетті айдың алғашқы күндері Рамазан айы, ораза ұстаудың артықшылықтары жайында арнайы жасалған бүктемелер және дискілер жамағатқа таратылып, газет беттерінде мақалалар жарияланды, теледидардан сұхбаттар берілді. Ал мешіт имамдары бесін, екінті, ақшам намаздарының алдында қасиетті рамазан айы туралы, оның мәні мен маңызы жайында, мұсылмандардың өзара сүйіспеншілік, бауырмашылдық жайлы уағыздар жүргізуде.
Ораза ұстауға шамасы келмейтін, алайда фидья садақасын төлеуге шамасы келетін адамдар үшін арнайы комиссия құрылып, сол кісілердің аттарынан ауызашарлар ұйымдастырылуда. Оразаға байланысты кез келген сауалдар үшін, «Қызылжар» орталық мешітінде тағайындалған арнайы діни мамандарға сұрақтар қоя алады.
Мешіт қызметкерлері мешітке келген әр адамға жіті көңіл бөліп, қойған сұрақтарына толыққанды жауап беруде. Ал мешітте тәжірибеден өтуші шәкірттер жамағатқа дәрістер ұйымдастырып, онда тәжуид, араб тілі, ахлақтан сабақ беріп жатыр.
Игілікке толы Рамазан айында «Отыз күн ораза, отыз күн насихат» деген тақырыппен өңіріміз бойынша діни мамандар белгіленген кестеге сәйкес бейнеуағыздарға түсуде. Болашақта таспа өңделіп, халыққа тегін таратылады.
Халық игілігі үшін жасалынып жатқан бұл істерге барша қызылжарлықтар риза болып, мешіт ұжымына ризашылықтарын білдіруде.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі