Ислам діні спорт жөнінде не дейді?

Ислам діні өз қоғамын қуатты да айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы мәселеге байланысты: «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім).
Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, сенің Раббыңда сенен ақысы бар және сенің денеңнің сенен ақысы бар, және сенің әйеліңнің сенен ақысы бар, және сенің қонағыңның сенен ақысы бар, сол үшін сен ақысы барлардың ақысына жауап бер», –дейді (Әл-Бұхари; имам Мүслім). Демек, спорт – ағзаларымыздың ақысы. Ол денемізді шынықтыру арқылы өтелмек.
Жалпы, спорт – денемізді күшейтіп, ағзадағы зиянды қалдық заттардың сыртқа шығуына және артық салмақты жоюда май жасушаларының еруіне септігін тигізетіні белгілі. Бойымызды тазалап, қан айналымымызды жақсарту, біздің ойлау қабілетіміз бен санамызға оң әсер береді.
Сонымен қатар, дене шынықтыру көптеген психикалық аурулар мен түрлі мүшелеріміздің сауығуына жәрдем болады. Жүрек пен бұлшықеттерді шынықтырады. Ал енді, спортпен айналыспайтын адамға назар салсақ не көреміз: қан айналымы баяу, дене мүшелерін ісік шалған, немесе әлжуаз, қан тамырларының кеңейгенін, түрлі ауруларға шалдыққыш және тағы сол сияқты кесапат қасиеттерге толы тұлға көз алдымызда тұрады.
Ибн Әл-Қайим былай дейді: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» (Ат-Тыбб Ан-Набауи кітабынан).
Дене шынықтыру адам баласының тәнін ғана дамытып қоймай, рухани жақтан да тәрбиелейді. Өз нәпсісін жеңуге, өз денесін өзіне бағындыруға жәрдемдеседі. Шейх Али Ат-Тантауи өз кітабында спорт туралы ойын былай жеткізеді: «…және сендер, уа жастар! Дене шынығумен айналысуларың қажет. Өйткені, ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты ер жігіттің көркемдігі. Спорт нәпсінің құлдығынан сақтайтын ең жақсы жол. Спорт – Алланың қойған парыздары мен білім үйренуден кейінгі ең абзал әрекет. Егер спорт харам нәрселермен байланыспаған болса, ол жастарға ең жарасымды уақыт өткізу шарасы болып табылады» (Али Ат-Тантауи. Аз-Зикрайят, 158-б).
Уақытын босқа өткізетін адам жалығады, жаны шаршайды. Мұндайда оның жаны темірдің тотығуындай тот басады. Сол үшін бұл проблеманың шешімін спорттан, сергек қимыл-әрекеттерден, халал қатынастардан табу қажет. Рұқсат шеңберіндегі спорт түрімен айналысу адамның сергіп, жан-тәнінің тынығуына жол ашады. Өміріміздің бос уақыттары спортпен толықтырылғаны құба-құп. Ал осы бос уақыттың дұрыс қолданылмауы адамның күнәларға батуына, рухани тығырықтарға тірелуіне әкеліп соғатыны рас.
Сонымен қатар, спорт тұлғаға кішіпейіл, кешірімді болуға, сәттіліктер мен жеңісті қарапайым қабылдап, тәкәппарланбауға үйретеді. Осыған қоса, басқа түскен қайғылар мен жеңілістерге қарсы сабырлыққа бейімдейді. Сол арқылы, қандай жағдай болмасын, адам үмітсіздік тұманында адаспай сыртқы әлемнен оқшаулыққа түспей әрі өз қателігін ешкімнен көрмей салауатты өмір сүруді насихаттайды.
Ислам дінінде әйелдер мен қыз-келіншектерге де спортпен шұғылдану өте маңызды. Алайда, шариғат бойынша олар бұл үшін оқшауланған орынды табулары керек. Басқа еркектердің көзіне түсіп, нәпсілерін сынамау үшін, әурет жерлері тиісті киіммен жабылады. Өйткені, жаттығу барысында түрлі әрекеттер жасалатыны белгілі: еңкею, немесе сырт көзге ыңғайсыз бір әрекеттер.
Спорттық ойындар үш топқа бөлінеді. Олар: шұғылданудың абзал түрі, рұқсат етілген түрі және рұқсат етілмеген, тыйым салынған түрі.
Шұғылданудың абзал түрі – ерлер үшін ең жақсы спорттық ойындар, олар: мергендік, жүзу және ат спорты. Өйткені бұл әскери дайындыққа бір табан жақын спорттық ойындар. Әділетті халифалардан болған Омар Әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген хадисті жеткізген.
Имам Мүслімнен келген бір хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мергендік турасында үш рет қайталап мына сөздерді айтыпты: «Расында, күш – садақ атуда». Ат спорт жайлы Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам баласы атты соңғы күнге дейін тастамас, өйткені сол арқылы ол бұл дүниеде де олжасы бар, ақыретте де сыйлығы бар» (Әл-Бұхари; Имам Мүслім).
Екінші топтағы рұқсат етілген ойындар қатарына: жүгіруден жарыс, жорға жүріс, кедергілерден секірулер, биіктік пен ұзындыққа секіру, т.с.с. күш сынасу ойындары. Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелі Айшамен (р.а.) жүгіруден жарысып, одан озып кетті. Хазреті Айша (р.а.): «Бір кездері, мен Алла елшісімен жүгіруден жарыстым, сөйтіп мен одан озып кеткен едім. Біраз уақыттан соң, мен жүкті болған шағымда, онымен тағыда жүгіруден жарыстық. Бұл кезекте ол мені жеңді де, қалжыңмен «бұл саған сол кез үшін деді»», – дейді (Имам Ахмад).
Сонымен қатар, күрес те рұқсат етілгендердің сапында. Өйткені пайғамбарымыз Руканамен күресіп, оны жеңген. (Абу Дауд; Әл-Байхақи; Абдур-Раззақ; Ат-Тирмизи).
Сол үшін қазақша, еркін күрес секілді спорт түрлері рұқсат етілгенге жатады. Ибн Абидин: «Күрес бидғатқа жатпайды, өйткені пайғамбарымыз Әл-Асуад Әл-Джумаһи және Руканамен күреске түскен. Ол кезде, Рукана Алла елшісіне шарт қойған. Егер пайғамбар жеңсе, Рукана Исламды қабылдайды деп. Сонда Алланың пайғамбары оны үш рет қатарынан жерге жыққан». (Радд әл-мұхтар ағла ад-дурр әл-мұхтар. 9-т. 493-б.).
Осы айтқандарға қоса, қылышпен, жебе-найза немесе таяқпен айқасу жарыстарын ұйымдастыруға болады. «Алла қылышы» атағына ие болған хазреті Халид ибн әл-Уалид айтты: «Муғта түбіндегі шайқастарда менің қолымда тоғыз қылыш сынды, сонда қолымда йемендік қалқаннан басқа ештеңе қалмаған еді», деп еске алады (Имам Әл-Бұхари).
Бұл ойындар тізбегіне ауыр атлетиканы да қосуға болады. Ибн Абидин: «Шынығу үшін ауыр тастарды көтеру рұқсат», – деген (Радд әл-мұхтар Т.9.494 б.).
Аталмыш тізбекті жалғастырсақ: қайықпен, автомобиль, велосипед, шаңғы, планермен жарысу, коньки тебу, парашьютпен секіру, футбол, баскетбол, волейбол, крокет, крикет, регби, бейсбол, т.с.с. түрлі ойындар да біздің денсаулығымызға өте пайдалы. Аңшылықты да адамды сергітетін демалыс түрі және спортқа жатқызуға болады.
Ислам дінінде харам етіліп, тыйым салынған спорттық ойындарға адам ауыр жарақаттармен қоса, миын зақымдайтын, бірін-бірі ұрып соғатын ойындар жатады. Ондайда, кейбір жағдайда екеуінің бірі өлімге ұшырауы да мүмкін.
Сол секілді нарда ойыны төрт мазһаб бойынша харам етілген. Оған дәлел ретінде мынадай хадис бар: «Кімде-кім нарда ойнаса, ол адам қолын шошқаның еті мен қанына малғанмен тең» (Мүслім; Мәлік; Ахмад). Әбу Дауд (р.а.) жеткізген хадисте: «Кім нарда ойнаса, ол Алла пен Оның елшісін тыңдамаған болады»,– делінген. Аталған ойын харам етілген үкімнің себебі – ойыншылар сәттілікке жүгінеді, ал бұл өз кезегінде жебелермен пал ашқандай болып табылады. Алла тағала қасиетті Құранда айтты: «Уа, иман келтірілген! Расында мас қылатын ішімдіктер, құмар ойындар, тас пұттары мен пал ашатын жебелер шайтанның лас іс-әрекеттерінен болып табылады. Одан аулақ болыңдар, мүмкін сендер құтыларсыңдар» («Әли Ғимран» сүресі, 90-аят).
Сонымен қатар, ақша тіккен бәйгелер мен жарыстар харамға жатады. Алайда, ақшаны үшінші жақ (мемлекет, ұйым, не жеке тұлға) тіксе, онда ол ойын рұқсат шеңберіне кіреді. Бірақ ғалымдардың көпшілігі сыйақы тігуді тек белгілі бір ойын түрлеріне ғана болатын пікірді қолдаған (Хашийат ад-Дусуқи. Т.2.532 б.). Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Сыйақы тігу тек ат пен түйе жарыстарында және садақ атуда ғана болады» (Әбу Дауд; ат-Тирмизи (хадис хасан); ан-Насаии. Абу Һурайрадан жеткен). Ал ханафи ғалымдары басқа жарыстарға да сыйақы тігуге болатындығын айтады. Сыйақы тігу жарысушыларды күштірек машықтануға және денесін шымыр да қуатты қылуға ынталандырады.
Елімізде спортпен шұғылданушы бауырларымыз көбейіп, халқымыздың еңсесін көтеріп, байрағын биік желбірететін спортшыларымызға Алла Тағала жеңісті нәсіп етуін тілеймін. Ұтыстары молынан, жарыстары жеңілінен түскей. Әмин!

 

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
«С.Ғылмани» мешітінің Бас имамы,
Астана қаласы
«Ислам және өркениет», №14, 2011 жыл

Return to Top ▲Return to Top ▲