Екінші хадис — Иман негіздері

Хадис жалғаса келе иманның негіздері турасында сөз қозғалды. Жоғарыдағы хадисте келгендей: Сонан соң ол: “Енді маған иман жайынан хабар берші”,-деді. Алла елшісі (с.а.с): “Иман дегеніміз-Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің”,-деді. Ол тағы да: “Сен рас айттың”-деді.[1]

Иманның бірінші шарты: Аллаға иман. Алла тағаланың адам баласына берген теңдесіз сыйы – ол иман. Алайда адам баласы Алланың бұл ерекше сыйын бағаламай, немқұрайлы қарап, өмірлерінде иман жемісі көрініс таппауда. Алла тағала құран кәрімде:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ آمَنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ ثُمَّ لَمْ يَرْتَابُوا وَجَاهَدُوا بِأَمْوَالِهِمْ وَأَنفُسِهِمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ ۚ أُولَـٰئِكَ هُمُ الصَّادِقُونَ

            Шын мәнінде сондай Аллаға, Елшісіне иман келтірген мүміндер, сосын күдіктенбей; Алла жолына малдары, әрі жандарымен жиһад жасады. Міне солар, шыншылдар.[2]

            Бұл аяттан түсінетініміз, егер адамның жүрегінде Алланың бар-жоқтығы мәселесінде күмән болса, онда ол иман келтірген болып саналмайды. Адам баласы Раббысын екі жолмен таниды: біріншісі – бақылау, екіншісі  дәлелдер арқылы. Көкірек көзі ашық адамдар айналасын бақылау, тамашалау арқылы әлемді бір жүйеге келтіріп тұрған жаратушы бар екенін біледі. Төменде түйсік дәлел арқылы Алланы тану жолдары көрсетілген.

Бірінші: Адамзат  тарихында, әлемнің барлық мәдениетінде, адамдар бір жаратушының барына сеніп өткен. Біреу осы адамдардың бәрі қателескен деп, сенімді түрде айта алмайды, өйткені әр кез Алла тағала пайғамбарларын (с.ғ.с) бір Аллаға иман сенімімен қауымдарға жіберіп отырған.

Екінші: Әлемнің күрделілігі, оның ерекше ұшқыр есеппен ойластырылуы, жаратылыстарды бір-біріне тәуелді қылып қоюы бір Жаратушының бар екеніне назар аудартады. Солардың бір мысалы:

  • Жердің нақты өлшемі бар. Жердің өлшемі мен тартылыс күшінің сәйкестігі, жер қабатының үстінен бар болғаны 50 миль (80,46 км) жайылатын, азот пен кислородтың жіңішке қабатын ұстап тұрады. Егер жер кішірек болған болса, онда Меркурий планетасындағыдай ауа қысымы болмайтын еді. Егер жер бұдан үлкен болса, онда ауа қысымы Юпитердегі сияқты еркін сутекті сақтайтын еді. Жер – бұл ауа қысымына толы, адамдар, жануарлар, өсімдіктер өмірін қолдау үшін, газдың қасиетті бөлігін сақтайтын, бізге белгілі жалғыз планета.
  • Жер күннен алыс қашықтықта орналасқан. Фаренгейттің шкаласы бойынша, қызудың түсуі 30-дан 120 градусқа дейін тербеледі. (Цельсияның шкаласы бойынша 34-49 градусқа дейін). Жердің күнге қатысты жағдайында болымсыз ауытқуы, жер бетіндегі өмірді жоқ етіп жібереді. Жер күнді сағатына 67000 миль жылдамдықпен айналып (107821 км), күннен тұрақты ара қашықтықты сақтап отырады. Сонымен ол шеңберінде айналып, жер қабатына күн сайын жылынуға және салқындауға мүмкіндік береді.
  • Айдың да, нақты өз өлшемі бар және осындай гравитациялық тартылыста жерден  қашық. Ай мұхит суларына қажетті төмендеу мен тасуларды реттеп тұрады, сонымен мұхит стагнацияға келмейді. Сонымен қоса ол көлемді теңіз массасының  континенттер бойынша тарауына кедергі жасайды.
  • Су…түссіз, дәмсіз және иіссіз зат. Онсыз ешбір тіршілік иесі өмір сүре алмайды. Өсімдік, жануар, адам дүниесінің көп бөлігі судан тұрады (адам ағзасының 2/3 бөлігін құрайды). Судың сипатының өмірге ауадай қажет екенін түсіндім. Судың температурасы ерекше жоғары. Су бізге температурадағы тұрақсыздық кезінде өмір сүруге мүмкіндік беріп, денеде үнемі 98.6 F (36.6 C) осы температураны ұстап тұрады.

Үшінші: Адамның жаратылысы, соның ішінде адам миының ерекше құрылысы. Адам миының  күрделі құрылысы осының артында тағы бір ақылды Жартушының тұрғанын дәлелдейді.  Адамның миы… бір мезгілде көптеген керемет хабарларды қабылдайды. Сіздің миыңыз, сіз көрген барлық түстер мен нысаналарды, қоршаған ортаның температурасын, еденді басқандағы қимылды, сіздің айналаңыздағы шуды, аузыңыздың құрғағанын қабылдайды. Сол кезде ми сіздің денеңізде жүріп жатқан процестерді, демалу, қастың қозғалысын, аштықты сезінуді, қолдарыңның бұлшық еттерінің қимылдауын бақылайды.
Адамның миы секундына миллиондаған хабарларды қабылдайды. Сіздің миыңыз барлық хабарлардың маңыздылығын тексереді, мағынасыздарын елеп шығарады. Әр секундта миллиондаған бірлік хабарларын қабылдайтын ми, бір мезгілде оның маңыздылығын бағалап, бізге дәл сол кезде ең маңыздысына сүйенуге мүмкіндік береді,…осындай керемет мүше жәй ғана кездейсоқтан пайда болды деп ойлайсыз ба?

Төртінші: Кездейсоқтық болу мүмкін емес. Көз алдыңызға Вашингтонның, Джефферсонның, Линкольнның, Теодор Рузвельттің Рашмор тауына ойып салынған бейнелерін елестетіңіз. Сіз осы бейнелердің онда кездейсоқ пайда болғанына сенер ме едіңіз? Белгісіз уақыт аралығында, желде, жаңбырда, қандай жағдайда болсын, мұндай тарихпен байланысты нәрсе, кездейсоқ тау жазығында пайда болғанына сену қиын. Бұл бейнелерді жоспарлап және шеберлікпен ойып жасаған деп біздің ішкі ойымыз айтады.
Бесінші: Үйлесімділік. Кез келген жаратылыстың өзіндік рөлі, мақсаты, адам үшін қызметі бар. Мысалы, торғай екеш торғай болмаса, егістік, дәнді дақылдарды құрт басып кетер еді, ал құрт өз кезегінде жерді қопсытып құнарландырады, өсімдіктердің ұрықтану процесіне атсалысады. Қысқасы, әр жаратылыстың өзіндік қызметі пайдасы бар.

Алтыншы: Кез келген үлкен-кіші, білімді-надан, күшті-әлсіз, бай-кедей қатты қысылтаяң жағдайда құдайға жалбарынып, одан көмек сұрайды.

Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз  Алланың бар екендігіне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар»[3],– деп нақты баян етілген. Және бір аятта Алла Тағала: «Жер мен көктің жаратушысы Алланың бар екендігіне күмәнданасыңдар ма[4] – деп бұлтартпас айғақпен ұғындырады.

Басқа бір аятта: «Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді»[5].

Алла тағала құран кәрімде: Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар, Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады. Оған, ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол, өте биік, аса зор.[6]

Иманның екінші шарты: Періштелерге иман.

Періштелерге иман – Ислам дініндегі иман негіздерінің бірі. Періштелер ғайыб әлемінен, яғни, бізге көмескі әлемнен болғандықтан, біз оларды көзбен көріп, ақылмен толық қамтып түсіне алмаймыз. Сондықтан, олар жайлы мағлұматты Құранның бізге жеткізген қасиетті аяттары мен Алла Елшісінің (с.а.у.) хадистері арқылы білеміз.[7]

Алла тағала Құран кәрімде: Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді.[8]

Періштелер Алла тағаланың ұлық жаратылыстарының бірі. Алла тағала оларды өзіне құлшылық жасау үшін, әмірлерін орындау үшін жаратты. Олардың санын, аттарын, қызметтерін тек Алла ғана біледі. Солардың ішінде ең атақтылары:

  • Жебрейіл (ғ.с) пайғамбарларға уахи жеткізуге міндетті.
  • Микаил (ғ.с) табиғат құбылыстарына, өсімдіктердің өсуіне жауапты.
  • Исрафил (ғ.с) қиямет күні сүр үрлеуші періште.
  • Әзраил (ғ.с) адамдардың жанын алуға міндеттелген. Бұл ұлы төрт періште.

Сол секілді тозақ, жәннәтта қызмет жасайтын періштелер, адамды қорғайтын, жаман амалы мен жақсы амалын жазушы, қабірде сұрақ алушы және т.б періштелер бар. Олардың кейбіреуі Құранда келсе енді біреуі хадистерде аталып кеткен. Соларға мысал Алла тағала Құран кәрімде: (10) Негізінен сендерге әлбетте бақылаушылар бар.(11) Ардақты жазушылар,(12) Олар не істегендеріңді біледі.[9]

Басқа бір аятта: 17) Оның оңынан да, солынан да екі байқаушы отырады.(18) Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын.[10]

            Бұл аяттарда адамның әр кез қасында амалдарын бақылаушы періштелер бар екендігі жайында айтылған.

Иманның үшінші шарты – кітаптарға иман.

Құран кәрімде баян етілген Алла тағаланың адамзатқа түсірген кітаптары:

  • Ибраһим (а.с)парақтары.
  • Муса пайғамбарға (а.с) – Таурат.
  • Дәуіт пайғамбарға (а.с) – Забур.
  • Иса пайғамбарға (а.с) – Інжіл.
  • Мухаммед пайғамбарға (с.а.у) – Құран кәрім.

Иманның төртінші шарты пайғамбарларға иман келтіру.[11]

Пай­ғам­бар­лар­ға иман – Ис­лам ді­нін­де­гі иман не­гіз­де­рі­нің бі­рі. Пай­ғам­бар­лар­ға иман ету – олар­дың Ұлы Жара­ту­шы та­ра­пы­нан ар­найы таң­да­лып, ел­ші етіп жі­бе­ріл­ген­дік­те­рі­не жә­не олар­дың жет­кіз­ген бар­лық ха­бар­ла­ры­на кү­дік­сіз се­ну де­ген сөз. Алла Та­ға­ла мұ­сыл­ман­дар­ға жер бе­ті­не ке­ліп-кет­кен бар­лық пай­ғам­бар­лар­ға иман ету­ді бұй­ыра­ды. Яғ­ни, Құ­ран­да аты ай­тыл­ған пай­ғам­бар­лар­дың кей­бі­реуіне иман етіп, кей­бі­реуіне сен­беуге қа­таң тый­ым са­лы­на­ды. Біз, мұ­сыл­ман­дар, өзі­міз­дің соң­ғы пай­ғам­бар Мұхаммед­тің (с.а.у.) Алла Та­ға­ла та­ра­пы­нан жі­бе­ріл­ген арнайы ел­ші еке­ні­не қа­лай иман келтір­сек, бас­қа пай­ғам­бар­лар­ға да дәл со­лай иман келтіре­міз.[12] Құранда  тек  25  пайғамбардың  есімі  ғана  аталады.   Өзге    пайғамбарлар жайында Құранда  Хазіреті Пайғамбарымызға:  «Расында  сенен  бұрын  да  елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін   баян  етпедік»[13]   делінген.  Осы  25 пайғамбардың 18-інің есімі «Әнғам» сүресінің 83-86 аяттарында кездессе, өзгелері басқа аяттарда аталады. Ендігі кезекте сол аяттарға назар салып көрелік:

«Ибраһимнің  еліне  байланысты  берген  дәлеліміз осы.  Қалағанымыздың  дәрежесін  көтереміз.  Күдіксіз Раббың  хикмет иесі, толық білуші. Және оған Исхақ, Яғқубты беріп,  барлығын тура жолға салдық. Бұрын Нұхты да тура жолға салып және оның ұрпақтарынан Дәуіт,  Сүлеймен,  Әйюб,  Юсуф,  Мұса  және  һарунға да  тура  жол  көрсеттік.  Игілік  істеушілерге  осындай сыйлық береміз. Және Зәкәрия, Яхя,  Иса және Иляс барлығы жақсылардан. Исмайл, Әляса, Юнус әрі Лұтты барлығын әлемге ардақты қылдық».[14]

«Негізінен Алла Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның жұрағатын әлемдерге ардақты қылды»[15]

«Ад еліне туыстары һудты жібердік»[16] 

«Самуд    еліне    туыстары    Салихті    жібердік» [17]

«Мәдиянға     туыстары     Шуғайбты      жібердік» [18]

«Исмайыл, Идрис, Зулкифлдерге де мәрхамет еткен едік. Солардың барлығы да сабырлы еді»[19]

«Мұхаммед (с.а.у.) сендерден ешкімнің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші» [20].

Енді Құранда аты аталған 25 пайғамбарға жеке-жеке қысқаша тоқтала кетейік:

  1. Хазіреті Адам (а.с.):Адамзаттың алғашқы атасы әрі  алғашқы пайғамбар. Алла Тағала оны жоқтан бар етіп, топырақтан жаратқан. Кейінірек оған серік әрі жұбай ретінде сол қабырғасынан Хазіреті Хауа ананы жаратты. Кітап ретінде Хазіреті Адамға (а.с.) 10 парақ түскен. Риуаят бойынша ол араб түбегінде 930 жыл өмір сүрген екен.
  2.  Хазіреті  Идрис  (а.с.):  Хазіреті  Адамнан  (а.с.)

кейін Құранда аты аталатын пайғамбар. Хазіреті Идриске (а.с.) байланысты Құранда төрт аят бар. Оған 30 парақтан тұратын  кітап  түскен. Адамзат тарихында ол алғашқы садақ атуды, тігін тігіп, жазу жазуды бастаған адам ретінде мәлім. 360 жыл өмір  сүргендігі жайында риуаяттар бар.

  1. Хазіреті Нұх (а.с.):Хазіреті Адам (а.с.) дүниеден өткен соң, адамдар уақыт өте келе хақ діннен шығып, жасанды  пұттарға табынуға көшті. Оларды таухид сеніміне, хақ дінге  шақыру үшін Алла Хазіреті Нұхты елші етіп жібереді. Хазіреті Нұхтың айтқанына құлақ аспаған қауымына Алла Тағала жаза ретінде топан суды тоғытып, жаңа нәсіл шығарады. Хазіреті Нұхтың өмір сүру мерзімі 950 жылға созылған.
  2. Хазіреті     Һуд     (а.с.):    Йеменнің    Хадрамут аймағындағы Ахкаф деп аталатын жерде өмір сүрген. Ад қауымына пайғамбар етіп жіберілген. Ад қауымы топан судан кейін жолдан тайғандардың бірі болатын. Хазіреті Һуд (а.с.) қауымын хақ дінге шақыру барысында көптеген мұғжиза көрсеткенімен одан ешқандай нәтиже шықпайды. Қауымы иман  етуден бас тартқандықтан Алланың азабына ұшырап, қатарынан жеті-сегіз күндей алапат дауыл соғып, қауымы бақилық болады. Һуд (а.с.) 150 жыл өмір сүрген.
  3. Хазіреті Салих (а.с.):Шам мен Хижаз өлкесі арасында ғұмыр кешкен Самуд қауымына жіберілді. Хазіреті Салих  қауымына насихат айтып, тура жолға бет бұруға шақырды.   Самудтықтардың кейбірі иман    еткенімен басым көпшілігі дінге мойын бұрмады. Тіпті сенбегенімен қоймай Хазіреті Салихтің жартас арасынан мұғжиза ретінде   шығарған  түйесін  өлтіріп,  Алла  Тағаланың  қаһарына ұшырады. Осындай азғындықтарының ақыры оларды жер қойнауына кетіп, жойылуларына себеп болды.
  4. Хазіреті Ибраһим(а.с.):Ең ұлық пайғамбарлардың бірі. Кішкентай сәбилік шағында-ақ Алланың бар екенін сезіп,  Оны   айға,  күнге,  жұлдыздарға  қарап  іздеген. Хазіреті  Ибраһим   Вавилон  патшалығының  гүлденген дәуірінде елшілік қызметпен жіберілген. Ол Вавилон патшасы Намрутты иманға шақырады. Ал Намруд болса, оған зәредей де құлақ аспай, оны тау болып лаулап жанған отқа лақтыртады.  Сонда  Құдайдың  құдіретімен  жалындаған аптап от сап-салқын болады да, Ибраһимге ешқандай да әсер етпейді. Хазіреті Ибраһим «Халилуллаһ» деген лақап атымен де танымал. Ол ұлы Исмайыл екеуі Қағбаны салады.
  5. Хазіреті Лұт (а.с):Хазіреті Ибраһимнің жиені, жас  кезінде көкесі Хазіреті Ибраһимге иман еткен. Лұт пайғамбар  жаңа бір шариғат әкелген жоқ. Ол негізінен Хазіреті  Ибраһимнің    шариғатымен амал етті.  Лұт пайғамбардың        қауымы аса  жиіркенішті    жыныстық құмарлықтармен  атағы  шығып,  осы  азғындықтарының кесірінен Алла Тағаланың қаһарына ұшырап, өмірлерімен қош айтысқан.
  6. Хазіреті Исмайыл (а.с.):Хазіреті Ибраһимнің (а.с.) Хажар есімді әйелінен дүниеге келген тұңғыш перзенті. Хазіреті  Ибраһим  бәйбішесі  Сараның  қызғанышынан, Алладан  келген   әмір  бойынша,  ұлы  Исмайыл  мен анасы  Хажарды  Меккеге   әкеледі.  Бала  Исмайылдың құрғақшылық кезде жерді теуіп  Зәмзәм суы шығарған кереметі баршаға мәлім. Исмайыл өсе келе әкесінің Хаққа берген уәдесіне байланысты құрбандыққа шалынбақ болады. Осылайша Хазіреті Ибраһим Алланың сынағынан елшіге  тән  қасиетпен  сәтті  өтеді.  Хазіреті  Ибраһимге Алланың  әмірімен   ұлының   орнына   жәннаттан   көк қошқар түсіріліп, құрбандыққа шалынады.
  7. Хазіреті   Исхақ   (а.с.):   Хазіреті   Ибраһимнің бәйбішесі  Сара  анамыз  көрген  ұлы.  Хазіреті  Исхақ Алланың  Хазіреті  Ибраһимге  қартайғанда  сыйлаған перзенті  еді. Хазіреті Исхақ әкесі Ибраһимнің көзі тірісінде Ұлы  жаратушымыздың қалауымен Шам халқына пайғамбар етіп жіберіледі.
  8. Хазіреті Яқуб (а.с.):Хазіреті Исхақ пайғамбардың ұлы,   Юсуф  пайғамбардың  әкесі.  Сүйікті  ұлы  Юсуфты жоғалтып алған соң жылаудан екі жанарынан бірдей айрылып,  зағиптік   халге  жетеді.  Юсуфтың  бауырлары Мысыр елінде Юсуфты  кездестіріп, оның көйлегін әкелеріне  әкеліп  бергенде,  әкелері  ұлының  көйлегімен көзін сүрткенде жанарына нұр бітіп, жарық дүниені қайта көреді. Ол Палестинаның солтүстік аймағына пайғамбар болып жіберілген болатын. Хазіреті Яқуб пайғамбардың екінші есімі Исрайл еді. Сол себепті Ибранилерді Исрайл ұлдары деп те атайды.
  9. Хазіреті Юсуф (а.с.):Яқуб пайғамбардың (а.с.) аса  сүйікті ұлы. Бауырлары оны әкелерінен қызғанып, өлтірмек болып құдыққа тастайды. Алайда, құдықтан су алмақ болған  керуеншілер оны шығарып алып, Мысыр еліне апарады да  сатып жібереді. Кейінірек Мысырдың қазына  басы,  одан  соң   патшасы  болып,  бауырларын Мысырға әкелдірген.
  10. Хазіреті шұғайб (а.с.):Пұтқа табынушы Мәдян қауымына пайғамбар етіп жіберілген. Мәдян халқы оның айтқан  үгіт-насихатына құлақ аспай өз білгендерін жасаудан  тайынбағандықтан,  Алла  оларды  зілзала  апатымен жойып  жіберді. Ал Шұғайб және оған иман келтірушілер бұл апаттан аман қалды. Хазіреті Мұса Шұғайб пайғамбарға  10  жылдай   қызмет  ету  шартымен  оның қызына үйленеді.
  11.  Хазіреті   Мұса   (а.с.):   Ферғауын   түс   көріп, Исрайл    ұлдарының     келешекте  басына    бәле  болып жабысатындығынан шошынып, дүниеге келген ер баланың бәрін көзін жоюға әмір береді. Хазіреті Мұсаны осындай сәтте дүниеге келген. Анасы оның ферғауын жендеттерінің қолына түсуінен  қорқып, Алланың аянымен сандыққа жөргектеп салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Өзендегі ағып  бара  жатқан  сандықты  Ферғаунның  әйелі  алдырып, ішіндегі сәби Мұсаны өзіне бала етіп асырап алады. Алланың   құдіретімен   Хазіреті  Мұса   Ферғауынның сарайында  ер  жетіп,  Мысыр  еліне  пайғамбар  ретінде жіберіледі. Ақырында ол Исрайл ұрпақтарын б.э.д. 1250 жылдары шамасында Мысыр елінен алып шығады.
  12. Хазіреті Харун (а.с.):Хазіреті Мұсаның туған ағасы. Ол өте шешен болған Хазіреті Мұсаның  елшілік қызметіне жәрдем еткен.
  13. Хазіреті Дәуіт (а.с.):Б.э.д. Х. ғасырда өмір сүрген Дәуіт пайғамбар балалық шағын шопандықпен өткізген. Оған қасиетті кітаптардың бірі Забур кітабы түскен. Ол Забурді  ерекше сұлу мақамға салып, қайталанбас әуен үйлесімділігімен оқитын болады. Дәуіт (а.с.) б.э.д. 1013-973 жылдар аралығында 40 жыл бойы әрі пайғамбар, әрі патша болып дүниеден өткен.
  14. Хазіреті    Сүлеймен    (а.с.):   Хазіреті    Дәуіт пайғамбардың ұлы және әкесі секілді патшалық құрып, кейінірек пайғамбар болған. Сүлеймен пайғамбар жастайынан  өте  алғыр болып өседі. Бүкіл жан-жануарлардың тілін білді. Тіпті, Алланың әмірімен жындар оның әміріне бағынды.
  15. Хазіреті Әйюб (а.с.):Хазіреті Әйюб пайғамбар Шам маңында өмір сүрген адамдарға елші болған. Аллаһ Тағала  сүйікті құлы Әйюбтің денесін құрттатып дертке ұшыратады. Мұндай жағдайда да ол сабырлықтың шыңын бағындыру арқылы дертінен айығады.
  16.  Хазіреті  Зулкифл  (а.с.):  Хазіреті  Әлиасаның немере  ағасының  ұлы  және  сол  кісіден  кейін  Исрайл ұлдарына   жіберілген       пайғамбар.  Хазіреті  Мұсаның шариғатымен амал еткен, адамдарға Тауратты уағыздап, Шам өлкесінде дүниеден өткен.
  17. Хазіреті Юнус (а.с.):Ассирия патшалығының орталығы болған Нинова халқын хақ дінге шақырушы. Нинова халқы 33 жыл бойы оның үгіт-насихатына құлақ аспаған соң, Алланың әмірінсіз Нинова қаласын тәрк етіп, соңынан осы қателігі үшін Аллаға шынайы түрде тәубе етеді. Алла Тағала тәубесін қабыл еткен. Нинова халқы Хазіреті Юнусты тыңдамай  ақырында Алланың   азабы таянғанда жаппай тәубе етуді бастайды. Алла олардың да тәубесін қабыл етеді. Хазіреті Юнус елін тастап кеткен соң, жолда ол теңізге тасталып, онда оны алып кит жұтып қойып, ақырында Алланың құдіретімен дін-аман жерге қайта шығады.
  18. Хазіреті Илияс (а.с.):Исрайыл ұрпақтарына жіберілген елші. Яһудилер әдеттегідей оған да иман етпей айтқан  үгіт-насихаттарын тыңдамай, керісінше оны ел- жұртынан  қуып  шығады.  Осы  әрекеттері  үшін  Алла яһудилерді ашаршылыққа ұшыратады.
  19. Хазіреті Әлиаса (а.с.):Яһудилер бейне бір пайғамбарлардың үгіт-насихатын тыңдау өздеріне харам етілгендей  ешбір  елшіге  құлақ  аспады.  Тіпті  Хазіреті Мұсаның шариғатын да тәрк етті. Ескерусіз қалған пайғамбарлардың бірі Хазіреті Әлиаса еді. Ол ғұмырының соңына дейін яһудилерді хақ дінге шақырумен өтті.
  20. Хазіреті     Зәкәрия     (а.с.):    Хазіреті     Яхя пайғамбардың  әкесі.  Хазіреті  Мәриям  ананың  жездесі. Хазіреті   Зәкәрия  да  яһудилерге  жіберілген  елші  еді. Хазіреті Мәриям  ана Алланың әмірімен Хазіреті Исаға жүкті болып, дүниеге әкесіз бала әкеледі. Бірақ яһудилер Алланың бұл мұғжизасына  сенбей Хазіреті Зәкәрияны Хазіреті Мәрияммен көңілдес болды  деген айып тағып, ақырында 100 жастағы Зәкәрияны (а.с.) арамен кескілеп, шәһит етеді.
  21. Хазіреті Яхя (а.с.):Хазіреті Зәкәрия пайғамбардың қартайған шағында көрген перзенті. «Өліден тірі шықты» деген  мағынаға келетін оның есімін Алла Тағала қояды. Себебі, қартайғанда перзентті болу екі талай жағдай болатын. Алайда, Алланың әмірімен дүниеге Хазіреті Яхя келеді. Жастайынан пайғамбар болып, алғашында Хазіреті Мұсаның шариғатымен  амал етті. Сол кезеңде Хазіреті Иса  пайғамбар  жаңа  шариғатпен  келген  соң,  кейіннен соның жолымен жүрді. Яһудилер Хазіреті Яхяны да әкесі секілді жастай шәһит етті.
  22. Хазіреті  Иса  (а.с.):  Алланың  бір  мұғжизасы ретінде  әкесіз  дүниеге  келеді.  30  жасында  пайғамбар болып,  яһудилерді  жалғыз  Жаратушыға  ғибадат  етуге шақырады.   Інжіл   кітабымен   жаңа   шариғат   әкеледі. Пайғамбарлығының   мұғжизасы    ретінде  өлі       жанды тірілткен, балшықтан құс жасап оған жан берген, зағип жандардың көзіне нұр сыйлап, көктен дастархан түсірген.

33 жасында Хазіреті Исаны (а.с.) Алла Тағала көкке алдырады.

  1.  Хазіреті   Мұхаммед   (с.а.у.):   Адамзатқа   жіберілген соңғы пайғамбар. Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) қасиетті Құран Кәрім түсірілген және ол ең соңғы иләһи заңдылықтардың  жиынтығы  болып  табылады.  Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) 610 – жылы 40 жасында пайғамбарлық ұлық  міндет жүктеліп, 632 – жылы 63 жасында Алла Тағаланың әмірімен бұл дүниеден озады.

Иманның бесінші шарты – тағдырға иман.

Әһлу сунна уәл жамаға ақида сенімінің негіздерінің бірі – тағдырға иман. Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбарак хадисінде: (Тағдырда жаман мен жақсылық Алладан деп иман келтіру)[21], делінген. Адамның бақытты бақытсыз болуы, бай кедей болуы, мұсылман кәпір болуы барлығы тағдыр кітапшасы «ләухул махфузда» жазулы. Алла тағала Құран кәрімде:
﴿ مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ فِي الأَرْضِ وَلاَ فِي أَنفُسِكُمْ إِلاَّ فِي كِتَابٍ مِّن قَبْلِ أَن نَّبْرَأَهَا إِنَّ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِير لِكَيْلاَ تَأْسَوْا عَلَى مَا فَاتَكُمْ وَلاَ تَفْرَحُوا بِمَا آتَاكُمْ وَاللَّهُ لاَ يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُور 

            Жер жүзінде пайда болған және өздерің пайда болған бейнеттер, біз жаратудан бұрын -ақ Ләухул-махфузда жазулы. Мұның Аллаға оңай екені даусыз. (Алла тағаланың бұларды жазуы ) қолдан кеткенге қайғырмауларың (Алланың) аса қуанбауларың, үшін Алла тәкәппа, мақтаншақтарды ұнатпайды. [22]

            Адамда таңдау құқығы бар. Алла тағала ерекше білім иесі, құлдары жайында толық білуші болғандықтан олардың не таңдау жасайтынын алдын ала біліп, тағдыр кітапшасына жазады.

            Тағдырға иман етудің пайдалары:

1.Кез келген бейнетке сабыр ету арқылы оны қайырлы нәрсемен ауыстыратынына иман келтіру оған риза болу. Алла тағала құран кәрімде:

﴿ مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلاَّ بِإِذْنِ اللَّهِ وَمَن يُؤْمِن بِاللَّهِ يَهْدِ قَلْبَهُ وَاللَّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيم  

Басқа келген пәлеқаза Алланың бұйрығынсыз болмайды. Кім-кім Аллаға (қандай бір сәтсіздік Алланың бұйрығымен болатынына) сенсе, Алла оның ділін дұрыстайды. Алла барлық нәрсені толық білуші.[23] Бұл аяттың тәпсірі жайында атақты ғалым Ибн Кәсир: «Кез келген қиыншылықта Алланың тағдыры екенін біліп, сабыр етсе оның есесіне тура жол нәсіп етеді», деді.

2.Жүрек тыныштығы. Өйткені тағдырға иман келтірмейтін адам қиыншылықтың себебін, айналасынан, өзінен көріп жүрегі дамыл таппайды. Шынайы мұсылмандар қиыншылықтарда айналасынан көрмей керісінше, сол қиыншылықтан шығудың жолын іздестіріп, Аллаға тәуекел етеді. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ قُل لَّن يُصِيبَنَا إِلاَّ مَا كَتَبَ اللّهُ لَنَا هُوَ مَوْلاَنَا وَعَلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُون 

(Ей, Мұхаммед!) Бізге тек Алланың жазғаны ғана келеді. Алла біздің иеміз. Мүміндер Аллаға тәуекел етсін! де [24].

  1. Ерекше сауапқа кенеледі. Алланың сынақтарына сабар еткен деген Алла тағала ерекше сый дайындаған олар Алланың мейірімде, тура жорлында болады. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِين * الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُواْ إِنَّا لِلّهِ وَإِنَّـا إِلَيْهِ رَاجِعون * أُولَئِكَ عَلَيْهِمْ صَلَوَاتٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَرَحْمَةٌ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُهْتَدُون 

Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабырлық қылғандарды қуандырып қой. Бастары пәлеге душар болғанда оларға: «біз барлығымыз Алланың иелігіндеміз және сөзсіз оның алдына барамыз» деп айт. [25]

  1. Кемелділік. Алланың тағдырына сабыр еткендерге Алла тағала кемелділікті нәсіп етеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбарак хадисінде: (Алланың тағдырда жазғанына сабырлық таныт, адамдардың ішінде ең кемелдісі боласың)[26]
  2. Бүкіл адамзат жиналып қастандық ойласа, Алланың қалауынсыз жүзеге аспайды. Пайғамбарымыз өзінің мүбарак хадисінде:

«إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلْ اللَّهَ وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللهِ، وَاعْلَمْ أَنَّ الْأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللَّهُ لَكَ، وَلَوْ اجْتَمَعُوا عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللَّهُ عَلَيْكَ، رُفِعَتِ الْأَقْلَامُ، وَجَفَّتِ الصُّحُفُ

Егер сұрасаң тек Алладан ғана сұра, егер жәрдем тілесең тек Алладан тіле, егер бүкіл үммет саған пайдалы іс қылғысы келсе, тек Алланың қалауымен ғана істей алады және егер бүкіл үммет саған бір зиян іс қаласа, тек Алланың қалуымен ғана жүзеге асады. Тағдыр кітапшасы жабылып, іс жүзінде орындалды.[27]

Иманның алтыншы шарты – ақырет күніне иман. Иман шарттарының ең соңғысы ақырет күніне иман келтіру. Ақырет күнінің немесе ақырзаманның болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бұл мәселе соңғы онжылдықта көпшілікті алаңдатқан жағдай.

«Ақырет» сөзі  соңғы деген ұғымды білдіреді, яғни дүние тіршілігінің соңғы уақытын, біткенін білдіретін діни термин. Қиямет дүние тіршілігінің бітуі, яки бітуіне жақын қалуын білдірсе, ақырзаман қияметтің жақындауы деген сөз. Қиямет қайым – Исрафилдің (ғ.с.) бірінші рет Сурға үрлеуімен басталып, екінші Сурға үріліп, Алланың құзырына барғанға дейінгі аралықты қамтитын кезең. Қиямет қайымның қалай болатындығын баян еткен аят пен хадистер өте көп. Бірақ қашан болатындығы беймәлім, оны тек Алла біледі. Ақырет күні болса, Исрафилдің (а.с.) екінші рет Сурға үрлеуімен басталған қайта тірілу, Алланың құзырында есеп беру, жәннәт пен жәһәннамдағы орындарына бару мен ондағы өмірдің басталуына дейінгі кезең екендігі ислами танымға байланысты еңбектерде келтіріледі. Алла тағала Құран кәрімде:(Кім Аллаға, ақырет күніне иман ететін болса және ізгі амал жасаса, оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды)[28]. Басқа бір аятта: «Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелеріне, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе, міне, солар – шыншылдар әрі тақуалар»[29].

Пайғамбарымыз (с.а.у.)  хадистерінде: «Қиямет күні Алла Тағала аудармашысыз сіздердің әрбіреуіңізбен міндетті түрде сөйлеседі. Сол кезде адам оңына қарайды, сонда дүниеде жасаған амалының пайдасын көреді. Сол жағына қарайды, ол кезде де жасаған амалынан басқасын көре алмайды. Алдына қарағанда, дәл алдында жәһәннамнан басқасын көре алмайды. Олай болса, бір құрманың жартысын болса да, садақа ету арқылы өздеріңді тозақтан сақтаңыздар».[30]

Кімде-кім ақыретке сенбесе, иман етпеген болып саналады, өйткені ақыреттің барлығын бүкіл пайғамбарлар қауымдарына айтып өткен. Құран аятында: «Кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса,  сонда тым ұзақ адасты[31]– деп келтіреді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақырет мәселесі дініміздегі сенімнің негізгі тірегі болып саналады. Құран сүрелерінің басым көпшілігі ақыреттік өмір заңдылықтарына ұдайы сілтеме жасап өтеді. Ақыреттегі ахуалдың қалай болатындығын анық түрде баян етіп, түрлі мысалдармен келтіреді. Мұндағы мақсат – пенденің о дүниелік өмірге бұ дүниеден дайындап, жауапкершілік сезімді санасына құю. Құран аяттарына зер салып қараған кезде, ақырет күнін түрлі атаулармен атап, оның соншалықты маңызды екендігін нақыштап келтіреді.

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

[1] Муслим хадистер жинағы

[2] Хужурат сүресі, 15-аят

[3] «Әли Имран» сүресі, 190-аят

[4] «Ибраһим» сүресі, 10-аят

[5] Шура сүресі, 29-аят

[6] Бақара сүресі, 255-аят

[7] http://muslim.kz/kk/article/362-perishtelerge-iman.html

[8] Бақара сүресі, 285-аят

[9] Инфитар сүресі, 8-10 аяттар

[10] Қаф сүресі, 17-18 аяттар.

[11] Иманның бұл тармағы төмендегі сілтемедегі еңбек қолданылды: http://www.aqmeshit.kz/viii-b-lim/5-paj-ambarlardy-sany-zh-ne-randa-aty-atal-an-paj-ambarlar.html

[12] http://muslim.kz/kk/article/119-paigambardyn-barine-iman-ettik.html

[13] Ғафир сүресі, 78-аят.

[14] Анғам сүресі, 83-86 аяттар.

[15] Имран сүресі, 33-аят.

[16] Ағраф сүресі, 65-аят.

[17] Һуд сүресі, 61-аят.

[18] Һуд сүресі, 84-аят.

[19] Әнбия сүресі, 85-аят.

[20] Әхзаб сүресі, 40-аят.

[21] Муслим хадистер жинағы

[22] Хадид сүресі, 22-23 аят.

[23] Тағабун сүресі, 11-аят

[24] Тәубе сүресі, 51-аят

[25] Бақара сүресі  156-157 аяттар

[26] Тирмизи хадистер жинағы

[27] Тирмизи хадистер жинағы

[28] «Бақара» сүресі, 62-аят

[29] Бақара» сүресі,177-аят

[30] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[31] «Ниса» сүресі, 136-аят

 

Return to Top ▲Return to Top ▲