СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлының төрағалығымен Рамазан айы қарсаңында жиын ұйымдастырылып, оған қала және аудан имамдары қатысты. Басқосуда өңірдің бас имамы Рамазан айының басталуы, Қадір түні және Ораза айт күндері жайлы баяндады.
Биыл Рамазан айы 3 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. 2 мамыр – Ораза айт күні. 28 сәуірден 29 сәуірге қараған түн – Қадір түні. Сондай-ақ, жиын барысында бас имам ҚМДБ Төрғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Рамазан айы қарсаңында өткен Төралқа мәжілісінде қаралған мәселелер мен соңғы шыққан пәтуаларды ортаға салды.
Сонымен қатар, Бас мүфтидің Рамазан айында атқарылатын іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асыруға бағытталған үндеуін түсіндіріп, аудан имамдарына бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, мешітке, көпшілік-қоғамдық орындарға, көшелерге «Ораза қабыл болсын!», «Рамазан айы құтты болсын!» деген атаумен бірегей құттықтау баннер мен плакаттар ілу, оразаға қатысты ҚМДБ ұстанымдары мен пәтуаларын кеңінен насихаттау, сұрақтарға жауап беру, қайырымдылық шараларды ұйымдастыру сынды мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Мұнымен қоса, Хамзат Қажымұратұлы Рамазан айында өтетін шаралар кезінде карантиндік талаптарды сақтауға, қала мешіттеріндегі тазалыққа жіті мән беруге шақырды.