БАС МҮФТИ «ҚУМ САХАБА» МЕШІТІНІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО

Жаңақорған кентінде «Қум сахаба» мешітінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы және ел ағалары мен жергілікті жамағат қатысты.

Рухани шараның шымылдығын түрген облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат қажы Омаров Құран оқып, бабалар рухына дұға бағыштады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мешіт салудың мол сауапқа кенелтетінін жеткізіп, «Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Кім Алланың дидарын қалап, оның жердегі үйін тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» деп, мешіт салудың сауабы жәннат боларына уәде етті.  Тағы бір хадисте «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» делінген. Осындай ұлы сауаптарға септігі тиген барша азаматтарға Алла жақсылықтар жазғай» деп, ақ тілегін білдірді.

Сөз соңында бас мүфти «Қум сахаба» мешітінің бас имамы Ержан Сейтжаппаровқа қасиетті Құран Кәрім кітабы мен аят жазылған арнайы естелік суретті табыстады.

Мұнан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтбембет: «Мешіт – имандылықтың ордасы. Санаңа сансыз сәуле себетін, көкірек көзіңе ізгілікті кіргізетін имандылық үйі. Тәуелсіздік алған бойда ата дінді істеп тауып, шариғатпен өмірін өрнектей бастады. Міне, соның айғағы осы Алла үйі. Бүгін аудан орталығынан ашылып жатқан мешіттен келешегі иманды жас ұрпақтар  тәрбиеленіп шығады деген сенім мол», – деді.

Салтанатты шарада қасиетті  құлшылық үйінің лентасы қиылып, жиылған жамағат намаз оқып, мешіттің ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Бір мезетте 400-ге жуық адамның құлшылық жасауына қолайлы жаңа мешіт 4 айда тұрғызылған.

kazislam.kz

 

 

Return to Top ▲Return to Top ▲