1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі. Бұл мереке Солтүстік Қазақстан облысы «Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты» мекемесінде мерекелік жиыннан басталып, баспананың дарынды оқушылары арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Айта кетерлік жайт, мектеп-интернаты оқушыларының спортқа деген құлшыныстары өте жоғары және республика бойынша түрлі вокалдық, би сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Осы мерекеге орай облыстық «Қызылжар» орталық мешіті, Қажылар қауымдастығы, сондай-ақ қайырымды жандар Балтабаевтар отбасысы бірлесе отырып, аталмыш интернаттың балаларына арнап мерекелік дастархан әзірледі. Сонымен қатар балаларға қажетті киім-кешектер тарту етті.
Мерекелік шара барысында ән-шашу болып, балалар қазақтың қара домбырасымен күйлер де орындады.
Бүгінгі мерекеде балаларға жақсы көңіл-күй сыйлаған қайырымды жандар көп болсын деп тілейміз.
Облыстық «Қызылжар» орталық
мешітінің баспасөз қызметі