Темекіні тастағандарға телефон берді

Аймақтық «Темекіні таста да, жеңіп ал» бәйгесі Алматы қаласында да мәресіне жетті. Бұған дейін еліміздің әр аймағында ерік-жігері жеңіске жетіп, жаман әдеттен тыйылғандар түрлі сый-сияпат алып келсе, алматылықтарға ұялы телефондар табысталды.
Қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәлімдеуінше, бәйгеге үміткер болып, 200-ден аса шылымқор тіркелсе, бәйге мәресіне дейін 25-і ғана жетіпті. Бұл – әлі де болса, қала тұрғындарының шылымның шырмауынан оңай құтыла алмайтынын көрсеткендей. Ал жігерлі «жиырма бестің» талапты қалай орындағанын денсаулық сақшылары арнайы тесттік құрылғымен тексерді. Бұл техника адамның өкпесіндегі көмірқышқыл газының мөлшері арқылы оның қай уақыттан бері темекі тартқан-тартпағанын анықтап береді.
Жүлдегерлер телефон алып мәз болса, бәрінің ішінде бағы жанған – 42 жастағы қала тұрғыны Эльзара Ысқақова болды. Ол соңғы 20 жыл бойы шылым тартып, тек бала көтеріп, оны омырау сүтімен тамақтандырған уақытта ғана темекіден тыйылған екен. Енді міне, Алматы қаласының атынан республикалық бәйгеде бағын сынайтын болып отыр.
– Бәйгеден бұрын, темекі тастағалы бері терімнің түсі мен түрі өзгеріп, өзімді жасарып кеткендей сезініп жүрмін. Ескі әдетіме енді ешқашан қайта оралмаспын, – дейді бәйге жеңімпазы.

Нұрболат АМАНЖОЛ

aikyn.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲