ОРАЗАНЫҢ ІШКІ СЫРЛАРЫ

Мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!

Аллаһ тағаланың кемелдігінің айқын нышаны ешбір жаратылысты тектен-тек жаратпаған сондай-ақ шариғаттағы Аллаһтың жүктеген амалдарының барлығы ұлы иләһи хикметтен туындайды. Оны жүрегі ояу көзі ашық жандар түсініп, ғибрат алса надандар бұл әмірдің не үшін жүктелгенін түсінбейді. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

)وَمَا خَلَقْنَا السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَا لاعِبِينَ * مَا خَلَقْنَاهُمَا إِلاَّ بِالحَقِّ وَلَكِنَّ أَكْثَرَهُمْ لا يَعْلَمُونَ(

((38) Көктерді де, жерді де әрі екі арасындағы нәрселерді де ойыншық қып жаратпадық.(39) Екеуін ақиқат бойынша жараттық. Бірақ олардың көбі білмейді.)[1]

         Ораза – адам үшін рухани шипа. Адам ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, қартаймай тұрып жастықтың қадірін түсінбегендей ораза ұстамайынша Аллаһтың беріп жатқан сансыз нығметтерінің қадірін жете түсінбейді. Ораза арқылы нәпсі диетаға көндігеді. Рухани өсіп, тақуалық артады. Жаратқанның бұйырған әмірлеріне бас июді үйренеді. Басқа құлшылықтарға намаз, зекет, қажылықта рия араласуы мүмкін болса оразада адам олай жасай алмайды, ол тек шынайы Аллаһ үшін ғана болады. Аллаһ тағала қасиетті Құранда Құран кәрімде ораза ұстаудың сауабы жайында:(( إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ ))

 

(Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады» деп айт)[2], деген.

Аллаһ тағала өзінің құдси хадисінде былай дейді:

(( كُلُّ حَسَنَةٍ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِ مِائَةِ ضِعْفٍ، وَالصَّوْمُ لِي، وَأَنَا أَجْزِي بِهِ ))
        «Әрбір жақсылыққа 10 еседен 700 есеге дейін сауаб беріледі. Бірақ ораза маған тән ғибадат, оның сыйапатын мен беремін»[3]Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбәрак хадисінде:
(( إِنَّ فِي الْجَنَّةِ بَابًا يُقَالُ لَهُ الرَّيَّانُ يَدْخُلُ مِنْهُ الصَّائِمُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ يُقَالُ أَيْنَ الصَّائِمُونَ فَيَقُومُونَ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ فَإِذَا دَخَلُوا أُغْلِقَ فَلَمْ يَدْخُلْ مِنْهُ أَحَدٌ ))

«Шынында, Жәннатта «Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза тұтушылар ғана кіреді, және олардан басқа ол қақпадан ешкім кірмейді. «Ораза тұтушыларқайда?» — деп айтылады, сонда олар алдыға шығады, және олардан басқа ол қақпадан ешкім өтпейді. Олар кіргеннен соң олқақпа жабылады да, одан, басқа ешкім кірмейді»[4].

Дегенмен, ораза ұстаушы адамның оразаны қалай ұстағанына байланысты деңгейлері үш түрлі болады. Бірінші деңгейдегі адамдар таңның атысы күннің батысы тек тек ішіп-жеумен, төсек қатынасынан тыйылумен шектелсе, екінші деңгейдегі адамдар дене мүшелермен жасайтын  күнәлардан шектеледі олар құлағымен өсек-өтірік тыңдамайды, көзімен харам нәрселерге қарамайды, тілімен балағаттамайды, қолымен тек Аллаһтың бұйырған несібесін теріп, аяғымен тек бұйырған жеріне барады. Үшінші деңгейдегі адамдар ол жүрегімен ораза ұстайтын адамдар, мұндай адамдар дүниелік ойлардан арылған барлық құлшылығын тек бір Аллаһтың разылығына арнаған жандар ондай адамдар қиямен күні пайғамбарлармен, сыншылдармен, Аллаһтың жақын пенделердің қатарында болады. Осы деңгейлерді жеке-жеке саралайтын болсақ, бірінші деңгейдегі адамдар тек тамақтан төсек қатынасынан тыйылған адамдар Аллаһ тағала олардың ниеттеріне байланысты еселерін береді. Аллаһ елшісінің (с.а.с): “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі[5]», деген хадисі бар. Демек, кімде-кім ару мақсатында ораза  ұстаса, Аллаһ тағала сол ниетіне қарай мақсатына жеткізеді. Бұндай мақсатты ұстаған адамдар Аллаһтың сауабына кенелмейді, өйткені оның ниеті Аллаһтың разылығы болмады.  Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде:

من لم يدع قول الزور والعمل به فليس لله حاجة في أن يدع طعامه وشرابه

Кімде-кім ораза кезінде жалған сөйлеуін доғармаса, Аллаһ тағалаға оның тамағынан, шарабынан тыйылғанынан қажеті жоқ.[6]

Екінші деңгейіне келер болсақ олар сыртқы дене мүшелерін харамнан тыйғандар. Аллаһ тағала Құранда:

وَاللَّهُ أَخْرَجَكُم مِّن بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْئًا وَجَعَلَ لَكُمُ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ ۙ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

 «Аллаһ тағала сендерді аналарыңның ішінен еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкірлік етерсіңдер!»[7]  Оларға жеке-жеке тоқталар болсақ:

1-  Көз.  Адам баласы көзінің көру қабілеті жақсы кезінде көбінесе бұл өзіне берілген ұлы сыйдың қадірі туралы ойланып та жатпайды. Көру қабілетінің арқасында адам әлемді көріп, нәпақасын тауып, білім алады. Бірақ, көбіне бұл сыйды басқа бір нәрселерге, тыйым салынған істерге, нәпсіқұмарлыққа пайдаланады. Ораза ұстаушылардың бұл деңгейі жанарларын ораза кезінде харам суреттерден, арсыз кинолардан біреудің харам жеріне көз салудан,  сақтанғандар. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

 

قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ

(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы.[8]). Бұл Құран аятының мағынаса туыстық қатынасы жоқ бөгде әйел мен бөгде еркек бір бөлмеде жеке қалуға шарғатта тыйым салынған сол секілді әурет жерлеріне де қарауға болмайды.

2- Тіл. Аллаһ Тағаланың адам баласына берген шексіз сыйының бірі – cөйлеу қабілеті, яғни тіл. Тіл адамның өзінің көкейіндегісін, ой тұнығында жатқан сезімдерін жеткізуші құралы. Оны ұштай білген адам былайша айтқанда еркіне бағындыра алған адам асқақ мұратына жетеді. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Жаңды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз», «Жақсы сөз жан -азығы», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» – деген сияқты мақалдар сөздің бұзушы және түзеуші  зор күші екенін, сөйлей білудің орасан зор маңызын танытады.Пайғамбарымыз (с.а.у) ның хадисінде:«Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған (кәріне ұшырататын) бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны тозақтың түбіне лақтырады»[9] . Адамның тілімен жасайтын күнәларының басым бөлігі мыналар: ғайтат, өсек айту, келемеждеу, жағымпаздық, өтірік айту т.б… Сол себепті ораза кезінде мұсылман  тіліне қақпақ қою керек.

3- Есту. Ораза кезінде мұсылман құл барлық Аллаһтың бұйырмаған естілуі харам болған өсек, өтіріктен бойын  аулақ ұстауы ләзім. Аллаһ тағала Құран кәрімде :

 

(سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ)

(Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер)[10]

     4- Қалған дене мүшелер. Аяғы тек қайырлы нәрселерге ғана бастауы тиіс арақ, шарап, ойын сауық күмәнді жерлердің барлығынан аулақ болады. Қолы болса, тек халәл ризықты ғана тереді, харам ризықпен тамақтанбайды оны кәдеге жаратпайды. Сол секілді ауыз ашар уақытында да шамасынан тыс ысырапқа беріліп жемейді. Үйткені тоқшылық адамды неше түрлі ауруларға апарады, оның тарауық оқып, ғибадат жасауына кедергі болады.

Құрметті мұсылман бауырлар. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде келгендей Рамазан айында тұтқан ораза бізді сабырлыққа, нәпсімізді тәрбиелеуге, қиындыққа шыдас беруге үйретеді. Бұл қасиетті айда тұтқан оразаларымызды Аллаһ Тағала қабыл етіп, қиямет күнінде ораза ұстағандар ғана кіретін ар-Райян есігінен кірушілер қатарынан етсін. Әмин!

Облыстық «Қызылжар» орталық

мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

 

 

 

 

 

[1] Духан сүресі, 38-39 аяттар

[2] Зумар сүресі, 10-аят

[3] Бұхари хадис жинағында келген

[4] Бухари , Муслим хадистер жинағында

[5] Муслим хадистер жинағынан

[6] Бухари хадистер жинағы

[7] Нахл сүресі 78-аят

[8] Нұр сүресі, 30-аят.

[9] Бұхари хадистер жинағынан

[10] Майда сүресі 42-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲