Жуырда әлемге әйгілі ислам ғұламасы Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазалидің «Жан тәрбиесі» атты кітабы жарыққа шықты. Адамды көркем кемелдікке жетелейтін ар-ождан, имандылық пен инабаттылық тәрбие жайында жазылған еңбекті араб тілінен ана тілімізде «сөйлеткен» белгілі исламтанушы ғалым Жалғас Сандыбаев.
Қазіргі таңда қоғамда адамгершілік құндылықтардың маңызы күннен күнге артып келеді. Әсіресе, жаһандану құбылысы кіші мәдениеттерді қармап, ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі рухани құндылықтарды жойып жатқан кезде инабаттылық, ар-ождан мәселелерінің өзектілігі арта түсті. Тіпті, өркениетті елдердің өздері де мұсылман әлеміндегі рухани құндылықтарға қызығушылық танытуда. Қоғамда бой алған қаскүнемдік, зорлық-зомбылық, қиянат пен әдепсіздік – адамның рухани дағдарысқа ұшырауының көрінісі. Басқаны алдау, өзгені ренжіту, әлсізді қорлау, ата-анаға құрмет танытпау және шаңырақтың шайқалуы, тәннің рухани әлсірегенінің белгісі. Сондықтан ислам әлемінде «Худжату әл-Ислам» (исламның айғағы) атанған белгілі дінтанушы, Әбу Хамид әл-Ғазалидің жан тәрбиесіне бағышталған бұл еңбек қоғамымыздағы осы олқылықтың орнын толтыруға сәл болса да септігін тигізуге көмектесетіні даусыз.
Адамның сыртқы әрекетінің көрінісі – оның ішкі дүниесінің жемісі. Автор осы мәселеге назар аударады. Яғни, көркем мінезді тұлға болып қалыптасуы үшін ахлақ (этика) мәселесіне кеңінен тоқталады. Адамның жан дүниесіне терең бойлап, жүректің рухани дерттері мен олардан айығу жолдарын кеңінен баяндайды.
Кітап ислам мәдениетіндегі әдептілік негіздеріне қызығушылық танытатын ізденушілерге, отбасындағы бала тәрбиесі мен психологиясын зерттейтін ғалымдарға, дінтанушыларға, тарихшыларға, медресе шәкірттеріне және жалпы мұсылман қауымына арналған.