АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛЫ, АРДАҚТЫСЫ

Бисмиллаһир-рахманир-рахим!

Қадым замандағы да, қазіргі де мұсылмандар үшін діни мейрамдардың ішіндегі шоқтығы биіктері – Құрбан айт пен Оразадан кейінгісі, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) дүниеге келген күн, яғни Мәуліт мерекесі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні оның өнегелі өмір жолын жан-жақты түсіндіретін, исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын рухани мерекеге айналды. Биылғы Мәулітті қаңтар айының алғашқы күндерінен бастап тойлап жатырмыз, барлық аудандар мен елді мекендерде Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтылып, сәлем жолданып жатыр. Ал облыс орталығында Мәулітті қаңтар айының 25-і күні Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында кең ауқымда өткізуді жоспарлап отырмыз.
Мәуліт дегеніміз не? Мәулiт – араб сөзі, қазақшасы “туған күн” деген мағына бередi. Бұл Алла тағаланың ең сүйiктi пендесi, Адамнан (ғ.с.) Исаға (ғ.с.) дейiнгi барлық пайғамбарлардың соңғысы әрi сардары Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етiп қойылған.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) – күллі жаратылыс пен бүкіл адамзаттың ең асылы, ең қайырлысы, ең ардақтысы. Ол – хақ тағаланың барша ғаламға жіберілген рахымы мен мейірімі. Алла тағала Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы күллі адамзатқа қараңғылықтан жарыққа шығатын жолды нұсқады. Адасушыларды тура жолға салып, иман нәрімен сусындатты. Пенделерін ізгілікке бөлеп, мына жалғанның алдамшы екенін ұқтырып, ақиретке деген сенімін күшейтті. Құран Кәрім арқылы ақиқатты жеткізіп, күпір мен иманның аражігін ажыратып берді.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алланың соңғы әрі ең абзал пайғамбары екені шындық. Сонымен қатар әрі өзін мұсылманмын деп санаған еркек пен әйел, жасы мен кәрісіне, барлығына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін, сипатын, мінез-құлқын дұрыстап үйренулері – уәжіп. Хадис шарифте: “Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз балаларынан, ата-анасынан және барлық адамдардан артық көрмейінше, иман келтіре алмайсыздар (имандарың кәміл болмайды)”, – деген.
Алла Елшісінің (с.а.у.) пайғамбарлыққа тән мынадай ерекше сипаттары бартын:
Сыдық – (шыншылдық) екі дүниенің сәруары болған Хақ Елшісінің (с.а.у.) әрбір сөзі садақтан суырылып шыққан жебедей тура айтылатын. Ол (с.а.у.) иненің жасуындай болса да жалған сөз сөйлеген емес. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у.) туралықты ту етіп ұстаған адамзат баласының ең асылы болатын. Егер зәредей бір өтірік сөйлеген болса, оның ұлы миссиясына орасан зор нұқсан келген болар еді. Онда Алла Елшісі (с.а.у.)-ға деген сенім жоғалып, дүйім жұрт оның соңынан еруден бас тартар еді. Сондықтан да Ұлы Жаратушы оның рухын сыдықтықпен сырлап, өмірін туралық пен өрген болатын.
Аманат – Алла Елшісі (с.а.у.) ешқашан аманатқа қиянат жасаған емес. Пайғамбарлыққа дейінгі ғұмырына көз жіберетін болсақ, Мекке қаласында кез келген жан сапарға шығатын болса, қимас мүлкін Мұхаммед (с.а.у.)-ға аманаттайтын еді. Кейбір деректерге қарағанда, арабтар Пайғамбарымызға (с.а.у.) әйелдерін де аманаттайтын болған. Сондықтан да арабтар Алла Елшісін “Мұхаммед-Әмин” (Сенімді Мұхаммед) деп атады. Кейін мұсылмандар пұтқа табынушылардың зорлығына шыдай алмай, Меккеден Мәдинаға көшкенде Мұхаммедтің (с.а.у.) кешеуілдеуінің себебі, Құрайыш пұтқа табынушылары Пайғамбарымызбен (с.а.у.) қанша дұшпан болса да, оған дүние-мүліктерін аманаттайтын. Алла Елшісі (с.а.у.) уақыт күттірмес қасиетті көш реформасы кезінде де өзіне деген сенімге селкеу түсірмей, пұтқа табынушылардың аманатын өз иелеріне қайтарып, көштің соңында қалған еді.
Фатанат – Алла Елшісі (с.а.у.) ақылмен біте қайнасып туғантын. Оның әрбір іс-әрекеті ақылдан тұратын. Ақылға теріс оның бірде-бір сөзін немесе іс-әрекетін көре алмайсың. Өйткені, Ұлы Жаратушы өзінің сүйікті Елшісін әу баста-ақ имани ақылға малып, оның өмірі мен тағдырын ақылмен айшықтаған еді. Ол діннің өзегі ақыл екендігін “Ақылы жоқтың діні жоқ” деп ұқтырған болатын.
Исмат – Алла Елшісі (с.а.у.) күнәсізтін. Оның күнәсіз болуы, Ұлы Жаратушының оның бойына күнәсіздік ұрығын (исмат) егуінде болатын. Пайғамбарлар қате жасауы мүмкін. Бірақ күнә жасауы мүмкін емес. Олар ең жақсыны емес, жақсыны таңдаған болса, қате жасаған болады. Пайғамбарлар қателессе де, олардың қатесі пенделіктің ауылынан алыс, яғни күнәдан пәк деп ұққанымыз жөн.
Тәблиғ – Алла Елшісі (с.а.у.) тылсымнан келген илаһи жарлықты теңдессіз ғибрат тұрғысында түсіндіретін. Оның әрбір мәселенің мән-жайын терең бойлап, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп ұғындыратын. Қажет кезде баз бір мәселелердің шешімін көркем мінезімен меңзейтін. Оның сөйлеген сөзі мен шығарған шешімінен әсте мін табу мүмкін еместін.
Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) үлгі тұтуда сахабалар өзінен кейінгі мұсылмандардың баршасына үлгі болды. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің әр сәтін, әрбір әрекеті мен шешімін жақсы білген, көзімен көрген. Әуелі Мәуліт жырларын жаттаған топтар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні қарсаңында жамағат білсін деген оймен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір тарихынан хабар беретін салауаттар айтылсын деген ұсыныс болды. Кейінгілер сахабалардан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы сұрап біліп отырған. Одан кейінгілер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы кітаптардан оқып, үйренген. Содан үкім шығарып, өмір сүрген. Оқыған. Білген нәрсесін басқаларға айтып, дағуат жасаған.
Мұсылмандар сахабалардан кейінгі дәуірлерде қасиетті Құранның мағынасымен бірге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын да оқып үйренді. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырынан хабардар болған адам Құран Кәрім мен хадисшәріптерді дұрыс амалға асыруды үйренді. Сөйтіп, өткеннен өнеге, өрнек алады. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзіне үлгі етіп өмір сүреді. Осыдан бұрынғылардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббаттары ерекше болған. Сүннеттерін қалдырмай оқыған.
Мәуліт өткізудегі негізгі мақсат – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын мұсылмандарға таныстыру. Көпшілік ислам ғұламалары Мәуліттің оқылуын бірауыздан құптаған.
Құран Кәрімде Алла тағала “Ахзаб” сүресінің 56-аятында: “Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар” – деген. Сондықтан да әр жылы ай тізбесінің рабиғ әл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәулітін мерекелеп, Алла тағала бізді өзінің сүйікті пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті етіп жаратқанына шүкір айтып, сүйікті хабибіне жамағат болып, салауат айтуымыз аса құптарлық. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтудың сауабы мол. Мәуліт жиынында салауат айтылғаны өте жақсы. Мәулітті салауат мағынасында түсіну де орынды. Мәуліт жиындарының арқасында ел Пайғамбарымызды жақыннан тани түсіп, махаббаттары арта берсе, нұр үстіне нұр.
Қазіргі таңда бұл мейрам көптеген мұсылман елдерінде атап өтіледі. Мысалы, Египетте, Түркияда, Пәкістанда, Үндістанда және көптеген араб елдерінде ғылыми жиындар өткізіледі.
Əрбір жылғы Мəуліт мейрамында адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айтып, оның өнегелі өмірін ардақтап, сүннетінен қуат алып, жаңаша түлеу Исламның шоқтығын биіктете түсетіні анық. Хақ Тағала біздің жүрегімізге терең иман, Пайғамбарымызға деген махаббат сыйлап, оның үмбеті болуға нәсіп етсін!

Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,
облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы,
ҚМДБ-ның өкіл имамы.

Return to Top ▲Return to Top ▲