Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен және СҚО бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен өңірде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 300-ге жуық оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Игі шара аймаққа қарасты мешіттердің белсенді қатысуы және демеуші азаматтардың қолдауы арқылы жүзеге асты.
Қайырымдылық аясында оқушыларға мектеп сөмкелері, оқу құралдары, киім-кешек пен аяқ киімдер табыс етілді. Аталған көмектер әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына бағытталды. Шара барысында СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы оқушыларға сәттілік тілеп, акцияның мән-маңызына тоқталды.
– Біздің болашағымыз – білімді ұрпақтың қолында. Баланың жан-жақты дамуы мен білімге ұмтылуы үшін ата-ана мен ұстаз тәрбиесімен қатар, тұрмыстық жағдайының да жақсы болуы маңызды. Биыл «Мектепке жол» акциясы аясында облыс бойынша мыңға жуық оқушыға көмек көрсетілді. Акцияға қолдау білдіріп, қайырымды іске атсалысқан барша демеушілерге алғысымызды білдіреміз, – деді бас имам.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы ҚМДБ бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Акцияның басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету және өскелең ұрпақтың білімге деген құлшынысын арттыру.




