«Қызылжар» орталық мешітінде қала имамдарының қатысуымен жиын өтті. Жиынды мешіттің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы жүргізіп, онда жылдық есепке дайындық барысы талқыланды.
Бас имам дін саласындағы әр бағыт бойынша атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, жыл соңына дейін орындалуы тиіс міндеттер мен жоспарларды нақтылап өтті.
Кездесу барысында имамдар уағыз-насихат, жастар және әйелдер секторы, қайырымдылық шаралары, әлеуметтік желі жұмыстары бойынша есеп берді. Хамзат Қажымұратұлы әр бағыттағы жауапты имамдарға жұмысты жүйелеу, құжаттарды реттеу және есептілікті уақытылы тапсыру жөнінде нақты нұсқаулар берді.
Сонымен қатар жиында дін қызметкерлерінің бірлігі мен жауапкершілігін арттыру, қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу және халықпен тығыз байланыста болудың маңызы атап өтілді. Кездесу соңында бас имам барша имамдарға алдағы уақытта да ынтымақпен жұмыс істеп, өңірдің діни өмірін жандандыруға үлес қосуға шақырды.



