ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

АСЫЛ ДІНІМІЗДЕГІ ЖАСТАР КЕЛБЕТІ

Тәуелсіз Қазақ елі үшін дін қай кезде де рухани тірегі болып табылады. Өткен тарихымызда небір зұлмат, қысылтаяң, қылышынан қан тамған атеизм заманын бастан кешсе де, ата-бабаларымыз бір Жаратушының барлығын ұмытпаған. Ал тәуелсіздігіміз қолымызға тиген уақытта наным-сенімдерімізге еркіндік беріліп, ардақты жұртымыздың қасиетті дінге деген бетбұрысы тіптен қарқынды өсті. Жасыратынымыз жоқ, осы үрдістің жемісі ретінде асыл дінімізге ең көп қызығушылық танытқан буын жастар болды.

Жастар – кез-келген мемлекеттің ең басты әлеуметтік, стратегиялық ресурстарының бірі. Демек, қоғамның ілгері әрі жаңару болашағы жастарға байланысты. Осы себепті, қазіргі жаһандану заманында әлем мемлекеттері өздерінің ұлттық шекараларын сақтау мақсатында өз азаматтарының, дәлірек айтқанда жастарының тәлім-тәрбиесіне қатты көңіл бөліп отыр. Бұл мақсат жолында кез-келген діннің қоғамда атқаратын рөлі мен еңбегі өте маңызды.

Дана халқымыздың: «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» дегені тегін емес. Көзі ашық, көкірегі ояу жастарды тәрбиелеудің негізгі мәні – сапалы білім мен саналы тәрбие беруінде жатыр.

Қасиетті Құран Кәрімнің ең бірінші түскен сүресі, алғашқы бұйрық «Оқы» деген. Осы қасиетті аятта Алла Тағала адам баласына барлық пайдалы білім түрлерін меңгеруді айтуда. Себебі, адам білім арқылы әлемді танып, әлемді тану арқылы Жаратушысын таниды. Ал, Жаратушысын дұрыс таныған пенде қоғамның ілгері, берекелі болуына еңбек етеді. Демек, дұрыс білім алу және сол алған білімін ел игілігі жолында амалға асыру ислам дінінің негізгі құндылықтарының бірі.

Білім алу мен қоғамды ізгелендіру жолында жастық шақтың маңызы өте үлкен. Себебі халқымыздың даналық сөзінде: «Жастық шақта алған білім тасқа қашап жазғандай, кәрілікте алған білім суға әшейін салғандай» – десе, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: қарттық келместен бұрын жастық шақтың, ауру келместен бұрын денсаулықтың, кедейлік келместен бұрын байлықтың, шұғылданбастан бұрын бос уақыттың және ажал келместен бұрын өмірдің қадірін біл» – деген.

Бұдан түйетін түйініміз, әр елдің жарқын болашағы иманды жастарға тікелей байланысты. Жастары рухты, білімді, рухани дамыған елдің болашағы да шуақты болмақ. Осы ойымызды ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мына бір өлең шумағы қуаттай түсетіндей:

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күшті оларда,

Мен жастарға сенемін – деп өскелең жас ұрпаққа үлкен үкілі үміт артқан. Сондықтан «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» сақтап қалған бабалардың үлкен аманаты бар екенін сезіндіру баршамызға жауапты міндет.

Осы жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқарып шығу үшін ең алдымен жастық шақта білім алу өте маңызды. Себебі білім алу әрбір мұсылманға міндет. Қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі, 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар» – десе, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз» – деген.

Жастық шақта адамның ақпараттарды қабылдауы, жаттау қабілеті, есте сақтауы өзге өмірлік кезеңге қарағанда әлде-қайда қуатты әрі тиімді болады. Сол себепті жастық шақтағы уақытта тиімсіз өткізбей, білім алу, өнер үйрену, ізгі һәм пайдалы істерге арнау қажет. Бұл ойымызды Хәкім Абай атамыздың мына бір өлең жолдары растайтындай:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деген.

Жастық шақта орындау қажет маңызды істердің бірі – қоғамға пайдалы тұлға болу. Жастық шақ – қайтып айналып келмейтін көктем мезгілі секілді. Осы бір құнарлы кезеңде жас топыраққа егін салып үлгермесеңіз, күзде мол өнім алуыңыз екіталай. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды. (Ол): Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі?» – деген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастық шақты өмірден бөліп алып айтуындағы сыр – жастық шақтың адамға берілген ерекше нығмет екенін, әрі ол турасында адам баласынан қиямет күні бөлек есеп алынатынын көрсетеді.

Екінші туындайтын өзекті мәселенің бірі – аға буынның жастарға ұдайы әрі тұрақты түрде қолдап, жәрдем беруі. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» – деген ұлағатты ойын қалдырған. Қоғам үлкен бір отбасылық жүйе. Әр буын өкілі өзара байланысып, қолынан келетін барлық мүмкіндікті пайдаланып, жәрдем беріп отыруы қажет.

Осындай игі мақсат жолында ҚМДБ жанынан «Зейін» оқырмандар клубы төрт жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап келеді. Клуб шеңберінде әртүрлі жастағы буын өкілдері кітап оқып, тұрақты түрде пікір алмасып отырады. Негізгі мақсат – жастарға дұрыс рухани тәрбиемен қатар пайдалы білімді сіңдіру.

Зейін – оқырманның жүрегіне жылу, ақылына нұр ұялататын кемел мекен ұранымен осы уақытқа дейін мыңдаған қоғамға пайдалы шәкірттерді қалыптастырды.

Ойымызды Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисімен аяқтауды жөн көрдім: «Расында Алла арзан ойын-күлкіге салынбаған жасқа міндетті түрде риза болады», – деген.

Махамбет САТТАРҰЛЫ

ҚМДБ Халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің маманы

ЖАТ АҒЫМДАР ОТБАСЫНЫҢ ЖАУЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады.

Бұл – еліміздің рухани даму кезеңіндегі маңызды қадам. Отбасы құндылығының маңыздылығын арттыру, діни тұрғыдан да ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда отбасы құндылығы жаһандық мәселеге айналуда. Дер кезінде қауіптің алдын алу шаралары қолданылмаса, адамзат өз қолымен жасаған жамандықтың өкінішінде қалуы мүмкін. Сондықтан отбасыдағы түйткілді мәселелерді күн тәртібіне шығару – Діни басқарманың игі шешімінің бірі.

Отбасы –  салиқалы ұрпақ өсіретін алтын бесік. Адам баласы ұрпағының болашағы жарқын болғанын қалайды. Баласы дүниеге келгеннен бастап әйел ана атанады. Баласын құшағына алып бауырына басқанда мейірімі тасып, Раббысының құлдарына деген рақымын еске түсіреді.  Бала мен ананың арасындағы байланысты үзгісі келетіндерді Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ана мен сәбиін бір-бірінен айырғанды Алла да Қиямет күні сүйгенінен айырады»,- деп қатаң ескертеді. Тіпті аузына салғалы тұрған құрманы баласы сұрай қалғанда аузына салған ананың жұмаққа баратыны хадистерде айтылған.

Перзенті дүниеге келгенде отағасы әке атанады. Қияметке дейін соның есімімен еске алынып, мойнына жауапкершілік жүктеледі. «Отбасының сенде ақысы бар» деп ескерткен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  өзіне жүктеген жауапкершілігін орындауға атсалысады. Еңбек ету арқылы қолына тиген нығметті отбасымен де бөлісіп, үйіне жақсылық әкеледі. Барлық жамандық атаулыдан шаңырағын аулақ ұстап, бұл жолда жан тапсырса, шейіт болатынын әсте есінен шығармайды.

Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сенімі. Бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын шайқалмайтын іргетас. Сенімділік отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тастамайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде, тыныштық, қауіпсіздік бар. Сенімнің арқасында отбасы мүшелері өз ойы мен сезімін ашық білдіре алады. Сонымен қатар сенім эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.

Ислам діні әрбір мұсылманның әлеуметтік жағдайына да басты көңіл бөледі. Отбасы, бала тәрбиесі, мұсылман арасындағы қарым-қатынастың жүйелігін Ислам жіті қадағалайды. Сондай-ақ кез келген әлеуметтік мәселелерді түсіністікпен шешуге, ауыртпалықтарға сабыр етуге шақырады. Осының салдарынан мұсылманның бойында белгілі бір мінез-құлқы пайда болады. Мұсылман үшін отбасын бағып-қағу үлкен сауап. «Ер адамның садақа етіп шығарған динарының ішіндегі ең абзалы – өзінің қарамағындағылары үшін шығарған динар, Алла жолындағы өзінің көлігіне шығарған динар және де Алла жолындағы өз жолдастары үшін шығарған динар» делінген хадисте.

Бүгінгі таңда қоғамда дін атын жамылып, ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы көптеген ағымдардың пайда болғаны белгілі. Бұл ағымдар өздеріне тән әдістері мен мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, діни мәселелерді терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді. Дін атын жамылып, дүниауи мақсаттарды көздеген, жастарды дәстүрлі дінінен ажыратуды мақсат еткен теріс пиғылды жат ағымдар сенушілердің сана-сезіміне етене жақын құндылықтар арқылы әсер етіп, жаулап алуды мақсат етеді. Аталмыш ағымдардың бір бөлігі өздерін діни, мәдени, ғылыми танымдық, білім беру қызметін көрсетушілер ретінде таныта отырып, дәстүрлі дін негіздерімен мүлде байланыспайтын, жеке тұлғалардың ілімінен бастау алатын сан алуан сенімдік бағыттарын насихаттап, сенушілердің қатарын көбейту арқылы дүниауи игіліктерге қол жеткізу мақсаттарын көздеуде.

Қазіргі таңда адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіріп, мемлекетке, қоғамға, жанұяға қауіп төндіріп отырған, адам денсаулығына түзелмейтіндей зиян келтірген теріс пиғылды діни ағымдардың қызметі алаңдатушылық туындатуда. Деструктивті діни ағымдар өз жақтаушыларын пайдалана отырып, үстемдігін күшейту үшін, діни, саяси, психотерапиялық, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мәдени және басқа да іс-шаралар арқылы өздерінің ниеттерін жасырын насихаттайтын авторитарлық ұйым саналады.

Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай-ақ бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін, ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Заңсыз әрі мамандандырылмаған медициналық қызметпен айналысу салдарынан сенушілерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген теріс пиғылды ағымдар да бар.

Дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер  халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей, идеология ретінде әрекет ететіндіктен, оларға қарсы күрестің негізгі жолы да идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.

Қазақстан Республикасының Ата Заңында және басқа да заңнамаларында көзделген нормаларға қайшы іс-әрекет жасаған, азаматтардың діни сенім мен ар-ождан бостандығы құқығына нұқсан келтіріп, өмірі мен денсаулығына, имандылығына қатер төндірген, отбасының бұзылуына себепкер болған, тағы басқа заңға қайшы іс-әрекеттер жасағаны анықталған теріс пиғылды діни ағымдардың ел аумағындағы қызметіне сот шешімімен тыйым салынған.

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы

БАУЫРЖАН АБДУАЛИЕВ – ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Бауыржан Абдуалиев болды.

Бауыржан Абдуалиевтің өңірге сапары «Қызылжар» орталық мешітінен басталды. Ол қала, аудан бас имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында семинар өткізіп, облыс имамдарының толғандырған сауалдарын тыңдап, мардымды жауап берді.

Сонымен қатар бұл күні ол қалалық «Қызылжар» мешітінде ақшам намазынан кейін жамағатқа жайылған дастархан басында «Нәпсі тәрбиесі» тақырыбында уағыз насихат айтты.

Сапардың екінші күні Бауыржан Абдуалиев облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде жергілікті жамағатқа «ОТАННЫҢ ҚАДІРІН БІЛМЕГЕН, ӨЗ ҚАДІРІНЕ ЖЕТПЕЙДІ» тақырыбы төңірегінде жұма уағызын айтты.

БАУЫРЖАН АБДУАЛИЕВ – ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Бауыржан Абдуалиев болды.

Бауыржан Абдуалиевтің өңірге сапары «Қызылжар» орталық мешітінен басталды. Ол қала, аудан бас имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында семинар өткізіп, облыс имамдарының толғандырған сауалдарын тыңдап, мардымды жауап берді.

Сонымен қатар бұл күні ол қалалық «Қызылжар» мешітінде ақшам намазынан кейін жамағатқа жайылған дастархан басында «Нәпсі тәрбиесі» тақырыбында уағыз насихат айтты.

Сапардың екінші күні Бауыржан Абдуалиев облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде жергілікті жамағатқа «ОТАННЫҢ ҚАДІРІН БІЛМЕГЕН, ӨЗ ҚАДІРІНЕ ЖЕТПЕЙДІ» тақырыбы төңірегінде жұма уағызын айтты.

ҚАЗАҚТЫҢ СӘЛЕМІ

Соңғы кезде “АССАЛАМУ ҒАЛАЙКУМ”-нен және сәлем сөзінен жерігіштер пайда болды. Олар өздерінше қазақтың АР (“АРМЫСЫҢ”) сөзін қолданғысы келеді. Ар сөзін қолданайық, бірақ, күллі мұсылманның ортақ амандасуы ассаламу ғалайкумнен жеріп не керек бар бар?

Сонда бұлардың көкейін тескен қазақшылдық, ұлтшылдық, ұлтқа жанашырлық па? Әлде мұсылмандыққа қарсылық, исламға дұшпандық па?

Бұл ешқандай қазақшылдық та, ұлтшылдық та емес! Бұл – Қазақты иманнан, діннен, мұсылмандықтан жеріту, исламофобия.

Қазақ мұсылмандықтан, исламнан, діннен, иманнан бас тартты делік, сонда қазақ қайда барады? Нәтиже не болады? 1200 жыл бойы исламмен сабақтасқан қазақтың дәстүрі не болады?

Қазіргі тәңіршілдіктің, оны көтеріп жүрген адамдардың да сиқы белгілі. Ол енді қазақтың, жалпы түркінің руханияты бола алмайды. Шын тәңіршілдікті іздеген адам, оны исламнан табады. Өйткені бұрынғы тәңіршілдік исламмен синтезделген, исламмен сабақтасқан. Ал қазіргі тәңіршілдік – секта, қазақты адастыру.

Қазақ исламнан бас тартса (бас тартуы мүмкін емес), атеизмге, христиандыққа және түрлі секталарға бөлінеді.

«Өткенге құрмет – тіріге міндет»: мұсылман зираттарында сенбілік өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2025 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен ел аумағындағы мұсылман зираттарында тазалық жұмыстары жүргізілді.

«Өткенге құрмет – тіріге міндет» ұранымен өткен сенбілікке ҚМДБ-ға қарасты барлық мешіттердің қызметкерлері, еріктілер және жергілікті зират әкімшіліктерінің мамандары белсене қатысты. Астана қаласында өткен тазалық жұмыстарына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы, ҚМДБ қызметкерлері, «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы және Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы арнайы қатысты.

Сенбілік аясында зират маңы қоқыстан тазартылып, қоршаулар ретке келтірілді. Сонымен қатар, зираттардың кіреберісіне зиярат әдебі мен бейіт тұрғызу тәртібі туралы мәлімет беретін ақпараттық тақталар орнатылды.

Ислам шариғатында қайтыс болған мұсылманға құрметпен қарау – үлкен сауапты амал. Марқұмды жуындырып, кебіндеу, жаназа намазын оқу және оны жер қойнына тапсыру – мұсылманның парызы. Қабірлерді күтіп-баптау – марқұмға тағзым етудің, өткенге құрмет білдірудің жарқын үлгісі.

СҚО-ДА МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ БІРЛІК АЛЛЕЯСЫ ПАЙДА БОЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында Бірлік күніне орай жаңа Бірлік аллеясы ашылды. Орталық саябақта өткен салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, жастар, түрлі дін өкілдері және өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы қатысты.

Шара барысында ағаштар отырғызылып, аллеяның ашылуы салтанатты түрде жарияланды. Бұл шара өңір тұрғындарының бірлігін, келешекке деген қамқорлығын және туған жерге деген сүйіспеншілігін көрсетуге бағытталған.

СҚО: ЖАҢАДАН НАИБ ИМАМДАР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Мирзаев Имам Одинамахмудович облыс орталығындағы «Береке» шағын ауданының мешітіне наиб имам қызметіне тағайындалды.

Ол бұған дейін Ғ.Мүсірепов ауданы «Жұманқожа» мешітінің бас имам қызметін атқарған болатын. Бүгін қасиетті жұмада жаңа дін қызметкерін облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Аманжолұлы жағамат алдында арнайы таныстырып өтті.

Бұдан бөлек, Айбек Сайдалин Қызылжар аудандық «Кәусәр» мешітінің наиб имам қызметінен босатылып, қалалық «Нұр мешітіне наиб имам қызметіне тағайындалды. Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Аман Мұхамеджан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығын оқып, таныстырды.

Бұл күні барлық мешіттерде «НЕКЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ» тақырыбында жұма уағызы айтылды. Жаңадан тағайындалған дін қызметкерлеріне сәттілік тіленді.

СОЛТҮСТІККЕ ЖОЛДАМА: «ҚЫЗЫЛЖАР» МЕШІТІНІҢ ИМАМДАРЫ «НҰР-МҮБӘРАК» СТУДЕНТТЕРІН СҚО-ҒА ШАҚЫРДЫ

Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде жұмыс берушілер мен 2024-2025 оқу жылының түлектері кездесті. Маңызды басқосуға Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері де қатысты. Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің өкілдері студенттермен жүздесіп, оларды солтүстік өңірге қызмет етуге шақырды.

Олардың айтуынша, Қызылжар өңірінде жас, білімді және ынталы дін қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Солтүстік Қазақстан облысы – тарихы терең, мәдениеті бай өлке. Сондықтан діни сауаты жоғары, жаңашылдыққа бейім мамандардың келуі өңірдің рухани дамуына үлкен серпін береді.

Кездесу барысында студенттерге Қызылжар мешітінің жұмысы, атқарылып жатқан игі істері туралы айтып берді. Сонымен қатар, жас мамандарды қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалармен таныстырды.

«Біз сіздерді Қызылжар жерінде күтеміз. Біздің өңірде сіздер өз білімдеріңізді көрсетіп, дін жолында аянбай еңбек ете аласыздар. Біз жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Хамзат Қажымұратұлы.

«Нұр-Мүбәрак» университетінің студенттері имамдардың ұсынысын жылы қабылдап, Қызылжар өңірі туралы көбірек білуге қызығушылық танытты. Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, имамдардан кеңес алды. Сондай-ақ, 18 студентке «Зекет» қорының атынан шәкіртақы табысталды.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА АУЫЛ ИМАМДАРЫНЫҢ БІЛІКТІЛІГІ АРТТЫРЫЛУДА

Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар» орталық мешітінде ауыл имамдарына арналған біліктілікті арттыру семинары басталды. Шараны облыс имамдары ұйымдастырып отыр.

Семинардың басты мақсаты – ауылдық жерлерде діни қызмет атқаратын имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, олардың діни сауатын жетілдіру және заманауи діни мәселелерге қатысты білімдерін кеңейту.

Бір аптаға созылатын семинар барысында имамдардың қоғаммен байланысын нығайту, жастармен жұмыс істеу әдістері және діни насихат жүргізудің тиімді жолдары талқыланады.

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар беріледі. Бұл шара ауыл имамдарының білімін жетілдіруге және жергілікті халықтың діни сауатын арттыруға бағытталған.

ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Бекдәулет Қарабек «Қызылжар» аудандық «Кәусәр» мешітіне бас имам қызметіне тағайындалды.

Бүгін қасиетті жұмада жаңа дін қызметкерін өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы жамағатқа арнайы таныстырды.

Бекдәулет Анарбекұлы 2015-2018 жылдары Ақтөбе қаласы Ақтөбе медресе колледжін «Исламтану» мамандығы бойынша бітірген. 2018-2021 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқыған. 2021 жылы Петропавл қалалық «Қызылжар» мешітінде наиб имам қызметін атқарған. Кейін 2021-2023 жылдары Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе» медресе колледжінде еңбек еткен. 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қалалық «Нұр» мешітінде наиб имам қызметін атқарды.

Жамағат алдында таныстырып өткеннен кейін өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы Бекдәулет Анарбекұлына алдағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.

ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)

Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен 7-і мен 18 жас аралығындағы шәкірттер арасында Нұрмағамбет Балтабайұлының рухына бағышталған 5-ші облыстық Құран жарысы өтті.

Байқауға облыс бойынша 70-ке тарта шәкірт қатысты. Сайыс келесі номинациялар бойынша өтті:  10 сүре, 22 сүре, Жарты пара, 1 пара, 2 пара, 3 пара.

Шәкірттер Құран жаттап қана қоймай, әртүрлі тақырыптарда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін, қазақ ұлыларының сөзін мүдірмей  жатқа айтып берді.

Сайыс жеңімпаздары төмендегідей:

10 сүре бойынша – Әсия Бақытжанқызы;

22 сүре бойынша – Фатима Серік;

Жарты пара бойынша – Аяла Сүндет;

1 пара бойынша – Мухаммад Шәріпов

2 пара бойынша – Зулфуқар Мухсина

3 пара бойынша – Азамат Төлеухан

Аталған сайысқа өңірдің дін жанашыры демеушілік жасады. Жеңімпаз, жүлдегер шәкірттер ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Return to Top ▲Return to Top ▲