ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ ЖҰМЫСТАРЫ

ҚМДБ Солтүстік Қазақстан облысы бойыша Шариғат және пәтуа  мамандары 2023 жыл басынан бері 2897 сұраққа жауап берді.

Пәтуа мамандары жеке кездесуде, телефон арқылы хабарласушыларға және әлеуметтік желі қолданушыларының сауалдарына жауап беріп келеді. Мәселен, биыл  1514 сұраққа жеке кездесуде жауап берілсе, телефон арқылы 869, ал әлеуметтік желі қолданушыларының 514 сұрағына жауап берілді. 

Атап айтқанда, сенім мәлелері бойынша 387, ғибадат бойынша 1370, отбасылық құндылықтарға қатысты 309, мүліктік қатынастар бойынша 255, әр түрі сұрақтар бойынша 576  сұрақ-жауап берілді. Сонымен қатар әр жұма сайын қала,  аудан мешіттерінде ҚМДБ ғұламалар кеңесінде бекітілген пәтуалар бойынша пәтуа сағаты өтіп келеді.

2023 жылы Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуаларды түсіндіру бойынша имамдарға 11 семинар, ал мешіт жамағатына 252 пәтуа сағаты ұйымдастырылды.

Сондай-ақ шариғат және пәтуа мамандары  жас отбасыларға түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп отырды.

Облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СЕГІЗІНШІ ХАДИС

АДАМДЫ АЛДАМА

مَنْ غَشَّنا فَلَيْسَ مِنَّا

(Мән ғашшәнәә фәлейсә миннәә)

Аудармасы:Бізді алдаған бізден емес

(Ибн Мунзир хадистер жинағы)

Түсіндірмесі: Алдау бір затты шынайы бейнесінде көрсетпеу, бұрмалау, жалған мәлімет келтіру, біреудің есебінен заңсыз жолмен пайдаға кенелу. Алдаудың түрлері өте көп: саудада таразыда жеу немесе сапасыз зат ұсыну, жалған құжаттар дайындап, т.б. Алдау – мектеп қабырғасында жақсы баға алу үшін көрші баладан көшіру арқылы болуы мүмкін. Бұл амалы ол үшін бейкүнә болып көріну мүмкін, бірақ бұған еті үйренген ол келесі жолы ол одан да үлкен істе алдауы мүмкін. 

Адамды алдау,

Арыңның алдында қылмыс.

Ағаңды алдау,

            Анаңның алдында қылмыс, демекші біреуді алдау, арыңды аттағанмен тең. Алдау арқылы мүмкін уақытша жетістікке, байлыққа жетерсің, бірақ ұзаққа бармайсың, бір күні шынайы бейнең ашылғаннан кейін атағыңнан да мансабыңнан да, байлығыңнан да айрыласың. Ондай адам қалған өмірін жалғыздықта, қадірсіздікте өткізеді.

БЕКАЙДАР ӘМІРЕ: БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ӘКЕНІҢ ТАЗАЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

Еліміздегі дін Исламның дамуына бір кісідей қызмет етіп келе жатқан Шымкенттегі «Ислам нұры» мешітінің бас имамы Бекайдар Әміреден алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Сұхбатымызды өзіңіздің ата-анаңыз, бабаларыңыздан бастасақ. Білуімізше сіз Тәуке ханның тоғызыншы ұрпағысыз. Шежіреңіз қалай таралады? Ана-анаңыз қандай жандар еді?

– Тәуке ханнан Сәмеке хан, одан Сейіт хан, одан Қарабас хан тараған. Қарабастың шын аты Шахмұхамед хан болған. Қарабастан Әлекен хан, одан Сәруер, одан менің атам Әміре тараған. Әміреден әкем Төлжан, одан ағам Әлиайдар екеуміз тарадық. Тәуке ханнан қалған қазақ хандарының ту басын 2014 жылы Астанадағы Ұлттық мұражайға өткіздік. Біз кезінде Қазақ хандығы деген алып мемлекет болғанбыз, ол мемлекеттік өз туы болған. Сондықтан бүкіл қазаққа тиесілі Қазақ хандығы туының басын, ел көріп, көзайым болсын деген ниетпен мұражай қорына тапсырдық.

Ал ата-анам туралы айтар болсам, ол кісілер біз үшін бар ғұмырын сарп етті. Әкем Төлжан Әміреұлы 1910 жылы, анам Ұлбек Шаммұхамедқызы 1914 жылы өмірге келді. Әкем медреседе оқыған сауатты кісі болатын. Құран оқитын, ескі кітаптарды оқып отыратын. Сонымен қатар тақуалығы да күшті еді. Құдайға берілгені сондай, бес уақыт намазын, нәпіл оразаларын, түнгі тәһажжуд намаздарын жібермейтін. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін оқып, оны сағынып, жылап отыратын. Біздің үйге қариялар көп жиналатын. Әкем оларға ескі жазудағы дастандарды оқып беретін. Әкеммен замандас, қызметтес болған адамдардың бәрі оның қыстың боранды күнінде де, шілденің ыстық күнінде де намазын қаза қылмайтынын айтатын. Үнемі жанында кішкентай ыдыстағы дәрет алатын суы болады екен. Әкем соғыс кезінде комбайн жүргізді. Комбайнына мұқият қарағаны сондай, бір рет те бұзылмапты. Сол себепті колхоз басшылары әкемнің адалдығы мен жұмысына разы болып, соғысқа жібермеген.

Анам да төренің қызы, ол да бес уақыт намазына өте мұқият болды. Негізінде анам он үш құрсақ көтерген екен. Алайда он баласы қызылша, соқыршек деген секілді себептермен 3-6 жасында шетінеп кете берген. Анамның айтып берген бір әңгімесі бар еді. «Бір күні жағдайымызды білу үшін үйге қариялар жинала қалды. Қазанда ет қайнап жатты, намаз уақыты болып қалған еді. Сол уақытта балам ауырып жатты. Қолыма ұстап отырғанда демі үзіліп, өмірден өтті. Сол уақытта «балам дүниеден өтті» деп жылап-сықтай бастасам, қазандағы ас та қалар еді, қариялардың намазына да кедергі болатын едім. Баламды төсекке жатқыздым да, бетін тасаладым. Қамыр илеп, қазанға салдым. Қариялар намазын оқып болғанша ас та дайын болды. Тамақ жеп болған соң қариялардың бірі: «Келін, балаңның жағдайы қалай?» – деп сұрады. «Бала бағана дүниеден өтіп кеткен. Сіздерді алаңдамасын деп айтпадым», – дедім. Сол уақытта бәрі егіліп, батасын берді» деген болатын анам. Анам өте балажан, мейірбан алайда, үлкендерге деген құрметі, намазға деген құрметі ерекше болды. Қариялардың батасы болар, кейін өмірге әпкем, ағам және мен келіппін. Анамыз ағам Әлиайдарды 41 жасында, мені 44 жасында өмірге әкелді. Әпкем сексеннен асып өмірден өтті.

– Қателеспесем, ағаңыз Әлиайдар «Мір-Араб» медресесінде оқыды. Дін саласында қызмет етті. Сіздің «Мір-Араб» медресесінде оқуыңызға ағаңыздың әсері болды ма?

– Бала кезімізде Ордабасы ауданының Төрарық деген ауылында тұрдық. Ауылымызда қариялар көп болатын. Солардың ішінде балаларын дінге тәрбиелеген біздің әкеміз еді. Әкеміз біздің дінге келуімізге себепші болды. Оның дінге деген махаббаты күшті болғаны сондай, ағам екеумізге кішкентайымыздан Құран үйретті. Шымкентке, Ташкентке апарып имамдарға жолықтырып, діни білімімізді жетілдіруге себепші болды. Ағамның да, менің де Бұқарадағы «Мір-Араб» медресесіне оқуға қабылдануымызға әкеміз себепші болды. Алдымен медереседе ағам оқыды. Әлиайдар ағам Бұқарадағы Бұқарадағы «Мір-Араб» медресесін тәмамдаған соң, Ташкенттегі Ислам институтын бітірді. Елге келгесін, Келес ауданының мешітінде тоғыз жылдай имам болды. Кейін сол уақыттағы Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы Алматыға алып кетті. Сөйтіп Әлиайдар ағам Алматы облысының бас имамы, Алматыдағы Орталық мешіттің бас имамы, наиб мүфти болып қызмет атқарды. Бертінде Жамбыл облысының, Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы болды. 53 жасында, жұма намазынан кейін дүниеден өтті. Төрт ұл, бір қыз тәрбиеледі.

– Сіз оқуға кештеу барған секілдісіз. Медреседе кімдермен бірге оқыдыңыз? Еңбек жолыңызды қай мешіттен бастадыңыз?

– Иә, себебі ата-анамыз жасы ұлайған кісілер болатын. Ағам сыртта оқуда, қызметте болғандықтан, маған ата-анамызға қарайласуға тура келді. Дегенмен кеш болса да Алла нәсіп етіп, Бұқарадағы «Мір-Араб» медресесінде тәлім алдым. Біз оқыған кезде «Мір-Араб» медресесіне әр республикадан бір-екі баладан ғана оқитын. Сөйтіп жиырмадан аса ұлттың өкілі бірге оқыдық. Қазақстаннан бір топта үш бала болдық. Алматыдан Асылхан Аманқұлов, Өскеменнен Ибрагим Қарнақбаев менімен бірге оқыды.

Біз Бұқарада оқып жүрген кезде діни оқулықтар жоқтың қасы еді. Ұстазымыз тақтаға бір хадисті жазып, оны өшіріп, артынша екінші, үшінші хадисті жазатын. Біз көшіріп үлгерсек үлгердік, үлгермесек өшіріп тастап отыратын. Себебі хадис кітаптары жоқ еді. Аллаға шүкір, қазір неше түрлі діни кітаптар бар, оқып тауыса алмай жатырмыз. Ал ол уақытта Құранның өзінің табылуы қиын еді. Медреседе Садриддин деген қари ұстазымыз болды. Медересенің нұры еді, бүкіл шәкірттер айналасынан шықпайтын. Жан-дүниесі кең, қырағаты тамаша жан еді. Құраннан сол кісі берді, Алла ұстазымызды рақымына бөлесін!

Медресе бітіріп келгеннен кейін Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының бұйрығымен Шымкент қаласындағы «Қождан ата» мешітіне имам болып тағайындалдым. Имам болып жүрген кезімде бір кісі келіп: «Молдеке, кезінде мен Құдайсыздар қоғамына мүше болып, талай аузы ораза адамдардың аузына нан тығып, олардың оразасын бұзуға, намаз оқытпауға әрекет жасаған едім. Енді міне, екі көзім көрсоқыр болып, сипаланып, осындай ахуалға түстім. Мен қазір тәубе қылдым, Құдайдан сол әрекетім үшін кешірім сұраймын! Молдеке, сіз куә болыңызшы», – деп жылап айтқан болатын. Алла ол кісіні кешіріп, рақымына алсын! Аллаға шүкір, қазіргі уақытта бұрынғыдай құдайсыз қоғам жоқ, соған қуанамын.

– 90-жылдарға дейін қазақтың діни саясаты САДУМ-ға тікелей қатысты болды. Діни мәселелердің бәрін Ташкенттен шешілетін. Сол уақыттағы діни жағдай қандай еді?

– Иә, ол кезде Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (САДУМ) орталығы Ташкентте еді. Орталық Азия елдері дін саясатында түгелдей Ташкентке бағынатын. Бар мәселені солар шешетін. Бізде жеке мүфтият болмады, қазият қана болды. Қазақстан қазияты САДУМ-ға қарады. Рәтбек қажының кезінде сол кісінің батырлығы, өжеттігінің арқасында Қазақстан қазияты САДУМ құрамынан бөлініп шықты. Әлиайдар ағам ол кезде Рәтбек қажының көмекшісі болатын. Сол кісілердің ықпал етуінің арқасында Қазақстан өз алдына дербес мүфтият құрды.

– Тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстанның діни жағдайы қалай өзгерді? Халықтың дінге деген құлшынысы артты ма?

– Кеңес заманында намаз оқитын жастар некен-саяқ болатын. Себебі ол кездегі салқын саясат діннің жайылуына рұқсат бермеді. Соның салдарынан халық діннен алыстап, салт-дәстүрін ұмытып бара жатқан болатын. Алланың рақымы шексіз ғой, сол уақытта елімізге егемендік келдік. Егемендік келген соң өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Дініміз, тіліміз, дәстүрімізбен қайта қауыштық. Егер ынсаппен, қанағатпен, көкірек көзімен қарасақ, еліміздегі дін жағдайы жақсы. Тәуелсіздікті Алланың шексіз берген бақыты, байлығы деп белмін. Мемлекет қазір дінге қамқорлық танытып отыр. Қазіргі жастарға азан таңсық емес, себебі туғанынан естіп келе жатыр. Ал кезінде біздің әкелеріміз үйіміздің ішінде тығылып азан шақыратын. Қазір бүкіл ауылды, қаланы басына көтеріп микрофон арқылы «Аллаһу акбар» деп Алланы ұлықтап, азан шақырып жатырмыз. Түсінген адамға осының өзі баға жетпес байлық қой.

Тәуелсіздіктен кейін елімізде қаншама мешіттер, медреселер салынды. Мешіттер жанындағы сауат ашу курстарында, медреселерде қаншама балаларымыз алаңсыз дін оқуын оқып жатыр. Сондықтан еліміздегі діни ахуал өте жақсы деп бағалаймын. Әрине, қай заманда болмасын, ақ пен қараның күресіп жүретін уақыты ғой. Кейінгі кездері ел ішінде түрлі ағымдарға бөлініп, халықтың діннен үркуіне, діннен қашуына әрекет жасап жатқан жағдайлар жоқ емес. Мұндай жат ағым өкілдері дінді хикметпен, даналықпен жеткізбей, керісінше елге түрлі кереғар үкімдер айтып, пәтуалар шығарып, халықты діннен үркітіп алды. Осындай ішінара жағдайлар болмаса, жалпы халықтың дінге деген махаббаты, ықыласы жақсы деп ойлаймын.

– Балаларыңыз да жолыңызды қуып, дінге қызмет етіп келеді. Ұлыңыз Ерсін қари Әмірені бүкіл ел біледі. Басқа балаларыңыз туралы не айтасыз?

– Аллаға шүкір, бүгінде ақ сақалды қария болып, немере сүйіп отырмын. Жұбайым Гүлімқыз екеуміз үш ұл, үш қыз тәрбиеледік. Жұбайым бір мәрте атымды атамады, бетіме қарсы келмеді. Сондай адал, кішіпейіл болатын. 47 жасында ауырып, дүниеден өтті.

Балаларымызға кішкентайынан Құран, намаз үйретіп, Жаратушы Егесін танытуға тырыстық. Ауылдың балаларын да дін жолына тәрбиеледік. Ұлым Ерсін зерек, озат болды. Бұқарада оқып жүрген кезімде ораза уақытында бізге хатым өтеуге бір қари келді. Бәріміз орнымыздан тұрып, қаридың қолын алдық. Себебі бұрын қариды көрмегенбіз, Түркістанда ғана бар деп еститінбіз. Таныса келсек, анадан зағип болып туған жігіт екен. Әкесі Құранды ауызша жаттатқан екен. Сол уақытта мен: «Уа, Алла! Бізге де қари нәсіп ете гөр!» – деп Алладан сұрап, дұға қылған едім. Кейін балаларды осы жолға баулыдық. Аллаға шүкір, Ерсін балам шетте оқып, изажа алып, қари болып оралды. Кіші балам Абдулазиз де қари, қазір Қайсеки акамедиясында оқып жатыр. Алла нәсіп етсе, келер жылы бітіреді. Екінші ұлым да намазхан, оразасы түгел. Бір отбасын үйіріп, әке болып отыр. Үш қызым тұрмыста, үш күйеу балам да намазхан. Жұбайым Гүлімқыз өмірден өткеннен кейін қазіргі жұбайым Гауһармен бас қостым. 63 жасымда қызды болдым, Салиха деген үш жасар қызым бар. 

Негізі бала тәрбиесінде әкенің тазалығы, дұғасы маңызды деп ойлаймын. Себебі әкеміз Аллаға қатты махаббат байлаған кісі еді. Он күнде бір хатым шығарып отыратын. Түндерінде тәһажжуд оқып, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін оқып, жылап отыратын адам еді. Сол кісінің дұғасы қабыл болып, ұрпағымыздан екі бірдей қари шықты. Балаң жақсы болса, ата-анаға қуаныш. Балаларымның діндар, тақуа, ізгі, жақсылардан болғанына көп шүкір етемін.

– Сіздің түсінігіңізде Отан деген не? Отаншылдық сезімді қалай қалыптастыру керек?

– Отан деген тау мен тас, өзен-көл ғана емес, Отаның ішінде сенің ата-анаң бар. Сүйікті жарың, бауыр етің балаларың, үй-жайың бар. «Отан отбасынан басталады» дегендей, Отанын сүйетін, оған жаны ашитын адам оны қорғау, қиянат қылмауы керек. Себебі Отан деген сөздің мағынасы тереңде. Осы Тәуелсіз Отанымыздың болуы үшін бабаларымыз қаншама тер төкті, қан кешті. Олар осы күнді аңсап, ер-тоқымын жастық қылып, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, кең байтақ елді қорғады. Кешегі Алаш азаматтары Тәуелсіздік жолында тар жол тайғақ кешті. Олар тәуелсіз ел болуға әрекет етіп, Құдайдан сұрап дұға қылды. Алайда олар бұл күнге жете алмады, көре алмады. Оның рахатын бүгін біз көріп жатырмыз. Сондықтан Отанның қадірін білуіміз керек. Ал бойымызға отаншылдық сезімді қалыптастырғымыз елсе, кешеге Алаш азаматтарының өнегелі өмір жолы мен ел үшін атқарған еңбектеріне үңілуіміз керек.

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

«Мұнара» газеті, №23, 2023 жыл 

 

 

 

 

 

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ БАС КОНСУЛМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігіне барған сапарында Жидда қаласында Бас консул Руслан Қоспановпен кездесті.

Кездесуде 2024 жылғы үлкен қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру, отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Бас мүфти Бас консулдық тарапынан қазақстандық қажыларға қажетті қолдау көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етіп, Руслан Тобылұлына айрықша алғысын жетізді. 

мuftyat kz 

НИСАБ МӨЛШЕРІ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?

Нисаб сөзі «мөлшер» деген мағынаны білдіреді. Нисаб сөзінің шариғаттағы мағынасы – «зекетті парыз ететін белгілі байлықтың ең аз мөлшері». Ол байлықтың түріне қарай әртүрлі болады. Ай күнтізбесі бойынша, нисаб мөлшеріне жеткен байлық адамның иелігінде бір жыл тұрса, ол адам міндетті түрде зекет беруі керек. Зекеті берілетін байлықтың жыл басы мен жыл соңында нисабы толық болуы шарт.

Зекет берілетін мал-мүлік түрлері: жайылымдағы төрт түлік мал (түйе, сиыр, қой мен ешкі, жылқы), алтын мен күміс, сауда тауарлары және құнды қағаздар, егістік және бау-бақша өнімдері. Жарты жылдан астам далада (жайлауда) жайылатын қой, ешкі, сиыр, түйе, жылқы секілді үй жануарларынан зекет беріледі.

Төрт түліктің нисаб мөлшері әрі қанша көлемде берілетіні жөнінде мәлімет:

Қой мен ешкінің нисабы – 40 тұяқ. Егер саны қырықтан аз болса, оған зекет беру парыз емес. 40-120 аралығында – 1 қой, 121-200 аралығында – 2 қой, 201-399 аралығында – 3 қой. Кейін әр жүзден 1 қой беріп отырады. Яғни 400-де 4 қой, 500-де 5 қой. Қой мен ешкі аралас болса, бірге саналады.

Ірі қараның нисабы – 30 бас. Егер ірі қара мал саны 30-дан аз болса, зекет беру міндетті емес. 30-39 аралығында 1 тайынша (1 жасар), 40-59 аралығында 1 құнажын (2 жасар), 60-69 аралығында 2 тайынша, 70-79 аралығында 1 тайынша және құнажын. Яғни 30-дан асып 60-қа жеткенше құнажыннан басқа ештеңе берілмейді. Одан соң есеп әр он сиыр сайын өзгеріп отырады. Сиыр, өгіз, тайынша, құнажын, бұзау – бәрі бірге
есептеледі.

Түйенің нисабы – 5 бас. Егер түйенің саны бесеуден аз болса, зекет беру парыз емес. 5-9 аралығында – 1 қой, 10-14 аралығында – 2 қой, 15-19 аралығында – 3 қой, 20-24 аралығында – 4 қой; 25-35 аралығында бір жастан асқан бұзбаша (бинт мәхад), 36-45 аралығында екі жастан асқан құнанша (бинт ләбун), 46-60 аралығында үш жастан асқан інген (хиққа), 61-75 аралығында төрт жастан асқан інген (жәзаға), 76-90 аралығында екі жастан асқан 2 құнанша (бинт ләбун), 91-120 аралығында үш жастан асқан 2 інген (хиққа) беріп отырады.

Имам Әбу Ханифаның (Алла оны рақым етсін) пікірі бойынша, түйе, сиыр, қой, ешкі секілді жылқы малынан да зекет беріледі. Жылқылар тек байтал немесе айғыр-байтал аралас болуы және оларды қосып бағасын есептегенде, құны нисаб мөлшеріне жетуі керек. Сосын жылқылардың бағасы ақшалай есептеліп, оның 2,5 пайызы (1/40) зекетке беріледі. Жылқы бірыңғай еркек болса, сондай-ақ мініске, жұмысқа және күнкөріске пайдаланылса және жылдың көп мезгілінде үйде жем-шөппен бағылатын болса, одан зекет берілмейді. Ханафи мәзһабында зекетке тиісті төрт түлік малдың орнына олардың құнын беруге де болады. Зекетке берілетін малдың құны зекет берілетін күннің нарықтағы бағасына қарап беріледі.

Ақша немесе сауда тауарларының нисаб мөлшерін анықтайтын кезде, алтын немесе күмістің нисабы негізге алынады. Алтынның нисабы – 20 динар. 1 динардың салмағы шамамен – 4,25 грамм, ал 20 динар шамамен 85 грамм болады. Күмістің нисабы – 200 дирхам. 1 дирхам шамамен – 2,975 грамм, ал 200 дирхам шамамен 595 грамм болады. 

Жерден шыққан өнімдерден берілетін зекет – ұшыр деп аталады. Араб тілінде ұшыр «оннан бірі» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерден шыққан өнімнен берілетін зекет мөлшерін баяндап: «Жаңбыр және ағын суымен суғарылған егістік өнімінің – оннан бірі, шелекпен суарылғанның жиырмадан бірі беріледі», – деген.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл

Қаңтар оқиғасының құрбандарына арнап  Құран оқылды

Бүгін қасиетті жұма күні  облыстық Қызылжар орталық мешітінде былтыр қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухтарына арнап Құран оқылды

Облыстық Қызылжар орталық мешітініңбас имамы Хамзат Қажымұратұлы бастаған дін қызметкерлері мен жұма намазына жиналған мешіт жамағаты Отан қорғау жолында опат болған сарбаздарымыз бен бейбіт тұрғындардың рухына Құран бағыштады. 

Еске сала кетсек, былтыр Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «1 күнде – 1 Құран хатым» жобасы қолға алынған болатын. Шараның мақсаты – Құранды толық оқып, дұғасын бабаларымыз бен еліміздің ертеңі үшін құрбан болғандандардың рухына бағыштау. Бұл бастамаға Солтүстік Қазақстан облысының өкілдігі де жыл бойы үлесін қосып келеді..

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ЖЕТІНШІ ХАДИС: ЖАНҰЯҢ СЕНІҢ МОЙНЫҢДА

إِنَّ مِنْ أَعْظَمِ الْأُمُورِ أَجْرًا النَّفَقَةُ عَلى اْلأهْلِ

(Инна мин а’замиль умур әжран әннәфақату ‘аляль әһл)

Аудармасы:Сауап тұрғысынан ең ұлы амалдардың бірі – жанұясына нәпақат табу

(Муслим хадистер жинағы)

Түсіндірмесі: Отбасын асырау, оларға жақсы қарау   – Алла Тағаланың бұйрығы болғандықтан, бұл үшін берілетін сауаптың шегі жоқ. Себебі, адамның өз отбасын асырауы, барлық қажетті заттармен  қамтамасыз етуі – бұл Аллаға деген құлшылықтың жоғары деңгейі. Алайда, отағасының тапқан табысы адал жолмен келуі керектігін қатаң түрде ескерген жөн.

 Шариғат бойынша ер азамат жұбайы мен балаларын тиісті нәпақамен қамтамасыз етуге міндетті. Тіпті жұбайымен ажырасып кетсе де, белгілі бір жасқа жеткенше әкесі баланың нәпақасын береді. Ер адам үйдің тірегі болса, әйел адам ердің көмекшісі. Оның тапқан табысын жанұя қажеттілігіне жұмсауға рұқсат болғанмен, оның тікелей міндетіне кірмейді. Сол себепті ер азамат әуел бастан жанұя асырауда жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс.

ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ БЕС БАҒЫТ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісінің екінші күні басшылық құрам мен бөлім меңгерушілері баяндама жасады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик назарға ұсынылды. Жиынға қатысқан Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров Діни басқарма ұжымы мен имамдарға алғыс білдіріп, әріптестік байланыс жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Аллаға шүкір, кеше имамдарымыз жыл бойы жасаған жұмыс есептерін тиісті деңгейде баяндап өтті. Бүгін жыл басында өздеріңізге жолдаған Бағдарлық баяндамамда берілген тапсырмалардың орындалу барысы, Айтулы іс-шаралардың, бес бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдаймыз» деп басшылық құрам мен бес бағытқа жауапты бөлім меңгерушілерінің баяндамасына кезек берді. Атап айтқанда, Бағдарлық баяндама бойынша атқарылған жұмыс есебін наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ал айтулы іс-шаралар бойынша атқарылған жұмыс есебін Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы баяндап өтті. Ал Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы 2023 жылға жоспарланған дін қызметкерлерін аттестаттау жұмысы ойдағыдай аяқталғанын айтты.

Бөлім меңгерушілері Нұрбек Әуесханұлы, Смайыл Сүйерқұлұлы, Батыржан Берденұлы, Хасан Аманқұл мен Жәнділлә Мамытханұлы мүфтият бекіткен бес бағыт бойынша жылдық жұмыс есебін баяндады.

Мәжіліске қатысушы бөлім меңгерушілері мен облыстық өкілдіктердің бас имамдары ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, мүфтият жұмысын әлі де жетілдіре беру қажеттігін, алдағы жылы бұдан да жоғары деңгейде елеулі істерді атқару керектігін еске салды.

                                                  myftiat -kz

«ТАЛАБА» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ЕСЕП БЕРДІ (ФОТО)

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен өтіп жатқан 2023 жылдың қорытынды Төралқа жиынында шетелдердегі «Талаба» қауымдастығының өкілдері арнайы есеп берді.

Атап айтқанда, Діни басқарманың Түркия Республикасындағы жауапты өкілі Жандос Өмірзақұлы, Мысыр Араб Республикасындағы жауапты өкілі Руслан Серғазиев пен Сауд Арабия Королдігіндегі жауапты өкілі Абдулахад Сманов онлайн форматта баяндама жасады. «Талаба» қауымдастығының жауапты өкілдері шетелде діни білім алып жатқан қазақ студенттері жайлы ақпарат беріп, 2023 жылы атқарған ауқымды шараларға кеңінен тоқталды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Отанынан, ата-ана, бауырларынан жырақта жүрген қазақ студенттері Діни басқарманың қамқорлығын әрдайым сезініп жүруі тиіс екенін айтты. Осы ретте Діни басқарманың жауапты өкілдері Жандос Өмірзақұлына, Руслан Амантұрсынұлы мен Абдулахад Абдусаттарұлына «Талаба» қауымдастығының жұмысын ары қарай жетілдіре беруді тапсырды.

muftyat.kz

АЛТЫНШЫ ХАДИС

БІЛІМ СЕН ҮШІН ПАРЫЗ!

طَلَبُ الْعِلْمِ فَرِيضَةٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ

(Талабуль ‘ильми фариидатун ‘аля кулли муслим)

Хадистің аудармасы: Білім іздену – әрбір мұсылманға парыз

 (Ибн Мәжә хадистер жинағы)

          Түсіндірмесі: «Оқы» сөзі Алла тағаланың кәләмі Құрандағы ең алғашқы әмір. Адамды жануардан ерекшелейтін негізгі белгі де адамның білімді болуы. Құран кәрімде Алла өзінің ерекше туындыларын аспан мен жерді, жан-жануар, құрт-құмырсқа бүкіл жаратылысты сипаттағанда «Адамдар неге ойланбайды?»,  «неге ой жүгіртпейді?» деп, адамды ойлануға, зерттеуге, жаратылыс хикметін ұғуға шақырады.

  Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Білім адам өмірін жеңілдетіп, екі дүниеде абыройын асқақтатады. Ұлы  Абай:« Жасымда  ғылым  бар  деп  ескермедім, Пайдасын  көре  тұра  тексермедім», – десе, Шәкәрім  адам  өмірін  үш  кезеңге  бөліп,  оның  сол  Абай  меңзеген  ең  қуатты  жастық  шағын  ғылымға  арнауды  насихаттайды,  сол  тұстағы   албырт жігердің  бір  сағатын да  бос  өткізбеуге  шақырады.  Ғылымның әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, қоғамға пайдалы болуды үндейді. Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ БІРҚАТАР ПӘТУАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ (ФОТО)

Алматы қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің 40-шы мәжілісінде бірқатар пәтуалар қабылданды.

Атап айтқанда, «Қажылық визасынсыз заңсыз жолмен қажылыққа барудың үкімі», «Кешбэкті және дисконт карталарды қолдану үкімі», «P2Р саудасы (крипта арбитраж) үкімі» т.б. тақырыптарда әзірленген пәтуалардың мәтіні бекітілді. Бұдан бөлек бірнеше сұрақтардың жауабы берілді.

Ғұламалар кеңесінде қабылданған пәтуалар мәтіні жуырда мүфтияттың ресми ақпарат құралдарында жарияланады.

muftyat.kz

ҚОҒАМҒА ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ

Аллаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Асыл дініміз әрбір мұсылманға өзіне жүктелген құлшылық амалдарды орындаумен қатар, қоғамға пайда келтіретін, ізгі істер жасауды бұйырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 30-аятында: 

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا

«Расында иман келтіріп, ізгі іс істейтіндерге келсек, Біз көркем жақсылық істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан.

Қоғамға пайдалы іс жасаған адам ісінің жақсылығын өзгелер көрген сайын сауабын алады. Тіпті жақсылық жасаушы кісі дүниеден өтіп кетсе де, көзі тірісінде қоғам үшін жасаған ісінің сауабы артынан барып тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді. Ол: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан білім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).

Сондықтан өзгелерге пайдасы тиетін игі іс жасау мұсылман адамның өмірлік мақсаттарының бірі болуы тиіс. Хакім Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп айтқан.

Қоғамға пайда тигізу үшін атқаралатын ізгі амалдардың түрлері өте көп. Соның кейбіріне тоқталатын боламыз:

Бірінші: Жалғасып тұратын игі іс

Адамның жақсысы өзгелерге көбірек пайда тигізгені. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خيرُ الناسِ أنفعُهم للناسِ

«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдар үшін көбірек пайда тигізгендері», – деген (имам Табарани). Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі», – деп, өзгелерді ойлап, оларға пайдалы іс жасаудың маңызын айтқан.

Үзілмей жалғасып тұратын садақаны ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «садақатун жәриятун» деп атаған. Мұндағы «жәриятун» сөзі көпке жария етіп беру дегенді білдірмейді. Бұл сөз үздіксіз жалғасып тұратын, үзілмейтін садақа дегенді білдіреді. Мысалы, кімде-кім көзі тірісінде халыққа пайдасы тиеді деп көпір салса, әлгі адам дүниеден өтіп кетсе де, көпірі қанша уақыт көпшілікке қызмет еткен сайын, ол соның сауабын алады. Сол сияқты мешіт салу, мектеп салу, аурухана салу сияқты көпке қызмет ететін іс жасаудың барлығы осы жария, яғни үздіксіз пайдасы тиіп тұратын садақаға жатады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім ешкімге зұлымдық қылмастан және біреудің ақысын жеместен, қандай да бір ғимарат тұрғызса немесе біреудің ақысын жемей, зұлымдық жасамастан ағаш отырғызса, Алланың жаратылыстары одан пайдаланған сайын, оған сауап барып тұрады», – деген.

Бір күні, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саңлақ сахабаларының бірі Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) Шамда көшет отырғызумен айналысып отырады. Оның жанынан өтіп бара жатқан бір кісі ағаш егуін – дүниеге құмарлық, дүние тіршілігіне деген махаббаттан туындаған әрекет деп ойлайды. Әбу Дарданың ісін жаратпағандай сыңай танытып: «Алла Елшісінің сахабасы бола тұра мұндай іспен несіне айналыстыңыз?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда ол кісіге: «Мен жайлы бірден үкім беруге асықпа! Өйткені мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أَوْ يَزْرَعُ زَرْعًا فَيَأْكُلُ مِنْهُ طَيْرٌ أَوْ إِنْسَانٌ أَوْ بَهِيمَةٌ إِلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقَةٌ

«Бір мұсылман жеміс талын отырғызса немесе егін ексе, одан құс не адам немесе жануар жейтін болса, оны еккен адам үшін садақа болып есептеледі», – дегенін естідім», – деп жауап береді (имам Бұхари).

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар ауыз су таппай қиналған кезі болатын. Олар сол кезде Рума құдығынан басқа ішер су таба алмады. Бұл құдық мұсылмандарды өзіне жау тұтатын бір адамдікі болғандықтан, қара судың өзін мұсылмандар үшін өте қымбат бағаға сататын. Бұл жағдай ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына қатты батты. Сахабалармен бірге отырған бір сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рума құдығын кім сатып алса, Жәннатта да оның осыған ұқсас құдығы болатынын айтты. Мұны естіген хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) бірден, сол адамды тауып алып, құдықты сатып алғысы келетінін айтады. Әлгі адам құдықты толық сатуға көнбей, өте қымбат бағаға оның жартысын ғана сатады. Хазіреті Осман қуаныштан төбесі көкке жетіп, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, құдықтың жартысын сатып алып, мұсылмандарға бергенін жеткізеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Османның бұл әрекетін мақтап, оған ыстық ілтипат білдіреді. Осылайша, құдықтан бір күн су алу құқығы хазіреті Османдікі, ал екінші күні әлгі адамдікі болып бөлінеді. Хазіреті Осман өз күнін халыққа бергендіктен, халық Османға тиесілі күні жаппай жеткілікті дәрежеде құдықтан су алып алатын болғандықтан, құдықтың екінші жартысына иелік ететін адамға тиесілі күнде ешкім су алуға бармайтын болады. Шарасыз күйге түскен әлгі адам осылайша құдықтың қалған жартысын да арзан бағаға сатуға мәжбүр болып, Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) құдықты толығымен халыққа садақа етіп береді.

Осылайша мұсылмандарға садақа етілген хазіреті Османның (Алла оған разы болсын) құдығы ғасырдан ғасырға жалғасып, бірнеше ұрпаққа өз қызметін көрсетеді.

Екінші: Пайдалы білім қалдыру

Адамның пайдалы білім алуымен қатар алған білімін өзгелерге үйретуінің сауабы өте үлкен. Ардақты Пайғарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ القُرْآنَ وَعَلَّمَهُ

«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деген хадисінің бір мағынасы осы (имам Термизи).

Ислам діні әр нәрсенің зекеті бар екенін ескерту арқылы әркімге өз мүмкіндігі жеткенінше қоғамдық істерге атсалысу керектігін ұқтырады. Дәулеттілер түрлі қайырымдылық шараларға ұйытқы болу арқылы халықтың әл ауқатының артуына жағдай жасауға міндеттелсе, білімділердің зекеті – білгенін басқаларға үйрету.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса. Үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса», – деп, білгенін өзгелерге үйретуге шақырған. Ғалым Қаныш Сатпаев:  «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», – деген.

Пайдалы білім қалдыруға шәкірт тәрбиелеу, көпшілікке пайдасы тиетін ғылыми жаңалықтар ашу, адам дүниеден өтседе өзінен кейінгі адамдар тағылым алатын кітап жазу сынды істер жатады.

Қисса

Әз Жәнібектің алпыс уәзірі болған екен. Бір жолы ол уәзірлеріне: «Дүниеде не өлмейді?»  деп сұрақ қойғанда, алпыс биі бір ауыздан:

Ағын су өлмейді,
Асқар тау өлмейді,
Аспанда ай мен күн өлмейді,
Әлемде қара жер өлмейді
, – депті. Осы кезде Жиренше шешен бәріне қарсы шығыпты:

Ағын судың өлгені,
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені,
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір Алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді
– деген екен.

Үшінші: Мейірімді болу

Адамдармен қарым-қатынаста мейірімді болу – қоғамдағы адамдардың бір-біріне жақсылық жасауына, қарайырымдылық көрсетуіне себепші болатын негізгі сипат. Асыл дініміз адамдарға мейірімділік таныту арқылы адам баласы Жаратушысының мейіріміне бөленетінін үйретеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يَرْحَمُ اللَّهُ مَنْ لَا يَرْحَمُ النَّاسَ

«Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла да мейірімділік танытпайды», – деген (имам Бұхари).

Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерге негізделеді. Хакім Абай: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз», – деп өзгелерге рақымды болып, мейірімділік танытуды бес асыл іс деп атаған болса, Шәкәрім бабамыз: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады», – дейді.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 107-аятында Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Уа, Мұхаммед!  Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», – деп айтқан. Жаратушымыз ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша адамзатқа мейірім ретінде жіберуі де, мейірімділік сипатының мұсылман жандар үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл сөзінде, ісінде мейірімділіктің теңдессіз үлгісін көрсетті. Ол қасындағы сахабаларын мейірімділіктің аясында тәрбиеледі. Ол тәрбиелеген сахабалар әлемдегі теңдессіз тұлғаларға айналды. Дінге, өзіне, қасындағы ең жақын деген адамдарына қаншама қастандық істеген дұшпандарының өзіне мейірімділік танытып, олардың істеген қателіктерін кешіру арқылы, қаншама адамдардың жүрегіне иман ұялауына себепші болды.

Қисса

Мусғаб ибн Умайырдың бауыры Әбу Ғазиз Бәдірде мүшріктердің туын ұстаған еді. Мүшріктер жеңіліп, Әбу Ғазиз мұсылмандардың қолына түседі. Ол тұтқындық өмірін, мұсылмандардан көрген мейірімділікті былай баяндайды: «Бәдірде мен тұтқынға түсіп, ансарлық бір топ кісінің қарауына берілген едім. Бәдірден қайтқанымызда, олар таңертеңгі және кешкі аста нанын маған тарту етіп, өздері кепкен құрманы жейтұғын. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге, яғни тұтқындарға жақсы мәміле жасауды өсиет еткен еді. Олардың бірінің қолына нанның бір тілімі тисе, дереу маған әкеліп беретін. Мен қатты қысылып, ұялып нан тілімін оларға қайтып беретінмін. Бірақ олар нан тілімін маған қайта беріп, қол тигізбейтін».

Сахаба Мұғаз ибн Жәбалға (Алла оған разы болсын) бір кісі келіп: «Маған насихат айтшы», – деген екен. Сонда Мұғаз: «Мейірімді бол! Жәннатқа  кіруіңе мен кепіл болайын», – деп жауап беріпті.

Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі еткен әр мұсылманның жүрегінен мейірімділік, әр ісінен жұмсақтық көрініс табуы қажет. Жүсіп Баласағұни бабамыздың:

Не дер екен мейірімі мол кісі:

Мейірбандық – кісіліктің үлгісі.

Есіңе ұстап мейірбанның нақылын –

Дәулет болар алсаң соның ақылын.

Мейірімнен шынайы леп еседі,

Соны бақсаң – дәреже, бақ өседі, – деп айтқан сөздерінде де үлкен мағына бар.

Төртінші: Мұқтаждарға қайырымдылық көмек жасау

Асыл дінімізде қайырымдылық мақсатында мұқтаж жандарға берілетін қаржылай немесе заттай көмекті садақа деп атайды. «Садақа» сөзі Құран тілінде «әс-сидқу», яғни «шыншылдық» сөзімен түбірлес. Өйткені садақа – адамның иманының шынайылығын дәлелдейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

وَالصَّدَقَةُ بُرْهَانٌ

«Садақа – дәлел», – деп айтуының себебі осы.

Қасиетті Құранда садақа берудің артықшылығы мен маңызы жайында келген аяттар өте көп. «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарына Алла Тағала тақуа құлдарын:

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ

«Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп сипаттаған.

Адам баласы Алла Тағала берген несібенің белгілі бір бөлігін мұқтаж жандарға беріп, жәрдемдесуі арқылы, зор сауапқа кенеліп, мал-дүниесіне береке кіреді. Ол адам үшін періштелердің өзі дұға жасап, тілек тілейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

مَا مِنْ يَوْمٍ يُصْبِحُ الْعِبَادُ فِيهِ إلا مَلَكَانِ يَنْزِلانِ فَيَقُولُ أَحَدُهُمَا: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُنْفِقًا خَلَفًا وَيَقُولُ الآخَرُ: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُمْسِكًا تَلَفًا

«Әр күні Алланың құлдары оянатын уақытта, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Иә, Алла, дүниесін (сауапты істерге) жұмсағандардың дүниесін толықтыр!» – десе, екіншісі: «Иә, Алла, сараңның ісін опат қыл!» – дейді» (Имам Бұхари, Мүслим).

Қайырымдылық жасаған кезде Алла Тағаладан көркем сауап үміт еткен кісінің садақа ретінде беретін заты мал-дүниесінің ішіндегі ең көркемі, бағалысы болуы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ

«Сендер сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – дейді («Әли Имран» сүресі, 92-аят).

Бұрынғы өткен ізгі адамдар садақа берген кезде Құранның осындай аяттарын әрдайым басшылыққа алатын болған. Мысалы, Айша анамыз (Алла оған разы болсын) садақа бергенде қолын жақсылап жуып, садақасына әтір сеуіп береді екен. Ол кісіден неге олай істейтіндігін сұрағандарға: «Садақа кедейге бармастан бұрын Алланың құзырына барады», – деп жауап береді екен.

Қадірменді жамағат!

Мүмин кісі Алла Тағаланың сыйлаған әрбір күнін өзгелерге пайдасын тигізіп,  ізігілік, қайырымдылық амалдар жасау үшін берілген мүмкіндік деп қабылдайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 97-аятында:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Ер немесе әйелден кім иман келтірген бойда ізгі амал істесе, әлбетте біз оған өмір сыйлаймыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз», – деп, ізгі амал жасаған пендерлерге дүниеде де, ақыретте де мол жақсылықтар бар екендігін айтқан.

Алла Тағала баршамызды иманына берік, ізгілік амалдар жасайтын құлдарының қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Return to Top ▲Return to Top ▲