Алматы қаласында «Әсем киім – әйел ажары» атты мұсылман әйелдердің сән байқауы өтті. ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға СҚО-ның мұсылман әйелдері қатысты. Сән байқауы басталмай тұрып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғысөз сөйлеп, барша қатысушыларды құттықтады.
«Әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. Ал әйелдің киімі – оның тәрбиесі мен көркем мінезінің айнасы. Халқымыз «Қыздың көркі – шебердің өрнегі» деп бекер айтпаған. Киім – адам болмысының бір бөлігі ғана емес, тұтас ұлттың мәдениетінен сыр шертетін құндылық. Әйел киімі – оның тақуалығының бір көрініс деп айтуға болады. Ұлттық киім үлгілері арқылы біз өскелең ұрпаққа ата-бабамыздың рухани байлығын, ұлттық болмысын, діні мен ділін жеткіземіз. Сахнада көрсетілетін әрбір киім – тек сән емес, тәрбиенің, өнердің, шеберліктің көрінісі. Осы шараны ұйымдастырып отырған барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Қатысушы аруларымызға сәттілік тілейміз. Ұлттың ұяты – қызда, қыздың көркі – киімде, киімнің сәні – ибасында екенін естен шығармайық»,- деп атап өтті Бас мүфти.
Мұсылман қазақ әйелдерінің заманауи сән сайысында әділқазылар алқасының құрамын ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгеруші Динара Құтқожа, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, стилист моделер Фарида Мерхамитқызы, Дизайнер-стилист Жұлдыз Шарипова төрелік етті.
Айта кетейік, Республика бойынша мұсылман әйел киімдерін тігуде үздік дизайнерлер қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сәндік байқауға қатысуға 30-дан астам дизайнерлер өз өтініштерін білдіріп, ұйымдастырушылар талабына сай деп танылған, әр өңірден келген 19 дизайнерлер топтамасы сайысқа қатысуға жолдама алған болатын.