АС ТА ТӨК ДАСТАРХАН ЖАЮДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ: АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде өңірдің бас имамы Аян Болатұлының төрағалығымен қала және аудан имамдарының қатысуымен жиын өтті. Басқосуда ас беру дәстүрін заман талабына сай реттеу, ысырапшылдыққа жол бермеу және ҚМДБ бекіткен «Ас беру мәдениеті» құжатының мазмұны кеңінен талқыланды.

Қазақ халқы үшін ас беру – марқұмды еске алып, оның рухына Құран бағыштау, дұға жасау және жақын-жуықтың басын қосу арқылы жүзеге асатын ізгі дәстүрлердің бірі. Алайда соңғы жылдары кейбір өңірлерде ас беру рәсімі барысында дастарханды шамадан тыс жаю, орынсыз шығынға бару және бәсекелестікке ұласқан әрекеттер байқалып жүр. Мұндай жағдайлар дәстүрдің бастапқы мәніне көлеңке түсіріп, қаралы отбасының мойнына қосымша қаржылық салмақ салуы мүмкін.

Осыған байланысты өткен жиында ас беру рәсімінің негізгі мақсатын сақтау, оны қарапайым әрі мазмұнды өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Жиын барысында қатысушыларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әзірлеген «Ас беру мәдениеті» құжаты талқыланды. Аталған құжатта ас беру кезінде басшылыққа алынуы тиіс негізгі ұстанымдар, дастархан жаю тәртібі, ысырапшылдықтың алдын алу және діни рәсімдердің мән-маңызын дұрыс түсіндіру мәселелері қамтылған.

Басқосуда әсіресе ас дастарханын шамадан тыс мол етіп жаюдың қажеттілігі жоқ екені айтылды. Жиында имамдардың қоғам арасындағы түсіндіру жұмыстарына да басымдық берілді. Қала және аудан мешіттерінің дін қызметкерлеріне ас беру мәдениетіне қатысты ортақ ұстанымды халыққа жеткізу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қалыптасқан кейбір орынсыз әдеттердің алдын алу қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ жиын барысында алқа мүшелері мен өңірдің ақсақалдарына ҚМДБ ұсынған «Ас беру мәдениеті» таныстырылды. Құжатты өңірдің бас имамы Аян Болатұлы таныстырып, ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, дастарханды шамадан тыс толтырмау және діни рәсімдердің мән-маңызын сақтау қажеттігін түсіндірді.

Return to Top ▲Return to Top ▲