ҚМДБ бастамасымен биылғы жыл «Ислам және адал қоғам» жылы болып жарияланып, сонымен қатар 2026 жылға арналған жаңа жұмыс жоспары бекітілді. Осыған сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы имамдарының жыл басындағы алғашқы алқалы жиыны облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде өтті. Басқосуға өңірдегі барлық қала және аудан мешіттерінің имамдары қатысты.
Жиын барысында өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы өкілдіктің 2025 жылы атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарламалық баяндамасында белгіленген негізгі міндеттер мен тапсырмаларды жан-жақты таныстырды. Сондай-ақ бұл бағыттарды өңірде жүзеге асыру тетіктеріне нақты тоқталды.
Атап айтқанда, 2026 жылы ихсан мен насихатқа мән беру, діни оқу-ағарту жұмыстарын күшейту, дәстүр мен отбасы құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ жат діни ағымдардың алдын алу бағыттарына ерекше басымдық берілетіні айтылды. Осы бағыттар аясында облыс көлемінде жүйелі әрі мазмұнды іс-шараларды тұрақты өткізу тапсырылды.
Жиын қорытындысында 2025 жылғы қызмет нәтижелері бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген бірқатар имамдар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан алғыс хаттармен марапатталды.











