Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Аман Мұхамеджанның қатысуымен имамдарға арналған семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында маман соңғы уақытта қабылданған жаңа пәтуалармен таныстырып, оларды мешіт қызметінде қолдану жолдарына тоқталды. Сонымен қатар ҚМДБ-ның бірқатар концептуалды құжаттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, имамдарға «Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық келбеті», «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат әдебі», «Діни лауазымдар тізілімі», «Жеті рухани қазық», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжаттары таныстырылды.
Жиынның негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, діни рәсімдер мен насихат жұмыстарын бірізділікпен жүргізу, сондай-ақ қоғамда дәстүрлі ислам құндылықтарын кеңінен насихаттау. Семинар соңында имамдар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құжаттарға қатысты пікір алмасты.



