Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылында Мәуліт кеші ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы мен облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Азамат Сәрсенов арнайы қонақ ретінде қатысып, ауыл тұрғындарына ізгі тілектерін жеткізді.
Мәуліт кешінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір жолы, өнегелі істері мен адамзатқа қалдырған өсиеттері туралы тағылымды баяндамалар жасалды. Шара барысында рухани әндер шырқалып, қатысушылар игі ой мен ізгі ниетке толы кештің куәсі болды.
Дайындық — қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрді берік ұстанған елді мекен. Соңғы жылдары жергілікті кәсіпкер Біржан Шәймерденовтің еңбегінің арқасында ауыл айтарлықтай көркейіп келеді. Таяуда мұнда жаңа мәдениет үйі бой көтеріп, Мәуліт кеші осы жаңа ғимараттағы алғашқы мәдени шара ретінде есте қалды.
Осындай рухани басқосулар ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, ұрпақ санасына имандылық пен ізгіліктің мәнін ұялата түспек.



