ӨЛІМДІ ЕСКЕ АЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Бір қалыпта тұра алмасымызды күнделікті айналамыз әртүрлі қисындармен, мысалдармен паш етуде. Өміріңіздің бір бөлігі болған жылдар, айлар, күндер, сағаттар жылжып өтіп жатыр. Сен танитын адамдардың да қарасы күннен күнге сейіліп, кеше сұхбаттас, дәмдес болған бауырларың, қазір қасыңнан табылмауда. 

Біз сол өзгерістерге, өмір деген сахнаға тамашалауға келген көрермендер іспеттіміз.  Айналадағы болып жатқан құбылыстардың бізге түк қатысы жоқ секілді….

Әр адам ерте ме кеш пе түбінде өліммен бетпе-бет келеді. Мейлі сіз әлемді басқарыңыз, жайпаңыз шайқаңыз, ешкімнің қолы жетпейтін жерге сарайлар салып паналаңыз, бәрібір күндердің бір күнінде өлім періштесі жетіп,  жаныңызды алары ақиқат. Алла Тағала Құран Кәрімде:

أَيْنَمَا تَكُونُوا يُدْرِككُّمُ الْمَوْتُ وَلَوْ كُنتُمْ فِي بُرُوجٍ مُّشَيَّدَةٍ ۗ

«Қай жерде болсаңдар да тіпті ең биік қамалдардың ішінде (немесе көктегі жұлдыздарды паналасаңдар да) болсаңдар да өлім сендерге жетеді»,[1] деген. Басқа бір аятта:

كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُ الْمَوْتِ

«Әр жан иесі өлімнің дәмін татушы»,[2] дейді.

Адам әр нәрсенің әлгі зат түгесілер шақта түсінеді. Жарқыраған күннің қадірін түнде, денсаулықтың қадірін ауырғанда, жастық шақтың қадірін қартайғанда, байлықтың қадірін кедей болғанда түсінген секілді өмірдің қадірін өлім таяр кезде бірақ түсінеміз.

  Пайғамбарымыз ﷺ өзінің хадисінде:

  اغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شَبَابَكَ قَبْلَ هِرَمِكَ،وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ، وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ، وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер: өлмей тұрып өмірдің қадірін, бір нәрсемен шұғылданбастан бұрын бос уақыттың, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастық шақтың, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біліңдер»[3]деген.

Өмірді, дүние ләззатын құша сүйген адам көп жағдайда ақиқат болған өлімді еске алудан қашқақтайды, өлім жайлы айтылса, көңілі құлазып, жүрегі сыздайды. Сол сәтте Алла оның жанын әкететіндей тыпыршып, әңгіме сарынын басқа бағытқа ауыстыруға тырысады. Алла Тағала Құран Кәрімде ондай адамдар жайында:

 قُلْ إِنَّ الْمَوْتَ الَّذِي تَفِرُّونَ مِنْهُ فَإِنَّهُ مُلَاقِيكُمْ ثُمَّ تُرَدُّونَ إِلَى عَالِمِ الْغَيْبِ وَالشَّهَادَةِ فَيُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ  

«Ендеше, оларға: «сендер қашып жүрген өлім түптің-түбінде алдарыңнан шығады. Содан кейін ғайыпты да жарияны да толық білетін Алланың құзырына қайтарыласыңдар. Сонда Ол сендерді не істеп, не қойғандарыңнан толық хабардар етеді», деп айт»[4].

Адамның өмірден озуы яғни, өлуі – бір кезеңнен екінші кезеңге ауысуы. Кезінде әкеміздің белінде жүр едік, кейін анамыздың бойына ауыстық, одан кейін ананың қараңғы құрсағынан бұл жарық дүниеге келдік. Анамыздың бойында жүргенде бұл өмір бізге бейтаныс болса, бұл өмірде біз үшін ақыреттік өмір де бейтаныс болмақ. Өмір адам үшін бір уақытша аялдайтын бекет іспетті.

Дегенмен өлімнің көптеген хикметтері бар:

-Алланың ұлылығы паш етіледі. Жоқтан бар еткен Алла адамның кез-келген уақытта жанын алуға құқылы. Біз адамның өмірден өткеніне таң қаламыз, бірақ оның қандай құдіретпен жаратылғанына мән бермейміз. Оны ерекше көркем түрде жаратты оны еститін, көретін, сөйлейтін, ақылы кемел адам етті. Оған бұл дүниеде өмір сүруге, көбеюге, ризық несібе теруге мүмкіндік берді. Ең соңында Алланың құдіретімен бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылып, пәнилік болды.

– Өлім адам үшін ұлы сынақ. Алла Тағала Құран Кәрімде:

     الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلًا وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ

«Ол қайсыбірің анағұрлым игі һәм сауапты іс істер екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Ғафур (құлдарының күнәлары қанша ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда оларға өте кешірімді)»[5].

– Адам өлім алдында өзінің дәрменсіз, әлсіз құл екенін сезіненді. Кәрі бол, жас бол, мейлі бай бол, күшті бол өлім алдында баршамыз шарасызбыз. Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَلَوْلَا إِذَا بَلَغَتِ الْحُلْقُومَ (83وَأَنتُمْ حِينَئِذٍ تَنظُرُونَ (84وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنكُمْ وَلَٰكِن لَّا تُبْصِرُونَ

«Жан алқымға тығылғанда не істер екенсіңдер, көрейік, сол бір сәтте өлім аузында жатқан адамның басында амалдарың құрып, (Құдайдың ісіне не шара деп) құр қарап тұрасыңдар. Біз оған сендерден де жақынбыз, алайда сендер көрмейсіңдер»,[6] деп, адамның өлім алдындағы шарасыздығын баян етуде.

  • Белгілі бір мақсатпен жаратылғанын, ол ұлы мақсат – құлшылық екенін түсінеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ

«Мен жындар мен адамды тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым»[7].

  • Егер өлім болмаса, өмірдің ләззатын сезіне алмас еді. Адамның кез-келген уақытта бұл өмірмен қош айтысатынын білуі – өмірге деген құштарлығын одан бетер арттыра түседі.
  • Өлім шынайы мұсылмандар үшін қиыншылықпен сынақтардың соңы мәңгі рахаттың алғашқы баспалдағы. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде мүміндер жайында:

وَمَا عِنْدَ اللَّهِ خَيْرٌ لِلْأَبْرَارِ 

«Алланың дәргейіндегі бар игілік – ізгі де кемел мүміндер үшін әлдеқайда қайырлы»[8], деген.

Күнәһарлар үшін бұл дүниенің түгесуімен рахат атаулы да аяқталады. Мұсылман үшін бұл өмір ақыреттік өмірмен салыстарған тозық іспетті болса, кәпірлер үшін бұл өмір жәннат болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранда:

      وَلَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ كَفَرُوا أَنَّمَا نُمْلِي لَهُمْ خَيْرٌ لِأَنْفُسِهِمْ إِنَّمَا نُمْلِي لَهُمْ لِيَزْدَادُوا إِثْمًا وَلَهُمْ عَذَابٌ مُهِينٌ

«Күпірлік қылғандарға (бұл дүниеде) мұрсат берген болсақ, олар оны өздері үшін қайырлы екен деп ойламасын. Шынтуайтында, Біз оларға одан сайын күнәға бата түссін деп, мұрсат берудеміз. Олар үшін (ақыретте өздерін) қор қылатын азаптар бар»[9].

– Өмір сен үшін бір мүмкіндік сол себепті тіріңде амал жасап қал. Біздің әр атқан таңымыз біз үшін бір мүмкіндік. Өлім сәтінде адамның қалайтын жалғыз тілегі – бір сағат болсын өмірге қайтып, тәубе етіп, Аллаға жақындататын амалдар жасау. Алла Тағала Құран Кәрімде: 

 حَتَّى إِذَا جَاءَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِ * لَعَلِّي أَعْمَلُ صَالِحًا فِيمَا تَرَكْتُ كَلَّا إِنَّهَا كَلِمَةٌ هُوَ قَائِلُهَا وَمِنْ وَرَائِهِمْ بَرْزَخٌ إِلَى يَوْمِ يُبْعَثُونَ 

«Егер ол кәпірлердің біреуіне ажал жетсе: Уа, Раббым, мені дүниеге кері қайтара көр!». Игі істер істеп, зая болған ғұмырымның орнын толтырайын», деп жалбарынады. Жоқ ол мүмкін емес, бұл оның айтқан құр сөзі ғана, енді олардың артында қайта тірілетін күнге дейін өткел бермес бөгет (қабір әлемі) бар»[10].

Адамдар ұйқыда, өлім адамды оятушы.

Дүниенің, өмірдің қиял, түс екеніне еш күмән жоқ, өйткені Пайғамбарымыз ﷺ бір хадис шәрифінде: «Адамдар ұйқыда, өлген кездерінде оянады» деген.

Ия, адам түсінде өте бай, жоғары мансап, абырой иесі, балқып, шалқып жүруі мүмкін, бірақ оянған кезде оның бәрі түсі екенін біледі. Оянғаннан кейін: «Менің соншама мүлкім бар еді, мансабым, абыройым бар еді» деп, айта алмайды. Осы сияқты адамдар да өлген кезде мал-мүлкі, байлығы, бала-шағасы, әйелі, бәрі дүниеде қалады. Адамдар өліп оянған кезде «Біз қайда келдік, бұл қай жер? Біздің мал-мүлкіміз, мансабымыз бар еді, туыстарымыз, достарымыз бар еді, олардың бәрі қайда?» десе де ешқандай мәні болмайды.

Кейбір ғалымдар: «Адамдар мас, өлген кезде есін жинайды» деген. Яғни, мастық өлген кезде бітеді. Мал-мүлік мастығы, атақ-даңқ мастығы, мансап мастығы.

Өлімді еске алудың артықшылығы:

Шын мәнінде өлімді жиі еске алу дүниенің құлы болудан алыстатып, ақыретке дайындығын күшейтеді. Ал өлімді ұмыту болса, адамды дүние батпағына одан бетер батыра түседі.

Атақты Омар ибн Абдул Азиздің кезінде кештерде өз құзырына пақыр кедейлерді жинап алып, өлім, ақырет  жайында уағыз айтатын, сол отырыстардан адамдар жаназадан шыққандай әсер алады екен.

Мұсылмандардың анасы Айшаға (р.а.) бір әйел келіп, өзінің жүрегінің қаттылығын айтып шағымданды, сол кезде мұсылмандардың анасы: «Өлімді жиі еске ал» деп насихат айтқан екен.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) бір күні бір қауымның қасынан өтіп бара жатқан кезде олардың ойын сауыққа беріліп, күліп жатқанын көреді сол кезде сахабаларына былай дейді:

شوِّبُوا مَجْلِسَكُمْ بِذِكْرِ مُكَدِّرِ اللَّذَاتِ». قَالُوا: وَما مُكَدِّرُ اللَّذاتِ؟ قال: «الْمَوْتُ

«Отырыстарыңда ләззатты тоқтататын амал жайында көбірек еске алыңдар», дейді. Сол кезде олар: «Ләззатты тоқтататын не?» дейді. Ол: «Өлім», деп жауап береді[11].

Басқа бір хадисте:

اُذْكُرُوا الْمَوْتَ، أَمَّا وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَوْ تَعْلَمُونَ مَا أَعْلَمُ لَضَحِكْتُمْ قَلِيلًا وَلَبَكَيْتُمْ كَثِيرًا .

«Өлімді еске алыңдар жаным құзырында болған Алламен ант етейін, егер сендер мен білген нәрсені білсеңдер аз күліп көп жылар едіңдер»[12] деді.

 لَوْ تَعْلَمُ الْبَهائِمُ مِنْ الْمَوْتِ ما يَعْلَمُ اِبْنُ آدَم ما أَكَلْتُمْ مِنْها سَمِينًا

«Егер жануарлар адам баласы білген нәрсені білсе, ішінде семізін кезіктірмес едіңдер»[13]деген

Өлімді еске алуда адамдардың жағдайы:

Бірінші топтағы дүние ләззатына мас болған адамдар өлімді еске алса  терең күрсініп, дүниесін қимастықпен еске алады. Ол Жаратушысына шынайы иман келтірмеген, өмірінде бір рет болсын басын сәждеге тигізбеген, өткен өмірі тек ойын-сауық. Өлім жайында айтылса, шекесі тырысып: «бұдан басқа тақырып құрып қалдым ма?» дегендей сыңай танытады. Оған бауырмашылдық танытып, иман жолына шақырған адам болса: «барған соң көреміз ғой, жүрегім таза, сәждеге бас ұрып намаз оқитындай ерігіп жүр дейсің бе? Кәзір қарбалас заман басымды қатырмай жөніңмен жүрші» деп шығарып салатын адамдар да бар. Бұл әрекеті оны Жаратушысы Алладан одан бетер алыстата түсіреді. Оның уайымы – жиған дүние мүлкінің қолды болуы, рахат атаулыдан үзілуі.

Екінші бір адамдардың бойында  өлімге деген қорқыныш болғанымен, оның бұл қорқынышы тәубасының «қабыл бола ма,  болмай ма?» немесе «салихалы амалдарым жеткіліксіз бола ма?» деген алаңдауынан туындайды. Ондай адамдар өлімнен қорқады. Бұл пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кімде-кім Алламен қауышуды қаламаса, Алла да онымен қауышуды қаламайды»[14] дегенхадисі шеңберінде кірмейді. Бұл адамның кейпі Раббысы оны разы болған күйде қарсы алғанын қалайтын адамның жағдайына ұқсайды. Оның өлімнен қорқуындағы себеп – Алла алдына дайындықсыз бару. Ішкі түйсігімен ол намазының толық болмай жүргенін, ата-анасымен қатынасын дұрыс жолға қоя алмағанын, дін жолындағы қызметінің аздығын сезеді. Бұл адам құлшығына, іс-әрекеттеріне, уақытына салғырт қарайды.

Адамдардың ішінде абзал болған бір топ өлімді бір сәт есінен шығармайды. Әрбір құбылыс ол үшін бұл өмірдің пәнилігін паш етіп тұрғандай көрінеді. Ол адамның күйі – жақын арада мәңгі сапарға аттанатын адамның кейпі. Әр сөзіне мән беруші, күнә істерден бойын аулақ ұстаушы, намазын ықыласпен оқып, дәретінің әрбір мүшесін зікірмен асықпай алушы адам. «Түнде ұйқы кезімде жан тапсырып қалам ба?» деп дәретпен жатуы. Бір күннің атуы ол адам үшін үлкен нығмет, өйткен ол құлшылық жасап, тәубесіне келуге мүмкіндік алды. Әр күннің батуы ол үшін бір истиғфар, күні бойы біліп-білмеген күнәларын еске алып, кешірім сұраумен болады. Шынайы құлдың сипаты міне осылай. Бірақ бұл дегеніміз дүниесін тастап қою деген сөз емес, керісінше дүниесі ақыреттік істеріне кедерге болмайтын адам.

Өлімді еске алудың жолдары:

  1. Өлімді еске алуда жүрегін босату.   Өлімді еске алған кезде дүниенің кейбір күйбеңі мен сынақтары екінші сатыда қалуы тиіс. Бейне қауіпті ұзақ сапарға немесе ауыр жорыққа шықпақшы болған адам кейпінде болуы. Бұл адамның есіл-дерті сол ұзақ сапардан аман есен оралу, жорықтан аман есен қайту. Өлімді еске алушы адам да өлімнен кейінгі жағдайын Алланың сынағынан қалай өтетініне қам жейді.
  2. Алдыңғы өткен қауымдар жайында әңгіме қозғау. Ұлы тұлғалар пайғамбарлардан бастап, саңлақ сахабалар мен әулиелердің одан қала бере кешегі ел билеген хандарымыз бен атағы жер жарған батыр баһадүр бабаларымыз, тілінен бал тамған би-шешен, ақындарымыздың қазіргі уақытта ешқайсының ізі қалмай о дүниелік болғанын еске алу ол да өлімнің ақиқаттылығын сездіреді. Бұл турасында Әбу Дарда (Алла одан разы болсын): «Өлген адамдарды еске алғанда өзіңді солардың бірімін деп сана», деген.
  3. Қабірістанды зиярат ету: Пайғамбарымыздың (ﷺ) алғашқы дәуірінде қабірге бару тыйым салынып кейін рұқсат етіледі. Бұл да рухани дәріс, адамның бір сәт қабір әлемімен қауышуы. Қабірстанды зиярат қылған адам ондағы таныс адамдардың жақсы қасиеттерін айтып әңгіме қылғаны дұрыс. Бұндай серуендерден кейін көкірегі ояу адам ойланады, өзінің өлімнің алдында дәрменсіздігін сезінеді. «Бұл қауым да кезінде ойнап күліп еді енді міне олар пәнилік өмір кешуде, біз де күндердің бір күнінде солардың санатына қосыламыз» деген ойға келеді.

Өлімді еске алған адам өмірдің қадірін түсінеді. Бүгінгі атқан таң ол үшін зор мүмкіндік екенін біледі. Әр адам Жаратушысымен абыройлы күйде қауышқанды қалайды. Алайда соған тиісінше дайындық жасамайды. Баршамызға Өзіңнің разылығыңа бөленетін амалдарды жасауға жәрдем бере көр.


[1] «Ниса» сүресі, 78-аят.

[2] «Әли-Имран» сүресі, 185-аят.

[3] Хаким хадистер жинағы

[4] «Жұма» сүресі, 8-аят.

[5] «Уақиға» сүрес, 2-аят.

[6] «Уақиға» сүресі, 83-85 аяттар.

[7] «Зария»т сүресі, 56-аят.

[8] «Мүлік» сүресі, 2-аят.

[9] «Әли-Имран»  178-аят.

[10] «Муминун» сүресі, 99-100 аят.

[11] Ибн әби Дуния

[12] Тирмизи хадистер жинағы

[13] Байһақи хадистер жинағы

[14] Бұхари хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲