3-Хадис. Ислам негіздері

عن أبي عبد الرحمن عبدالله بن عمر بن الخطاب رضي الله عنهما قال: سمعت رسول الله صلى الله عليه وسلم يقول (( ‏بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ

وَأَنَّ ‏ ‏مُحَمَّدًا عبده ورسوله وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَ  حَجُّ الْبيت وَصَوْمِ رَمَضَانَ

Хадистегі сөздердің мағынасы

Арабша Аудармасы Арабша Аудармасы
عن дан, ден, тан, тен, нан, нен أبي عبد الرحمن Абдурахманның әкесі
عبدالله Абдолла بن عمر بن الخطاب Хаттаб ұлы Омардың баласы
          رضي الله Алла разы болсын عنهما Ол екеуінен
قال айтты سمعت     естідім
رسول الله Алланың елшісі صلى الله عليه وسلم Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын
يقول айтады بُنِيَ құрылған
الْإِسْلَامُ ислам عَلَى خَمْسٍ бес нәрсеге
شَهَادَةِ куәлік أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ Алладан басқа тәңір жоқ екеніне
وَ және وَأَنَّ ‏ ‏مُحَمَّدًا Мұхаммедтің
عبده Оның құлы و Және
رسوله елшісі إِقَامِ الصَّلَاةِ намаз оқу
وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ және зекет беру حَجُّ الْبيت қажылық
وَصَوْمِ ораза ұстау رَمَضَانَ рамазанда

 

            Әби Абдурахман Абдолла ибн Омардан риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.у) естідім «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің (с.а.с.) Аллаһ жіберген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, (шамасы келсе) қажылыққа бару»делінген. [1]

 

Хадисті жеткізуші сахаба

           Абдуллаһ ибн Омар  (р.а) пайғамбарлықтың үшінші жылы Меккеде дүниеге келді. Толық есімі Абу Абдиррахман Абдуллаһ ибн Омар ибн ал-Хаттаб ал-Қураши ал-Ғадауи.  Әкесі хазірет Омар ибн ал-Хаттаб, ал шешесі Зайнаб бинти Мазғун ал-Жумайһи болатын. Хазірет пайғамбарымыздың ﷺ жары момындардың анасы хазірет Хафса (р.а) Абдуллаһ ибн Омардың (р.а) туған әпкесі.

Абдуллаһ ибн Омар (р.а)  жас, алғыр және хазірет пайғамбарымыздың ﷺ қасында болғаны үшін тафсир, хадис, фиқһ және басқа да ғылымдарды жетік меңгерді. Абдуллаһ ибн Омар (р.а)  көп пәтуа берген жеті сахабаның бірі еді. Әсіресе жасы ұлғайған сахабалар өмірден озып кеткенде көпшілік мұсылмандар Абдуллаһ ибн Омар (р.а)  мен Абдуллаһ ибн Аббасқа (р.а)  барып олардан пәтуа сұрайтын. Осылайша Абдуллаһ ибн Омар (р.а) өмірінің 60 жылын халыққа пәтуа берумен өткізген. Әрі ең көп хадис жеткізген (муксирун) жеті сахабаның екіншісі болып, хазірет пайғамбарымыздан ﷺ қайталанғандарымен бірге қосқанда 2630 хадис риуаят еткен. Бұған қоса Ислам тарихында Ғабадила (Абдуллаһтар) есімімен танымал сахабалардың бірі болған. Олар – Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Зубайр және Абдуллаһ ибн Ғамр ибн Ас болып бұл төртеуінің бір мәселеде ортақ пікір ұстануы шариғатта өте құнды дәлел болып бағаланады.

Исламның бірінші негізі шаһадат[2]

Алла Тағаладан басқа ешбір (құлшылыққа лайық) тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің Алланың елшісі екендігіне куәлік беру. Мұның мағынасы – Алла Тағаланың бар екенін, Оның серігі жоқ Жалғыз екендігіне иман келтіру, сондай-ақ Мұхаммедтің (ﷺ) пайғамбарлығы мен елшілігіне сену. Кәлима айту ислам дінінде басты ұстаным ретінде қарастырылған. Бұл тұрғыда Пайғамбар (ﷺ):  «Кімде-кім шын ықыласымен «Алладан басқа ешбір құдай жоқ» деп айтса, ол жаннатқа кіреді»[3]– дейді.

Исламның екінші негізі – намаз.

Намаздың сыртқы және ішкі парыздары:

Намаздың парыздары – он екі. Бұлардың алтауы – сыртында, алтауы – ішінде. Әуелі сыртында болғандарға тоқталайық.

  1. Хадасаттан тазалық.
  2. Нәжісаттан тазалық.
  3. Әурет жерін жабу.
  4. Құбылаға бет бұру.
  5. Уақыт.
  6. Ниет.

Бұлар намаздың шарттары деп аталады. Қалған алтауы намаз ішіндегі парыздар:

  1. Ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі
  2. Қиям (Тұру)
  3. Қырағат (оқу)
  4. Рүкүғ
  5. Сәжде
  6. Ақырғы отырыс

Намазды тәрк қылудың кесапаты жайлы

(Имам Зәһәбидің «Кәбәир кітабынан)

Алла тағала  Құран кәрімде:

فَخَلَفَ مِن بَعْدِهِمْ خَلْفٌ أَضَاعُوا الصَّلَاةَ وَاتَّبَعُوا الشَّهَوَاتِ ۖ فَسَوْفَ يَلْقَوْنَ غَيًّا ﴿٥٩﴾ إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ صَالِحًا فَأُولَـٰئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ وَلَا يُظْلَمُونَ شَيْئًا 

(59) Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына, намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (қияметте) адасуларының сазайын тартады.(60) Бірақ кім тәубе қылып, иман келтірген түрде түзу іс істесе, міне солар ешбір әділетсіздікке ұшырамай жәннатқа кіреді.[4]
            Бұл аятқа қатысты Ибн Аббас Алла одан разы болсын: «Құрандағы «намазды қойып» дегендегі аяттың мағынасы түгелдей тастап қою емес намазды уақытынан себепсіз кешіктіру. Табиғиндердің имамы Сағид ибн әл-Мусайаб бұл аят турасында: «Бесін намазын асыр намазын кірер кезде оқу, асыр намазын ақшам намазына дейін кешіктіру, ақшам намазын құптан намазына дейін кешіктіру, құптанды таң намазы кіргенге дейін кешіктіру, таң намазын күн шығар  алдында оқу. Егер адам осы күйінде дүниеден өтетін болса, тозақта түбі терең ұсқынсыз болған  алаңға тасталады» делінген.

Алла тағала басқа бір аятта:

فَوَيْلٌ لِّلْمُصَلِّينَ ﴿٤﴾ الَّذِينَ هُمْ عَن صَلَاتِهِمْ سَاهُونَ

Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш!(5) Олар намаздарын немқұрайлы оқиды.[5] Намаздарын ешбір жүйесіз қалай болса солай оқығандар. Сағд ибн Әби Уақас былай дейді: «Пайғамбарымыздан намаздарына немқұрайлы болғандар жайында сұрадым: «Ол уақытын кешіктіру» деп жауап берді. Бұл адамдар намаз оқыса да намаздарын кешіктірген сол үшін оларға Алланың үлкен азабы бар. Құранда «уәил» деген сөз келген бұл тозақтағы бір алаң оның ыстықтығы сондай дүниедегі таулар еріп кетер еді. Бұндай сипатта намаз оқыған адамға тәубе ету қажет. Басқа бір аятта Алла:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ﴿٩﴾ 

Әй мүміндер! Сендерді малдарың, балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар, зиян тартушылар.[6]

         Тәпсір ғалымдары аяттағы «Алланы еске алудан» деген сөздерді бес намазға қатысты айтылады делінген. Көпшілік қазіргі уақытта дүние, сауда, өмірлік күйбеңмен бала өсіру қызығына батып, намаздарын тәрк қылуда немесе уақытынан тым кешіктіруде. Пайғамбарымыз (с.а.у):

عن أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ : سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ : ( إِنَّ أَوَّلَ مَا يُحَاسَبُ بِهِ الْعَبْدُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عَمَلِهِ صَلَاتُهُ فَإِنْ صَلُحَتْ فَقَدْ أَفْلَحَ وَأَنْجَحَ وَإِنْ فَسَدَتْ فَقَدْ خَابَ وَخَسِرَ

«Адамның қиямет күні адамның ең бірінші есепке алынатын амалы – намаз, егер намазы дұрыс болса, жетістікке жеткені, ал намазында нұқсан болса, құрдымға кеткені»[7] делінген. Алла тағала Құран кәрімде тозақ иелерін сипаттап былай дейді:

مَا سَلَكَكُمْ فِي سَقَرَ ﴿٤٢﴾ قَالُوا لَمْ نَكُ مِنَ الْمُصَلِّينَ ﴿٤٣﴾ وَلَمْ نَكُ نُطْعِمُ الْمِسْكِينَ ﴿٤٤﴾ وَكُنَّا نَخُوضُ مَعَ الْخَائِضِينَ 

«Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?»(43) Олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік.»(44) «Әрі міскінді тамақтандырмайтын едік.»[8]

Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде:

وقال النبي صلى الله عليه وسلم: » العهد الذي بيننا وبينهم الصلاة فمن تركها فقد كفر

«Біз бен олардың (кәпірлердің) арасын бөлетін ол намаз, кімде-кім намазды тастайтын болса, күпірлік жасаған болады.[9]

Пайғамбарымыз басқа бір хадисте:
» من فاتته صلاة العصر حبط عمله »

«Кімде-кім асыр намазын қаза қылса, амалы құрдымға кетеді»[10], делінген.

Басқа бір хадисте:

» من حافظ عليها كانت له نوراً وبرهاناً ونجاة يوم القيامة ومن لم يحافظ عليها لم تكن له نوراً ولا برهاناً ولا نجاة يوم القيامة وكان يوم القيامة مع فرعون وقارون وهامان وأبي بن خلف »

Кімде-кім бес уақыт намазға мұқият болса, қиямет күні ол құтылады әрі намазы оған дәлел болады және Алла оған бір нұр нәсіп етеді. Ал егер кімде-кім салғырт қараса оның нұрын алып қояды әрі дәлелі болмайды және қияметте құтылу жоқ. Ол қиямет күні Перғауын, Қарун, Һаамаан, Абу ибн Халафпен бірге болады» делінген.[11]

Осы хадиске байланысты кейбір ғалымдар былай деп айтқан: Егер кімде кім намазды байлық үшін тастаған болса Қарунмен бірге тіріледі, егер басшылық үшін тастаған болса, перғауынмен бірге тіріледі, егер уәзірлік қызмет үшін тастаса Һааманмен бірге тіріледі, егер сауда үшін тастаса, Абу ибн Халафпен бірге болады деп түсіндірген.

Омардан келген хадисте бір адам келіп пайғамбарымыздан (с.а.у): «Исламда ең абзал амал не? деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Уақытында оқылған намаз, егер кімде-кім намазды тастаса дінінен айрылады, намаз діннің тірегі»[12] деді.

Таң намазында Омарға қастандық қылынғанда да намазын бұзбастан жалғастыра берген және өз сөзінде: «Кім намазды жоғалтса оның дінде үлесі жоқ» деген.

Атақты хадисте келгендей: Кімде-кім бес уақыт намазға бекем болса, Алла тағала оған бес кереметті нәсіп етеді, өмір таршылығынан, қабір азабынан босатылады, амал дәптері оңынан беріледі, сират көпірінен найзағайдай жылдамдықта өтеді және жәннатқа есепсіз кіреді. Ал егер кім немқұрайлықпен қарайтын болса, Алла оны он бес азаппен жазалайды. Бесеуі дүниеде, үшеуі өлім шағында, үшеуі қабірде, үшеуі қабірден шыққан кезде. Дүниедегі азабына келетін болсақ, өмірінің берекесін алып қояды, жүзінен салихалылардың белгісін жояды, амалдары Алланың сауабына кенелмейді, дұғасы көтерілмейді, салихалыларға қатысты дұғада үлесі болмайды. Өлім сәтіндегі азапқа келетін болсақ, бейшара қалыпта өледі, аш күйде өледі, шөлдеген күйде өледі, дүниенің теңіздерін ішсе де сусыны қанбайды. Қабірдегі азапқа келетін болсақ, қабірі оған таршылық қылады,тіпті қабырғалары бір-біріне айқасып кетеді екен, қабірі оттай болады, күндіз-түні шоқта аунағандай болады және қабірінде «шужағ» деген жыланмен азапталады. Қабірден шыққаннан кейінгі азабы, қияметте қатты азап, Алланың ашуы, тозаққа кіру міндет болады. [13]

Намазды немқұрайлы оқу жайында пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: бір адам мешітке  кіріп, намаз оқиды содан кейін пайғамбарымызға (с.а.у) келіп сәлем береді,  пайғамбарымыз (с.а.у) оның сәлемін қайтарып: «Қайт сен намаз оқыған жоқсың» деді. Ол қайтып намазын оқыды. Содан кейін тағы да келіп сәлем береді. Пайғамбарымыз (с.а.у) оның сәлемін қайтарып: «Қайт сен намаз оқыған жоқсың» деді. Ол тағы да алдындағыдай намазын оқып, пайғамбарға (с. а. у.)  сәлем береді: Ол үшінші мәрте: «Қайт сен намаз оқыған жоқсың» деді. Үшінші мәртесінде әлгі адам: «Ей ақиқатпен жіберілген Алланың елшісі бұдан қалай жақсырақ оқимын үйретші» деді. Пайғамабарымыз (с.а.у) : «Намазға тұрғаныңда тәкбір айт және өзіңе Құраннан жеңіл болғынын оқы содан кейін рүкуғқа бар рукуғтың хақысын толық бергеннен кейін денеңді тікте содан кейін сәжде қыл, сәжденің хақысын толық бергеннен кейін, отырыс қыл, отырыстың хақысын толық бергеннен кейін тағы да сәжде қыл, ол сәжденің хақысын бер міне намазыңның барлығын осылай істейтін бол[14]», деді.

Басқа бір хадисте:

وثبت عنه صلى الله عليه وسلم أنه قال: » أشد الناس سرقة الذي يسرق من صلاته: قيل وكيف يسرق من صلاته؟ قال: لا يتم ركوعها ولا سجودها ولا القراءة فيها »

«Ұрылардың ең жаманы намазда ұрлық жасағандар. «Ол қалай болады дегенде? «Рукуғын, сәждесін, қирағатын толық жасамайды»[15] деді.

Басқа бір хадисте:

وعن أبي موسى قال: صلى رسول الله صلى الله عليه وسلم يوماً بأصحابه ثم جلس فدخل رجل فقام يصلي فجعل يركع وينقر سجوده فقال رسول الله صلى الله عليه وسلم: ترون هذا لو مات مات على غير ملة محمد صلى الله عليه وآله وسلم ينقر صلاته كما ينقر الغراب الدم أخرجه أبو بكر بن خزيمة في صحيحه.

Бір күні пайғамбарымыз (с.а.у) мешітте  отырған кезде бір адам келіп намаз оқиды рукуғқа барғаннан кейін, сәждені тым жылдам жасайды. Бұны көрген пайғамбарымыз (с.а.у): «Мұны көріп тұрсыңдар ма? Егер осы қалыпта өліп кетсе менің миллетімде болмаған күйде өліп кетеді. Намазын қанды шұқыған қарға секілді шұқуда»[16] деді.

Намаз, мінәжат – дінннің ең басты белгісі, ең басты рәмізі. Ислам дінінде ол пенде мен Рабының арасындағы тұрақты байланыс. Сол арқылы пенде күнә-кемшіліктерінен тазарады, туралықпен өмір сүру салты да нығая түседі және сол намаз арқылы шайтанның азғыруы мен нәпсінің қыспағынан сақтанады. Намаз пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер үшін, барлық ізгі пенделер үшін ең басты байлық, дүниедегі ең сүйікті іс болған.

Исламның үшінші негізі – ораза.

Оразаның шарттары:

  1. Мұсылман болу
  2. Балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болу: 
  3. Ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу:

Оразаның дұрыс орындалу шарттары

  1. Хайыз бен нифастан таза болу:
  2. Ниет:

Ораза – адам үшін рухани дауа іспетті. Адам ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, қартаймай тұрып жастықтың қадірін түсінбегендей ораза ұстамайынша Алланың беріп жатқан сансыз нығметтерінің қадірін жете түсінбейді. Ораза арқылы адам рухани өсіп, тақуалығы арта түседі, Жаратқанның бұйырған әмірлеріне бас июді үйренеді. Басқа құлшылықтарға намаз, зекет, қажылықта рия араласуы мүмкін болса оразада адам олай жасай алмайды, ол тек шынайы Алла үшін ғана болады. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде ораза ұстаудың сауабы жайында:

 إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ

 

       «Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады деп айт»[17], деген.

Алла тағала өзінің құдси хадисінде былай дейді:

كُلُّ حَسَنَةٍ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِ مِائَةِ ضِعْفٍ، وَالصَّوْمُ لِي، وَأَنَا أَجْزِي بِه

«Әрбір жақсылыққа 10 еседен 700 есеге дейін сауаб беріледі. Бірақ ораза маған тән ғибадат, оның сияпатын мен беремін»[18].

Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбәрак хадисінде:
إِنَّ فِي الْجَنَّةِ بَابًا يُقَالُ لَهُ الرَّيَّانُ يَدْخُلُ مِنْهُ الصَّائِمُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ يُقَالُ أَيْنَ الصَّائِمُونَ فَيَقُومُونَ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ فَإِذَا دَخَلُوا أُغْلِقَ فَلَمْ يَدْخُلْ مِنْهُ أَحَدٌ

«Шынында, Жәннатта «Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза тұтушылар ғана кіреді, және олардан басқа ол қақпадан ешкім кірмейді. «Ораза тұтушылар қайда?» — деп айтылады, сонда олар алдыға шығады, және олардан басқа ол қақпадан ешкім өтпейді. Олар кіргеннен соң ол қақпа жабылады да, одан басқа ешкім кірмейді»[19].

Дегенмен, ораза ұстаушы адамның оразаны қалай ұстағанына байланысты деңгейлері үш түрлі болады. Бірінші деңгейдегі адамдар таңның атысы күннің батысы тек ішіп-жеумен, төсек қатынасынан тыйылумен шектелсе, екінші деңгейдегі адамдар дене мүшелерімен жасайтын  күнәлардан шектеледі: олар өсек-өтірік тыңдамайды, харам нәрселерге қарамайды, ешкімді балағаттамайды, қолымен тек Алланың бұйырған несібесін теріп, аяғымен тек бұйырған жеріне барады. Үшінші деңгейдегі адамдар ол жүрегімен ораза ұстайтын адамдар, мұндай адамдар дүниелік ойлардан арылған барлық құлшылығын тек бір Алланың разылығына арнаған жандар. Ондай адамдар қиямет күні пайғамбарлармен, сыншылдармен, Алланың жақын пенделердің қатарында болады.

Осы деңгейлерді жеке-жеке саралайтын болсақ, бірінші деңгейдегі адамдарға Алла тағала олардың ниеттеріне байланысты еселерін береді. Аллаһ елшісінің (с.а.у): “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі[20]», деген хадисі бар. Демек, кімде-кім бір мақсатта ораза  ұстаса, Алла тағала сол ниетіне қарай мақсатына жеткізеді. Бұндай мақсатты ұстаған адамдар Алланың сауабына кенелмейді, өйткені оның ниеті Алланың разылығы болмады.  Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде:

 

من لم يدع قول الزور والعمل به فليس لله حاجة في أن يدع طعامه وشرابه

«Кімде-кім ораза кезінде жалған сөйлеуін доғармаса, Алла тағалаға оның тамақтан, сусыннан тыйылғанының қажеті жоқ».[21]

Екінші деңгейіне келер болсақ, олар сыртқы дене мүшелерін харамнан тыйғандар. Алла тағала Құранда:

وَاللَّهُ أَخْرَجَكُم مِّن بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْئًا وَجَعَلَ لَكُمُ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ ۙ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

 «Алла тағала сендерді аналарыңның ішінен еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкірлік етерсіңдер!»[22] деген. Енді оларға жеке-жеке тоқталар болсақ:

1-  Көз.  Адам баласы көзінің көру қабілеті өзіне берілген ұлы сый екендігін жете түсіне бермейді. Көру қабілетінің арқасында адам әлемді көріп, нәпақасын тауып, білім алады. Бірақ, көбіне бұл сыйды басқа бір нәрселерге, тыйым салынған істерге, нәпсіқұмарлыққа пайдаланады. Ораза ұстаушылардың бұл деңгейі жанарларын ораза кезінде харам суреттерден, арсыз кинолардан, біреудің харам жеріне көз салудан  сақтанғандар. Ораза кезінде осылай дағдылану арқылы оразадан тыс уақытта да сол әрекетін жалғастырады. Алла тағала Құран кәрімде:

 

قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ

«(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы[23]» деп айтты. Бұл Құран аятының мағынасы туыстық қатынасы жоқ бөгде әйел мен бөгде еркек бір бөлмеде жеке қалуға шарғатта тыйым салынған, сол секілді әурет жерлеріне де қарауға болмайды.

2- Тіл. Алла тағаланың адам баласына берген шексіз сыйының бірі – cөйлеу қабілеті, яғни тіл. Тіл – адам көкейіндегісін, ой тұнығында жатқан сезімдерін жеткізуші құралы. Оны ұштай білген, еркіне бағындыра алған адам асқақ мұратына жетеді. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз», «Жақсы сөз жан азығы», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» – деген сияқты мақалдар сөздің бұзушы және түзеуші  зор күші екенін, сөйлей білудің орасан зор маңызын танытады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған  бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны тозақтың түбіне лақтырады»[24] деген. Адамның тілімен жасайтын күнәларының басым бөлігі мыналар: ғайбат, өсек айту, келемеждеу, жағымпаздық, өтірік айту т.б… Сол себепті ораза кезінде мұсылман  тіліне қақпақ қою керек.

3- Есту. Ораза кезінде мұсылман құл барлық Алланың бұйырмаған естілуі харам болған өсек, өтіріктен бойын  аулақ ұстауы ләзім. Алла тағала Құран кәрімде :

 

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ

«Олар, өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер»[25] деп айтқан.      

       4Қалған дене мүшелері. Аяғы тек қайырлы нәрселерге ғана бастауы тиіс, арақ, шарап, ойын-сауық сияқты күмәнді жерлердің барлығынан аулақ болады. Қолы болса, тек халәл ризықты ғана тереді, харам ризықпен тамақтанбайды, оны кәдеге жаратпайды. Сол секілді ауыз ашар уақытында да шамасынан тыс ысырапқа беріліп жемейді. Өйткені тоқшылық адамды неше түрлі ауруларға апарады, оның тарауық оқып, ғибадат жасауына кедергі болады.

Құрметті мұсылман бауырлар. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде келгендей Рамазан айында тұтқан ораза бізді сабырлыққа, нәпсімізді тәрбиелеуге, қиындыққа шыдас беруге үйретеді. Бұл қасиетті айда тұтқан оразаларымызды Аллаһ Тағала қабыл етіп, қиямет күнінде ораза ұстағандар ғана кіретін ар-Райян есігінен кірушілер қатарынан етсін. Әмин!

 

Исламның төртінші парызы – зекет.

Зекет мұсылмандарға һижра жыл санауының екінші жылында оразадан бұрын парыз болған. Араб тіліндегі зекет «зәкә» сөзінің негізгі түпкілікті мағыналары өсу, тазару, берекет деген сөздерден құралған. Зекеттің шариғаттағы терминдік мағынасы: «Нисап (зекетті парыз ететін байлықтың мөлшері) байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың ризалығы үшін шариғатта белгіленген адамдарға беруі»

Алла Тағала Құран кәрімде:

            (خذ من أموالكم صدقة تطهرهم و تزكيهم بها)

«Оларды (күнәлардан) тазартып, (сауаптарын) көбейту үшін олардың мал-мүліктерінен садақа (зекет)ал»[26]

Ибн Масғуттан жеткен Табрани риуаят еткен Пайғамбарымыздың хадисінде:

(حصنوا أموالكم بالزكاة، و داووا مرضاكم بالصدقة)

(Зекетпен мал-мүліктеріңе қорғаңдар, садақамен ауруларыңды емдеңдер)[27]

Құран Кәрімнің көптеген жерінде намаз бен зекет құлшылықтары бір-бірімен қатар жүріп отырады:

(وأقيموا الصلاة و آتوا الزكاة)

«Намазды (шарттарына сай етіп) оқыңдар, зекетті (толық) беріңдер»[28]

Басқа бір аятта:

(و ما أمروا إلا ليعبدوا الله مخلصين له الدين حنفاء و يقيموا الصلاة و يؤتوا الزكاة و ذلك  دين القيمة)

«Оларға (яғни Кітап иелеріне) да мінсіз әрі саф сенімді ұстана отырып, шынайы ықыласпен тек қана Аллаһқа құлшылық ету, намазды шарттарына сай етіп толық оқу, зекетті толық беру бұйырылған. Міне осы нағыз дін» [29]

Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде:

عن ابن عمر أنَ رسول الله (صلى الله عليه و سلم) قال: بني الإسلام على خمس: شهادة أن لا إله إلا الله و أنَ محمدا عبده و رسوله و إقام الصلاة و إيتاء الزكاة و حج البيت و صوم رمضان

Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте:

«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ислам діні бес негізге негізделген. Олар: Аллаһтан басқа тәңірдің жоқтығына куәлік келтіру, Мұхаммедтің оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айының оразасын ұстау», — деп айтты» – делінген.[30]

Зекетін беріп, намазын оқыған адамдарға Алла Тағала да қиямет күні шексіз нығметтер нәсіп етеді. Керісінше Алланың берген нығметтерін тиісінше жұмсауға  сараңдық танытып қарсы келгендер жайында Құран кәрімде  :

(و لا يحسبن الذين يبخلون بما ءاتاهم الله من فضله  هو خيرًا لهم بل هو شر لهم سيطوقون ما بخلوا به يوم القيامة و لله ميراث السموات و الأرض و الله بما تعملون خبير)

«Аллаһтың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ көктер мен жердің мирасы Аллаһтікі. Әрі олардың не істегендерін толық білуші»[31]

Зекет парыз болу шарттары

  1. Мұсылман болуы
  2. Нисап көлеміне жетету
  3. Зекеті берілетін байлықтың өсімділігі
  4. Зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы
  5. Қарыз болмауы
  6. Зекеті берілетін байлыққа толық ие болу

Зекеттің адам өміріндегі маңыздылығы шексіз. Оны діни, қоғамдық, жеке тұлғалық маңыздықтар деп бөлуге болады.

Діни тұрғыда:

1-    Ислам  негіздерінің бірі болып саналатын зекет құлшылығын орындау мұсылманды екі дүниеде де бақытқа жетелейді.

2-    Барлық құлшылықтарға тән зекет те адамды Раббысына жақындатып, иманын күшейтеді.

3-    Бұны орындаушы құлға Аллаһ Тағала орасан зор сыйлықтарды нәсіп етеді: «Сендердің адамдардың малына берген өсімдердің Алланың қасында өспейді де Алланың ризалығын тілеп берген зекеттерің өседі. Ал сонда міне солар; артықша сауапқа бөленушілер» (Рум сүресі, 39-аят)

4-    Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисіне сәйкес зекет беру арқылы Алла Тағала өз құлының күнәларын кешіреді: (Судың отты өшіргені секілді, садақа (зекет) да күнәларды өшіреді.

Жеке тұлғаға берері:

1-    Зекет берушінің бойында жомарттылық, мейірімділік сипаттарын қалыптастырады.

2-    Адамдар алдында мерейін өсіреді.

3-    Зекет беру арқылы адам барлық нығметтің тек Аллаһтан ғана екеніне сезіп, түйсігіне жетеді. Бай адам өзінің байлығынан кедейлердің де үлесі бар екенін түсінеді.

Қоғамдағы маңыздылығы:

1-    Қоғамның бір бөлігі болған пақырлардың қажеттіліктерін өтеу, осылайша олардың санын азайту.

2-    Байлар мен кедейлердің арасында зекет берілу арқылы өзара түсіністік көпірі орнайды. Кедейлер өз кезегінде байлардың мүлкіне сұқтанбайды. Керісінше егер бай адам сараң, зекет бермесе оның жаулары да көп болады.

3-    Зекет беруші адамның бұл құлшылықты орындау арқылы өз мал-мүлкіне қауіптенуі азаяды, тіпті кедейлердің өзі аталмыш байдың мүлкінің ұры қарының қолында  құрдымға кетуіне жол бермейді, оның өсіп дамуына өз септіктерін тигізеді.

4-    Әлеуметтік тепе-теңдікке бір қадам болсын жақындайды. Омар ибн Абуләзиздің кезінде халифаттықтың өркендеп тұрған шағында зекет беретін кедейлер табылмағандай жағдайға жеткен.

Әр зекет беруші адамның түйсігіндегі болуы керек нәрсе – осы жолда жұмсалған байлығының бір бөлігі қиямет күні еселеніп қайтатынына толық сену. Өйткені ол сансыз нығметтердің барлығы Аллаһқа тиесілі, осылайша ол қиямет күні, жаны рахатта болып, шексіз нығметтерге бөленеді. Фәнилік өмірде қоғам алдында бауырмашылық, мейірімділікке бөленіп, рухани тыныштыққа ие болады.

Зекеті берілетін байлықтың  түрлері мен зекет  беруді парыз ететін нисап көлемі.

  1. Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм. Нисап мөлшері-85 грамм дедік. Міне, осы 85 грамм алтынның қырықтан бірі немесе 2,5% яғни 2,125 граммы зекет ретінде беріледі.
  2. Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм. Кімде-кімнің 595 грамм күмісі болса, оның қырықтан бірін зекетке беруі-парыз.
  3. Түйенің зекеті
Нисап мөлшері Парыз болған мөлшері
5-9 1 қой
10-14 2 қой
15-19 3 қой
  1. Сиырдың зекеті нисап мөлшері: 30
Нисап мөлшері Парыз болған мөлшері
30 Бір жасар тана
40 Екі жасар сиыр
60 Бір жасар екі тана
  1. Қой мен ешкінің нисап мөлшері: 40 Қырда жайылған қой мен ешкінің нисап көлемі –қырық
Нисап мөлшері Парыз болған мөлшері
40-120 1 қой
121-200 2 қой
201-399 3 қой
400-499 4 қой
  1. Жылқының зекеті: Жылдың көбінде қырда, жайылымда жүрген жылқылардан зекет алынады. Жалпы жылқының құны есептелінеді. Құны нисап мөлшеріне жеткен жағдайда құнының қырықтан бірі немесе 2,5% зекет ретінде беріледі.
  2. Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең     болса
  3. Ақшада: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса
  4. Бау-бақша және егіс өнімдері

Зекеттің хикметі:

Зекеттің негізгі мақсаты кейбіреулер ойлағандай жиналған қаражатты кедейлерге таратып беру емес. Шынайы мақсат адамның ақшаға құл емес екенін сезіндіру.
Бесінші шарт – Қажылық

Қажылық ғибадатының парыздығының шарттары

Белгілі бір адаға қажылық ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы тиіс.
1.Мұсылман болу. Мұсылман еместерге қажылық парыз емес. Сондықтан мұсылман емес адам қажылық ғибадатын орындап болғаннан кейін Ислам дініне кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан баруы тиіс.
2.Ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына жету.
Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық парыз емес. Бұл екеуі қажылықты атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ақыл есі кем адам жазылса, қажылықты шамалары жеткен жағдайда қайта орындалуы парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық.
3.Азат болу. Қажылық ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарды талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға қажылық ғибадаты парыз емес. Өйткені, тұтқындарға ондай мүмкіншілік жоқ.
4.Уақыт. Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытына өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.
5.Қажылық ғибадатын орындауға шамасының жетуі.
а) Денсаулығы болуы
Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажылық парыз емес.
ә) Қажетті қаражат болуы
Қажыға барып-келу қаржысын, жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қаражатын қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз.
б) Баратын жолдың сенімді болуы
Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.

Исламның бір негізі болып табылатын қажылық парыз Алла тағала Құран кәрімде: [ إِنَّ أَوَّلَ بَيْتٍ وَضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذِي بِبَكَّةَ مُبَارَكاً وَهُدًى لِّلْعَالَمِينَ * فِيهِ آيَاتٌ بَيِّنَاتٌ مَّقَامُ إِبْرَاهِيمَ وَمَن دَخَلَهُ كَانَ آمِناً وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ البَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلاً وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ العَالَمِينَ

Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол.(97) Онда ашық белгілер, Ыбырайым (Ғ.С.) ның орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе, аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зират ету (хаж қылу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай.[32]

Пайғамбар өзінің мүбарак хадисінде:

وعن أبي هريرة رضي الله تعالى عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم أنه قال » من حج فلم يرفث ولم يفسق رجع من ذنوبه كيوم ولدته أمه».

«Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»[33],– делінген.

Қажылықтың хикметтері мен кейбір құпиялары:

Ихрамның хикметі:

Қажылық құлшығына кірген адамның ең алғаш жасайтын амалдарының бірі ихрамға кіру, оның екі белгісі бар: Бірінші, көрініп тұрған белгісі ол адамның сыртқы көрінісін жабу үшін киетін киімін тәрк қылуы, өзін әдемілеп, әтір жағып, сақал-мұртты қысқартудан уақытша бас тартуы және барлық жаманшылық атаулыны үзілді-кесілді тоқтату. Алла тағала Құран кәрімде:

فَلاَ رَفَثَ وَلاَ فُسُوقَ وَلاَ جِدَالَ فِي الحَجّ

Кім ол айларда (ыхрам байланып) міндеттенсе, хаж кезінде әйелге жақындасу, кінә істеу және жанжал жоқ. [34]

            Естілетін белгісі ол жоғарғы дауыспен тәлбие айту. Тәлбие сөзі: «Ләббәйк Аллаһумма ләббәйк». Бұл сөздерді айту арқылы адам әрдайым Алланың әмірлеріне, бұйрықтарына дайын екенін білдіру лебізі.

Ихрам киюдің бірден бір хикметі бүкіл адамзаттың Алла алдында бірдей екенінің көрінісі. Ихрам киген адамның қайсы бай, қайсы кедей екенін білу мүмкін емес. Жай өмірде адамдар қоғадағы шыққан ортасына, материалдық деңгейі адамның киім кию талғамынан байқауға болады. Ихрам киюмен бұл өмірдің пәнилігі сезіліп, салихалы амалдарды көбірек жасауға құлшынады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде тәлбиенің сипаты былай келген:

«لبيك اللهم لبيك، لبيك لا شريك لك لبيك، إن الحمد والنعمة لك والملك لا شريك لك».
«Ләббәйк Аллаһумму ләббәйк, ләббәйка лә шәрикә ләббәйк, иннәл хамда уәнниғмата ләкә уәл мулк ләә шәрикә ләк».

            Қағбада тауап жасаудың хикметі:

Қағба құлшылық ету мақсатында салынған ең алғашқы үй, жер бетіндегі ең шарапатты, ерекше құрметке ие мекен. Алла тағала Ибраһим пайғамбарға оны тазартуға бұйрық берген. Алла тағала Құран кәрімде:

[ وَعَهِدْنَا إِلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ أَن طَهِّرَا بَيْتِيَ لِلطَّائِفِينَ وَالْعَاكِفِينَ وَالرُّكَّعِ السُّجُودِ ]

Және Ыбырайым, Ысмайыл (Ғ.С.) екеуінен: «Үйімді (Қағбаны) тауап етушілер, ғибадатқа отырушылар және рүкүғ, сәжде қылушылар үшін тап-таза ұстаңдар» деп, уәде алғанбыз.[35]

Тауап жасаудағы хикмет Алланың әмірлеріне толықтай бой ұсыну, намаздағы секілді жүрекпен орындау, Алланың ұлықтығын сезіну тек денемен жасалған құлшылық болып қалмау керек. Тауап жасау мұсылмандардың берік бірізділігінің көрінісі.

Сафа мен Маруа арасында жүгірудің хикметі:

Һажар анамызды Ибраһим пайғамбар Мекке жеріне Аллаға тапсырып кеткеннен кейін Һажар анамыз қатты шөлдеп, Сафа мен Маруа төбелерінің арасында су іздеп жүгіреді. Қазіргі уақытта мұсылмандардың сол екі төбенің арасында жүгіруі сол замандағы Һажар анамыздың су іздеп, жанталасқанының көрінісі. Екі төбенің ортасында жүгіру арқылы адамдар Алланың мейірімін іздеп кешірім сұраумен болады.

Арафада тұрудың хикметі:

Арафада тұру қиямет күніндегі адамдардың көрінісінен хабар бергендей. Сол себептен пайғамбарымыз: «Қажылық ол арафа» дегені бар. Сонымен қатар Алла тағала құрандағы ең соңғы аяттардың бірін осы арафа түсірген:

[ اليَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإِسْلامَ دِينا ] ( المائدة:3 ).

Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым. [36]

Діннің кемеліне келіп, толығуы ол Алланың адамзатқа берген ең үлкен нығметі, шексіз мейірімі.

Тас атудың хикметі:

Тас ату адам баласының барлық жаманшылықтан бойды аулақ ұстап, нәпсінің айдауына көнбей, шайтани амалдарға қарсы тұрудың айқын мысалы.

Мұздалифадан теріліп алынған арнайы 49 тасты мұсылман баласы бірден бір орынға лақтырмайды. Жаңа айтылғандай тас ату үшін үш мынадай қабырға қойылған. Ең бірінші күні ең соңғы үлкен шайтанға жеті тасты атады мұнда келген мұсылман баласы. Одан кейінгі екі күнде әр қабырғаға жеті жетіден 21 тастан атады. Сонда жалпы саны 49 тас лақтырылады шайтанға қарсы. Және әр лақтырағанда мұсылман баласы Аллаға мадақ айтып күнәсінің кешірілуін, қажылығының қабыл болуын тілейді.

Құрбан шалудың хикметі[37]:

           а) Аллаһ Тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақыретте сый-сыяпатына кенелтеді.

           ә) Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с.) Аллаһ Тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмайылды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.

б) Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

г) Жаратылысында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардан арылады.

 

[1] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[2] http://fatua.kz/kz/post/view?id=738

 

[3] Әл-Баззар, сахих хадис.

[4] Мариям сүресі, 59-60 аяттар

[5] Мәғун сүресі, 5-6 аяттар

[6] Мунафиқун сүресі,

[7] Тирмизи хадистер жинағы

[8] Муддассир сүресі, 44-аят.

[9] Бұхари хадистер жинағы

[10] Бұхари хадистер жинағы

 

[11] Сахих хадися

[12] Байхақи хадистер жинағы

[13] Аталған хадис жайында ғалымдар негізсіз деп тапқан алайда хадистің мәтіні басқа хадистерде келген.

[14] Имам Ахмад хадистер жинағы

[15] Имам Ахмад хадистер жинағы

 

[16]  Ибн Хузейманың сахих хадисі

[17] Зумар сүресі, 10-аят

[18] Бұхари хадис жинағында келген

[19] Бухари , Муслим хадистер жинағында

[20] Муслим хадистер жинағынан

[21] Бухари хадистер жинағы

[22] Нахл сүресі 78-аят

[23] Нұр сүресі, 30-аят.

[24] Бұхари хадистер жинағынан

[25] Майда сүресі 42-аят

[26] Тәуба сүресі, 103-аят

[27] Әбу Дәуіт хадистер жинағы

[28] Бақара сүресі, 43-аят

[29] Баиина сүресі, 5-аят

[30] Бұхари, Муслим хадистер жинағынан

[31] Ал Имран сүресі, 180-аят

[32] Әли Имран сүресі, 96-97-аяттар

[33] Бұхари хадистер жинағы

[34] Бақара сүресі, 197-аят.

[35] Бақара сүресі 125-аят.

[36] Мәида сүресі, 3-аят.

[37] Ислам ғылымхалы кітабынан

Return to Top ▲Return to Top ▲