Құрбан айт

بِسْــمِ ٱللهِ الرَّحْمٰنِ الرَّحِيـمِ

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين وَأَمَّا بَعْد

Ассаламу алейкум уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ!

Барлық мақтау Аллаға тән. Оны мадақтап, дәріптейміз, Одан медет сұраймыз, күнәларымызға жарылқау тілейміз. Алланың атымен нәпсілеріміздің кесірлерінен, істеріміздің жамандықтарынан сақтанамыз. Шынында кімді Алла тура жолға бастаса, оны ешкім де адастыра алмайды, ал кімді адастырса, оны ешкім де тура жолға сала алмайды. Мен Алладан өзге ешқандай құдайдың жоқ екендігіне, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына және солардың ізіне ерген Қиямет күніне дейінгі барлық пенделерге Алланың салауаты мен сәлемі болсын.

Расында сөздің ең ақиқаты әрі шынайысы – Алланың Кітабы. Ал ең дұрыс жол – Пайғамбар (с.а.с.) салып кеткен сүннет жолы. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Тағабун сүресінің 8-аятында: «Аллаға, Оның елшісіне және түсірілген нұрға (яғни, Құранға) иман келтіріңдер!», – дейді.

Құрметті жамағат! Бүгінгі ұлық күн күллі мұсылмандардың ең үлкен мейрамы – Қасиетті Құрбан айт баршаңызға мүбарак болсын!

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде Кәусар сүресінде:

﴿فَصَلِّ لَِرَبِّكَ وَانْحَرْ﴾

«Раббыңа намаз оқып, Оған арнап құрбандық шал!», – деп бұйырған.

Міне, бүгін біз осы күндеміз. Бүгін – Қасиетті Құрбан айт күні. Құрбандық шалатын күн!

Жалпы асыл дініміз – Ислам дініндегі екі мейрам – Ораза және Құрбан айттар да белгілі бір күндерде тойланады. Басқа надан қауымдардың мейрамдары әлдеқандай оқиғаларға, дүниелік пайдаларға ғана байланысты болса, ал асыл дініміздегі мейрамдар олай емес. Мұсылмандардың мерекелері Алла Тағаланың парыз еткен құлшылықтарын орындаумен тікелей байланысты. Ораза айтын Рамазан айында отыз күн оразаны орындап болған соң тойласақ, ал Құрбан айтын қажыларымыз қасиетті жерлерде қажылықтарын атқарып, Алла Тағалаға шүкіршілік ретінде құрбандық шалған кезде, қажылыққа бара аламғандарымыздан күші жеткендеріміз құрбандық шалып тойлаймыз.

Алла разылығы үшін төрт түлік малдан құрбандық шалу күші жететін кез келген мұсылманға уәжіп іс.

Құрбандық шалу – Алла тағаланың разылығына жеткізетін мәні зор ғибадат.

Құрбандық шалу дәстүрі сонау Ибраһим пайғамбардан (а.с.) сүннет болып қалған амал. Оның қысқаша қиссасы мынадай.

Көптеген пайғамбарлардың түп атасы – Ибраһим пайғамбардың Сара және Ажар атты екі әйелі болды. Бірінші әйелі Сарадан Ысқақ туса, екінші әйелі Ажардан Исмаил туған. Бұл екі ұлының бірінші туылғаны Исмаил болатын. Бірінші әйелі Сара бедеу болған соң Ибраһим пайғамбар күңі Ажарды екінші әйелдікке алып, одан Исмаил туылған еді. Олардың Меккеге қоныс аударғаны туралы ұзақ қисса бар.

Сол Исмаил өте зерек, елгезек, иманды бала болып өседі. Сондықтан да әкесі Ибраһим оны ерекше жақсы көретін болады.

Бір түні Ибраһим түсінде ұлы Исмаилды қолымен бауыздап жатқанын көрді. Пайғамбардың түсі Алладан келген аян. Бұл түсінің мәнін түсінбей Ибраһимнің басы қатты. Бірақ бұл түсі ұйықтаған сайын қайталана берді. Бұл ол үшін өте қиын сынақ болды. Жан дегенде жалғыз ұлын өлімге қалай қимақшы? Қалайша оны өз қолымен өлтіріп, топыраққа көмбекші? Алайда Алланың әміріне шара бар ма? Қайткенде де Жаратқанның жарлығын орындау керек. «Уа, Раббым! Бұл сенің жазған тағдырың ғой. Тағдырыңнан қашып құтылу болмас. Бірақ өзіңнен рахымыңды сұраймын», – деп жалбарынды Ибраһим. Сөйтіп, ол Алланың әмірін орындауға ниеттенді. Қылшылдап тұрған жас жігіт – жалғыз ұлы Исмаилды ертіп алыс жолға шықты. Ибраһим болса мұңлы ойға шомып, үнсіз келеді. Сүйікті ұлына оны өлтіретіні туралы қалай айтпақшы? Ақыры: «Уа, ұлым! Мен түсімде сені бауыздап жатқанымды жиі көретін болдым. Сен бұған не дейсің, балам?» – деп сұрады.

Исмаил ата-анасының тілін екі етпейтін елгезек әрі қайырымды бала болатын. Әке-шешесін қатты сүйіп, әрдайым олардың өзіне разы болғанын қалайтын. Ешқашан да оларға қарсы келіп көрмеген еді. Әкесінің айтып тұрғаны – Алланың әмірі. Исмаил әкесіне мойынсұнған қалпы: «Уа, әкетай! Алланың өзіңе бұйырғанын орында. Иншалла, мен сабырлы боламын», – деп жауап берді. Содан соң: «Уа, әке! Анам мен достарым көріп қалып қайғырмаулары үшін мені алыс жерге апарып бауыздағайсың», – деді. Жалғыз ұлының мына сөздері қатты тебірентіп, Ибраһимнің жүрегі езіліп қоя берді.

Міне, Алла Тағала осы оқиға арқылы Исмаилдың пайғамбардың ата-анасына деген ерекше құрмет, ілтипатын бүкіл адамзатқа сабақ қылды.

Сөйтіп, Ибраһим ұлы Исмаилды ертіп елден жырақ түз далаға қарай, Мина ойпатына қарай жүрді. Бір кезде олардың арттарынан малғұн шайтан ерді. Ол Исмаилға: «Ия, Исмаил! Алжыған шалдың айтқанын істеп не қыласың. Өзіңді қор қылма. Сен әлі жассың, өміріңді босқа қима. Артыңдағы анаңды аңыратып қалдырма. Ол сені қатты жақсы көреді. Сенің өлгеніңді естісе қара жамылып, өмір бойы қайғырып өтетін болады», – деп азғырды. Исмаил оның сөздерін тыңдамай, назар аудармай жүре берді. Өйткені ол Аллаға бар ынтасымен иман келтірген болатын. Сабырлы әрі салмақты еді. Сондықтан да шайтанның уәсуәсасы оған әсер ете қоймады. Ол жолдың шетінде жатқан майда тастарды алды да, қыр соңынан қалмай келе жатқан шайтанды атқылады. Сосын жолына түсіп кете барды.

Бірақ шайтан қайта оралып, жас баланы екінші рет азғырып, жолынан қалдыруға тырысып бақты. Ал, Исмаил жақындап келген сайын оны қолындағы тастарымен атқылады. Кейіннен осы жерде шайтанға тас лақтыру қажылыққа барған мұсылмандар үшін сүннет болып қалды.

Бірақ әзәзіл шайтан күдерін үзбеді. Алланың уахиын іске асырмаудың басқа амалын ойлады. Енді Исмаилдың анасы Ажар ханымға барды. «Уа, ана! Уа, жалғыз ұлына бар мейірімін төккен мейірманды шеше! Жұбайың Ибраһимнің жалғыз ұлыңа не істегелі жатқанын білмедің бе?» – деп қиыла сұрады. Ажар: «Иә, не істемекші екен?» – деп сұрады. Сонда шайтан: «Ол Алланың әмірі деп сүйікті ұлдарың Исмаилды құрбандыққа шалмақшы», – деп азғырды. Бірақ Ажар айнымас иманнның үлгісін танытты. «Егер, Алланың әмірі болса, онда бой ұсынамыз», – деді.

Айла-шарғысы жүзеге аспай беті қайтқан әзәзіл шайтан соңғы үміті Ибраһимге барды. «Уа, қария! Ұлыңды ертіп қайда барасың?» – деп сұрады. Ибраһим: «Бір жұмыспен бара жатырмын», – деп жауап қатты. Сонда шайтан: «Жоқ, сен ұлыңды бауыздауға алып барасың», – деді азғырып. Ибраһим: «Е, не үшін бауыздайды екенмін?» – деп сұрады. Сонда шайтан: «Алланың әмірін орындаймын деп бауыздамақшысың», – деді. Сонда Ибраһим: «Егер Алла Тағала осылай бұйырса сөзсіз орындаймын», – деді де бұрылып жүре берді. Әбден шарасы таусылған шайтан бұл иманды жанұяны еш азғыра алмасына анық көзі жетіп жөніне кетті.

Минаға жеткенде әкесі Ибраһим ұлы Исмаил бір тастың шетіне жантайды. Ибраһим жіппен ұлының аяқ-қолын соятын малдың аяғын байлағандай мықтап байлады. Бауыздағанда ұлы қиналып, аяқ-қолдары қозғалып кетпесін деп солай істеді.

Исмаил болса әкесіне: «Уа, әкетай! Алланың әмірін орындай бер. Менің көзіме қарамауың үшін жүзімді басқа жаққа бұрғайсың. Мен Алланың тағдырына разымын. Оның әмірін екі етпеймін», – деп жұбатты. Ибраһим барлық күш-жігерін жинап, қанша қиын болса да баласын бауыздауға бел буды. Өткір пышақты қолына алды да, жалғыз ұлының тамағына апарды. Апарды да бар күшін жинап тартып жіберді. Бірақ пышақ өтпеді. Баласының тамағына дәнеме де болмады. «Уа, Раббым! Өзің кеше гөр. Рахымыңды төге гөр. Нәпсіме ерік бере көрме», – деп күбірледі Ибраһим. Ол пышақтың өтпегеніне өзін кінәлады. Жүрегім елжіреп, дұрыс кеспеген болармын деп ойлады. Сөйтіп, екінші мәрте тартып көрді. Бірақ.. Пышақ тағы да өтпей қалды. Ибраһим ұлының маңдайынан сүйді. Исмаил да көз-жасын әрең тежеп, шыдап жатты. Қайырымды әке пышақты қолына алып, үшінші рет тартып көрді. Бірақ еш өзгеріс болмады. Пышақ өтпей қалды.

Осы кезде аспандағы сан мыңдаған періштелер Алла Тағаладан мына қарт пайғамбар мен оның ұлына рахым етуін тілеп, жалбарынып жатыр еді. Алла Тағала шексіз мейірім-шапағатымен олардың тілектерін қабыл алып, Ибраһим мен Исмаилға жәннаттың бір көк қошқарымен бірге Жебірейіл періштені түсірді. Жебірейіл олардың жанына келіп: «Уа, Ибраһим! Раббың саған: «Уа, Ибраһим! Сен түсіңді дұрыс жорыдың. Ізгі жандарды осындай сыймен сыйлаймыз. Бұл өте қиын сынақ. Біз саған ұлы бір құрбандық түсірдік», – деп сәлем жолдады. Ұлың екеуіңе рахым етіп, құрбандыққа шалуларың үшін мына жәннаттың қошқарын түсірді», – деді.

Жебірейілдің бұл сүйінші хабарын естіген әкесі мен баласы қуаныштан жарылардай болды. Аллаға мадақ айтып, шүкірлік етті. Сол кезден бастап осы күн мұсылмандардың айтулы мерекесіне айналды. Бұл – қасиетті құрбан айт күні.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲