Қандай да бір істің орындалуында ниеттің орны ерекше. Адамның өз қалауымен жасаған жақсы-жаман әрбір ісі түпкі ниетіне байланысты.
Ниет – адам әрекетінің нақтылы мақсатын білдіреді. Ниетсіз, себепсіз алға мақсат қойылмайды. Ал ниеттің орныққан жері жүрек. Алла Елшісі:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم : إِنَّ اللَّهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ.
«Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, атқарған амалдарыңа қарайды»[1] деген. Яғни, бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқаны меңзелуде.
Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деп, барлық мәселенің дұрыс бағытта болуы тікелей ниетке байланысты екенін ескерткен. Дана халқымызда: «Жақсы ниет – жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деп ниетке байланысты айтылған мақал-мәтелдер көп.
Ниет ғибадатта шарт, яғни парыз ретінде маңызды. Кейбір жерлерде сүннет ретінде жүреді. Бұдан шығатын қорытынды: ниетсіз ешбір іс болмайды.
Ниет етпей ұстаған ораза арнайы мақсат етіліп ұсталған ораза ғибадатына жатпайды. Жай бір әдетке айналған амал болып қалады. Алайда Алла разылығы үшін ниет етілген әдеттер ғибадатқа айналатынын білген жөн.
Алла Елшісі (с.ғ.с.):
إنَّما الأَعمالُ بالنِّيَّات، وإِنَّمَا لِكُلِّ امرئٍ مَا نَوَى …
«Амалдардың қабыл болуы әрі сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде-кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады»[2] деген. Бұл хадис Құраннан кейінгі сенімді кітап саналған Бухари жинаған хадистердің ең алғашқысы. Яғни хадис жинағын осы хадиспен бастаған. Демек әр іс, әр амал ниетке байланысты.
Мәселен, сергу ниетімен дәрет алып құлшылық жасаса, ниеті қабыл болып саналмайды. Сол секілді екі кісінің бірі ыстықтан сақтанып салқындап алу үшін мешітке кірсе, енді бірі бірінші барып азан тыңдап сауап алуға келсе, екеуі де ниетіне қарай қарымтасын алады. Бірі ниетіне қарай сергісе, екіншісі азан тыңдау үшін бірінші барғандықтан хадисте баяндалғандай түйе бергендей сауап алып қайтады.
Алла Тағала Құранда:
«…..Кімде кім раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын»[3], – дейді.
Ниет тек Алланың разылығы үшін болуы қажет. Игі іс істеуде ең бастысы жақсы ниетте болу қажеттігі жайлы мына хадисте айтылған:
«Бір кісі: «Мен міндетті түрде садақа беремін» деп садақасын алып шығып, оны (білмей) ұрының қолына ұстатады (яғни, Алладан басқа ешкім білмей-ақ қойсын деген ниетпен түн жарымда байқаусыздан, қателесіп садақасын ұрыға беріп қояды). Таңертең (адамдар арасында): «Ұрыға садақа беріпті», деген әңгіме желдей еседі. Сонда ол кісі: «О, Алла, мадақ Саған тән! Барлық жағдайда өзіңе шүкір! Мен міндетті түрде (мұнан да артық етіп) садақа беремін», – деп (бар ниет-ықыласпен) садақасын (келесі түні жасырын түрде тағы да) алып шығады да, оны жезөкшенің қолына ұстатады. Таңертең (адамдар): «Түнде біреу жезөкшеге садақа беріпті», – деп әңгіме қылады. Сонда ол: «О, Алла, мадақ Саған тән! (Мен садақаны жезөкшеге беріппін), бұйыртса міндетті түрде (тағы) садақа беремін», – деп садақасын алып шығып (келесі түнде) бай кісінің қолына ұстатады. Күндегідей таңертең (адамдар): «Бай адамға садақа беріпті», – деген әңгімені гу ете түседі. (Мұны естіген) ол: «О, Алла, мадақ Саған тән! Мен садақамды ұрыға, жезөкшеге және бай адамға беріппін», – дейді. Сонда оған (біреу) келіп: «Ұрыға берген садақаң, мүмкін оны ұрлық істемеуден қайтарар, жезөкшеге бергенің, мүмкін оны зинадан (жеңіл жүрістен) қайтарар, ал бай адамға бергенің, мүмкін ол ғибрат алып, Алланың берген байлығынан Алла жолында жұмсайтын болар», – деп айтты»[4], – делінген.
Сондықтан, мұсылман адамның шынайы ниетпен жасаған әрбір жақсы амалы сауапқа кенеледі және қайтарымы Алладан болады. Алла Тағала Құран Кәрімде:
وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ
«Жақсылыққа не жұмсасаңдар да Алла ол игіліктеріңді (өте жақсы) біледі»[5] деп баяндаған.
Сондықтан исламда ниеттің алатын орны бөлек. Жаман ниет үшін күнә арқаласаң, жақсы ниет үшін сауап аласың. Сауап алу үшін ниетің таза болу керек. Амал іске аспай қалса да таза ниет жақсылыққа апарады. Яғни жақсы бір іске ниет етіп, ісің іске аспай қалса да сауап аласың.
Ислам ғұламаларының айтуынша, амалдан бұрын ниет етуді үйренген абзал! Ниетке қарай кішкентай амал үлкен амалға айналады, үлкен амал кішкентай амалға айналады. Ниеті дұрыс болғанға Алла сауап береді.
Мәселен, адамға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Алайда ол «өзгелер мені қажы деп айтсын» деген ниетпен барса, қажылық парызы мойнынан түсуі мүмкін. Бірақ сауабынан қағылады. Егер қажылық барысында сауда жасап келейін деген ниетпен шықса, алайда қажылық жасау ниеті басым болса, қажылық сауабын алады. Егер керісінше сауда жасап қайту ниеті басым болса, қажылық сауабын ала алмайды. Тек парызды орындаған болып есептеледі.
Дәл сол секілді парыз болған оразаны ұстау арқылы ауруынан жазылайын деген ниет болса, сауабы болмайды. Тек парыз болған ораза мойнынан түседі.
Намаз оқу да әрбір исі мұсылманның басты парызы. Парыз болған намазды Алланың алдындағы негізгі міндет деп санамай, оны денсаулыққа пайдалы денешынықтыру ниетінде оқыса, намазы дұрыс болмайды, тек денешынықтыру жасаған болады.
Исламдағы әмір етілген міндеттерді дүние үшін істесе, дұрыс әрі қабыл болмайды. Ол дүние үшін жасалған болып саналады. Керісінше дүние ісі ақыреті үшін жасалса ғибадат болып есептеледі.
Алла Елшісі (с.ғ.с.):
إنّ اللهَ تَعَالَى يُعْطِى الدُّنيا عَلَى نِيةِ الْآخِرَةِ وَأَبى أَنْ يُعْطِى الْآخِرَةَ عَلَى نِيةِ الدُّنيا
«Алла ниеті ақырет үшін болғанға дүниені де береді. Ал ниеті дүние үшін ғана болғанға ақыреттегі сауапты бермейді»[6] десе, тағы бір хадисте:
نيةُ الْمُؤْمِنِ خَيْرٌ مِنْ عَمَلِهِ إِنَّ اللهَ عَزَّ وَجَلَّ لَيُعْطِي الْعَبْدَ عَلَى نِيَتِهِ مَا لَا يُعْطِيهِ عَلَى عَمَلِهِ وَذَلِكَ أَنَّ النِّيةَ لَا رِيَاء فِيها وَالْعَمَلُ يُخالِطُهُ الرِّياء
«Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла құлының амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді»[7] деген.
Кейбір ғұламалар: «Мұсылманның иманы мен ізгі амалдарының тұрақты ниетте болуы, ол үшін өмірінде жасаған амалдардан да жақсы» деген.
Алла Елшісі (с.ғ.с.):
يُجَاءُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِصُحُفٍ مَكْتُوبَةٍ ، فَتُنْصَبُ بَيْنَ يَدَيِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ فِي صُحُفٍ مُخَتَّمَةٍ ، فَيَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ : » أَلْقُوا هَذَا ، وَاقْبَلُوا هَذَا » ، فَتَقُولُ الْمَلائِكَةُ : وَعِزَّتِكَ يَا رَبِّ ، مَا رَأَيْنَا إِلا خَيْرًا فَيَقُولُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى : » إِنَّ عَمَلَهُ كَانَ لِغَيْرِ وَجْهِي ، وَلا أَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ الْيَوْمَ إِلا مَا أُرِيدَ بِهِ وَجْهِي
«Алла Тағала қиямет күні сақтаушы періштелеріне: «Бәленше деген құлымның амал дәптеріне мынаны мынаны жаз деп бұйырады. Періштелер: Уа, Раббым, бұл құлдың ондай бір нәрсесін сақтамадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ дегенде, Алла Тағала: «Құлым бұл нәрселерді мүмкіншілігі болса істеуді ниетіне алған еді»,[8] – деп айтады.
Сондықтан ниет адамды небір жақсылыққа жетелейді. Тіпті бұл дүние мен қатар о дүниеде нәтижесін көреді. Ғалымдарда мынандай сөз бар:
السُّبْقُ بِالْهِمَمِ لَا بِالْقَدَمِ
«Жақсылықта алға шығу аяқпен емес, ниетпен болады».
Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір жорығында:
عَنْ أَنَسٍ , أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَالَ:لَقَدْ تَرَكْتُمْ بِالْمَدِينَةِ أَقْوَامًا مَا سِرْتُمْ مَسِيرًا وَلاَ أَنْفَقْتُمْ مِنْ نَفَقَةٍ وَلاَ قَطَعْتُمْ مِنْ وَادٍ إِلاَّ وَهُمْ مَعَكُمْ فِيهِ قَالُوا : يَا رَسُولَ اللَّهِ وَكَيْفَ يَكُونُونَ مَعَنَا وَهُمْ بِالْمَدِينَةِ فَقَالَ حَبَسَهُمُ الْعُذْرُ.
«Сендер Мәдинада бір қауымды тастап кетіп бара жатырсыңдар, сендер қанша жер жүріп, артта қалдырсаңдар да, қанша садақа берсеңдер де олар сендермен бірге». Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Қалайша олар бізбен бірге бола алады, олар Мәдинада емес пе?» деді. Пайғамбарымыз: «Олар үзір (себеп) болғандықтан шыға алмады» деді[9].
Хадисте айтылғандай, Пайғамбарымызбен бірге жорыққа шығуды қалаған кейбір мұсылмандар үзір (себеп) болғандықтан шыға алмай қалған. Дегенмен мұсылмандармен бірге болуды ниет еткендіктен солардың амалындай сауап жазылады.
Данышпандардың бірі: «Сырттай ұсақ көрінетін қаншама амал бар, бірақ ниет оны үлкейтеді. Көрінісі үлкен болған қанша амал бар, оны ниеті кішірейтеді» деген.
Ықылас болмаған барлық істің ешбір мәні жоқ. Ниетінде тек Алланың разылығын алуды көздесе, әрбір әрекетінен сауапқа ие болады. Ықылас жоқ болған амалдар ешбір пайда әкелмейді. Адамның әрбір істеген істерінің қандай ниетте болғаны сұралады.
Амалдағы ниеттің орны жайында тарих кітаптарында мынандай керемет оқиға бар. Бірде бір топ ұры үлкен керуен жайында естіп, сол керуенді тонауға жолға шығады. Зымиян мақсаттарына жетіп, күн батып уағдаласқан жерлеріне бара алмай қалады, ақыры сол маңдағы бір үйлердің бірінде түнемекші болады. Шеткі бір үйдің есігін қағып, өздерін Алла жолында дін жайып жүрген адамдар ретінде таныстырады. Мұны естіген үй иесі қуана қарсы алып, бөлек бөлме дайындатқызып, ас әкеліп, асты-үстіне түсіп, қызмет жасайды. Сол үйдің туғанынан бір мешел баласы болады. Ертеңіне ұрылар кеткеннен кейін үйдің иесі әйеліне: «Бұл Алла жолында жүрген ізгі жандар дәреттерінен қалған суларын баламыздың денесіне жағып сипашы мүмкін олардың берекетімен Алла шипасын берер» деді. Әйелі айтқанын бұлжытпай орындайды. Кешке ұрылар бұрынғы әрекеттерін жасап, жұрттың көзінен таса болу үшін әлгі үйге қайтып келеді. Үйге қайтып келген олар өз көздеріне өздері сенбей біраз тұрып қалады. Кеше ғана төсекке таңылып жүре алмай жатқан баланың бүгін өз аяғымен жүргенін көреді. Олар үйдің қожайынына: «Кеше ғана балаңыз мешел еді, бүгін қалайша жүріп кетті» деп, таң қалысты. Үйдің иесі: «Иә, сіздердің шарапаттарыңыздан осылай болды дәрет алған суларыңыздың қалдығын алып, балама сүртіп едім, Алланың құдіретімен, сіздердің берекелеріңізбен жазылып кетті, сіздер Алланың жолында жүрген, сүйікті құлдары емессіздер ме?!» деді. Әлгі адамның шынайы ниетіне тәнті болғаны соншалық, көздеріне жас келіп жылап жібереді, жылап тұрып былай деп айтады: «Біз сен ойлағандай дін жаюшы Алланың сүйікті құлы емеспіз, біз анығында кісі өлтіріп, жол торыған қарақшылар едік. Алла балаңды сенің шынайы ниетің үшін ауруынан жазды», деген екен.
Соңында барлығы тәубесіне келіп, алған заттарын иелеріне қайтарып, үйдің иесіне өздерін таныстырғандай әлемнің әр тарапына Алланың дінін жаюға кетеді[10].
Алла Тағала баршамызды ниет,
ықыласымыз тек Алланың разылығы үшін жасаған құлдарынан болуымызды нәсіп етсін!
[1] Муслим хадистер жинағы.
[2] Бұхари, Муслим хадистер жинағы.
[3] «Кәһф» сүресі, 110-аят.
[4] Муслим, Бұхари хадистер жинағы.
[5] «Бақара» сүресі, 273-аят.
[6] Ибн Мубарактан жеткен хадис.
[7] Дәйләмидің хадистер жинағы.
[8] Қуртуби тәпсірінде келген.