РАМАЗАН- КЕШІРІМ АЙЫ

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – кешірімділік.  Алланың адам болмысына берген кешірімділік қасиетін біріміз ұғынсақ, біріміз ескере бермейміз. Кешірім сұрамау мен кешірмеу – адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз қасиет. Ал кешірімділік адамдар арасына мейірім шуағын төгіп, мына әлемнің мәнін сезіндіре түседі. Кешірім жасау арқылы бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досыңа айналдыруға да болады. Кешірімділік қатаңдық пен қатыгездіктің құрсауынан арылтып, бақытқа жеткізеді.

Адамдарға кешіріммен қарау Алланың мейіріміне жол ашады. Өмір болған соң біріміз біреуге ренжиміз, біреуге өкпе артамыз. Арадағы өкпе назды ұмыттыратын ең жақсы қасиет – кешірімділік.

Бұл жайлы Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Біреудің мінін кешірсең,

Құдай да сені кешеді.

Бірін де қылмай есірсең,

Төбеңді әлі-ақ теседі.

Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін тағдыр шешеді.

Пейілі жаман адамның,

Орыны дайын деседі.

  • Кешірімді болу – Алланың бұйрығы

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде:

 خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ 

«(Уа, Мұхаммед!) Сен кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал (олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма)[1].

Келесі аятта:

فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاصْفَحْ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ 

«Оларды кеш, көңіліңе алма. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді»[2].

  • Алланың көркем есімдерінің бірі «Ғафу» (Кешіруші)

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде:

وَمَن يَعْمَلْ سُوءًا أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللَّهَ يَجِدِ اللَّهَ غَفُورًا رَّحِيمًا

«Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса, содан кейін Алладан жарылқау тілесе, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді ретінде табар еді»[3].

Шайтан адам баласын  азғырып, тура жолдан тайдырып жатса да, құлы Жаратушысынан шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла Тағала құлын кешіреді. Өйткені Ол – асқан кешірім Иесі.  

Алладан кешірім сұраудың ең жеңіл әрі  қарапайым дұғасы –Истиғфарайту, яғни, «Астағфирулла!» деп айту. Мағынасы: «Алладан кешірім сұраймын!» деген сөз.  Истиғфар – Алланың құлына деген үлкен мейірімі. Алла – Кешіруші, кешіргенді жақсы көреді. Пайғамбар (с.ғ.с.) дұғасында былай дейді:

اللَّهُمَّ إِنَّكَ عُفُوٌّ كَرِيمٌ تُحِبُّ الْعَفْوَ فَاعْفُ عَنِّي

«Алла Тағала сен кешірімдісің және кешірім сұрағанды жақсы көресің, мені өзіңнің кешіріміңе бөлей көр!»

Алла Тағала кешіргенді жақсы көрсе, құлының адамдарды кешірмей даңдайсуы артықшылық.

  • Кешірімді болу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әмірі:

صِلْ مَنْ قَطَعَكَ، وَأَعْطِ مَنْ حَرَمَكَ، وَاعْفُ عَمَّنْ ظَلَمَكَ

  «Байланыс үзгенмен табыс, саған сараңдық қылғанға жомарт бол, зұлымдық жасағанды кешір»[4].

  • Пайғамбардың (с.ғ.с.) мейірімділігі мен кешірімділігі:

Алла Тағала Құран Кәрімді сүйікті елшісі жайында:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге (теңдесі жоқ) рақымды етіп жібердік»[5].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде оларға қарсы дұға жасамаған. Неге оларға лағынет айтпайсын деп сұрағанда:

إنِّي لَمْ أبْعَثْ لَعَّانًا، وَإنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً

«Мен лағынет айту үшін жіберілмедім, асылында мен мейірім ретінде ғана жіберілдім»[6]деп, жауап берген болатын.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһудиді кешіріп жібергендігі жайында Зайд ибн Арқам былай дейді: «Пайғамбарды бір яһхуди сиқырлайды, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше күн ауырады. Сонда бір күні Жәбірейл (ғ.с.) келіп: «Сені сиқырлаған еврей бірнеше түйнек түйіп пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер барып алып келсін» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әлиді (ғ.с.) жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құдды бір байлаудан босағандай бірден өзіне келіп, орнынан тұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол еврейді кешіреді. Оған бұл туралы бетіне баспаған, айыптамаған, ренжімеген, ұрыспаған, тіпті бұл дүниеден өткенше бетін көрмеген екен»[7]Міне, Пайғамбарымыздың кешірімділігі!

  • Кешірімді болу салиқалылықтың сипаты:

Алла Тағала Құранда:

وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Раббыларыңның кешіріміне һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға ұмтылыңдар. Нағыз тақулар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер және (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді»[8].  

  • Кешіре білу адамның кеңшілдігі:

Кешіру адамның әлсіздігі емес керісінше кеңшілдігі. Алайда кешірудің де өзіндік  межесі, шеңбері бар. Сіздің кешірім жасауыңыз оның сол жаман іс-әрекетін жалғастыруына жол ашса, ол кешірімнің қайыры жоқ, сіздің кешірім жасауыңыз ол адамды жақсылыққа бастауы қажет. Ісін жаңаша пайымдап, ақыл көзімен қарап, қателігін мойындап келешекте қайталамауға әрекет жасауы тиіс.

  • Мұсылман үш күннен артық ренжіспейді:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:

لَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أنْ يَهْجُرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ

«Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес»[9]. Демек, мұсылман адам қандай жағдайда болмасын өзара ренжіскен бауырына өкпесін үш күннен асырмауы тиіс. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Егер де реніш дін мәселесіне қатысты болса, оның жөні бөлек, оның тысындағы кез келген реніш жөн емес. Ислам дінінде реніштің мерзімін үш күнмен шектеген. Себебі, бұл аралықта сіздің алқынған жүрегіңіз баяулап, болған істі ақыл көзімен қарай бастайсыз. Нәтижесінде бойымыздағы бауырластық сезімі қайта жанданып, арадағы кедергілер бауырластықтың аясында зым-зия жоғалады. Сөйтіп, ренжіскен бауырыңызбен құшақ айқастырып, қайта қауышасыз.

Құрметті мұсылман бауырым, кешірімді жанға Алла Тағаланың  дайындап қойған сый-сияпаты бар. Олар:

Біріншіден, жақсылық жасаушылардың қатарынан орын алып, Алланың жақсы көрген құлдарына айналасыз

Алла Тағала Қасиетті Құранда:

الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірім болғандар. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді»[10].

Екіншіден, дәрежеңіз артады

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешіріп жіберетін болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді». Ал қазақ мақал-мәтелдерінде «Кешірімділік – анадан, кішіпейілділік – данадан», деген. Халқымыз осындай асыл қасиеттерді Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырып отырған. Сондай-ақ, «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі», – деген.

Үшіншіден, ақыретте есебі жеңілдейді

Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Егер кімде үш қасиет болса, Алла Тағала оның есебін жеңіл етіп және мейірімімен жәннатқа кіргізеді. Сонда сахабалар ол қандай қасиет деп сұрайды? Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық жасаған адамды кешіруің. Егер осы амалдарды істесең жәннатқа кіресің».

Сөз соңында айтарымыз Алла Тағаланың қасиетті кітабында өзінің кешірімді, кешірім тілегенді кешіретіндігі яғни «кешірім» жайлы 224 жерде келген. Демек, бізге түсетін міндет Алланың әміріне бой ұсынып, адамзат арасындағы келеңсіз жағдайларға түсіністікпен, кешіріммен қарап үйрену керектігін ұғынуымыз қажет.


[1] «Ағраф» сүресі, 199-аят.

[2] «Мәида» сүресі, 13-аят.

[3] «Ниса» сүресі, 110-аят.

[4] Ахмад хадистер жинағы.

[5] «Әнбия» сүресі, 107- аят.

[6] Муслим хадистер жинағы

[7] Бұхари хадистер жинағы.

[8] «Әли-Имран» сүресі, 133-134-аяттар.

[9] Бұхари хадистер жинағы.

[10] «Әли Имран» сүресі, 134-аят.

Return to Top ▲Return to Top ▲