Елбасымыздың Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп жарияланған. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар» орталық мешітінде «Қоғамдағы отбасы және Ислам» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Ішкі саясат, Дін істері, Білім басқармаларынан өкілдер, сондай-ақ өңіріміздегі жетім балаларға арналған мектеп- интернат директорлары, БАҚ және «Нұр Отан» ХДП өкілдері қатысты. Сонымен қатар жиынның басты қонағы болып алпыс жылға жуық отау құрып, ұлағатты ұрпақ өсірген қаламыздың ардагер ақсақалы Зейнолла қажы ата мен қосағы Нарғима апамыз қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Жиынды «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы бастады. Мешіт қызметкерлері тарапынан «Қоғамдағы бала тәрбиесі», «Суицид», «Отбасы проблемалары және оларды шешу жолдары», «Мұсылман қызының бейнесі» тақырыбында арнайы дайындаған баяндамалар оқылды. Отбасын құрудың адам өміріндегі ең маңызды мәселе қатарынан екендігі, бала тәрбиесіне баса назар аудару керектігі туралы сөз қозғалды, бала мен ата-аналар арасында түсініспеушіліктің себептері, жас жеткіншектердің өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі және тағы басқа қазіргі таңда өзекті болған мәселелер талқыланып, жиынға қатысушылар өзара пікірталастырып, әрқайсысы өз көзқарастарын білдірді. Атап айтқанда «Жасы кәмелетке толмаған балаларға арналған баспана» КММ-нің директоры Омарова С. алпысқа жуық бала тәрбиелеп отырғанын және бұл көрсеткіштің жылдан жылға өсіп келетін атап өтті. Ал суицид жайында «Нұр Отан» ХДП атынан келген Жакенов М.: «Расында, қазіргі таңда суицид, жас балалардың өз-өзіне қол жұмсауы елеңдететін жағдай. Бұның себебін ең алдымен отбасынан іздеу керек, яғни ата-аналардың балалармен қарым-қатынасы, өзара түсіністіктің болуына көңіл бөлу керек», – деп, өз пікірін айтты. «Солтүстік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Қожахметов Б. мұндай отырыстардың бұдан да үлкен ауқымды аудиторияды болу керектігін алға тартты. Әр саладан келген мемлекеттік қызметкерлер бұл отырыстан кейін өз басқармаларымен бұл игі істі дамытуда күш жігерлерін жұмсайтындарын жеткізді. Отырыстың соңы келген қонақтарға арнайы жайылған дастарханмен аяқталды.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі