ШЫРМАУЫҚ

Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Қазіргі таңда исламның атын жамылып, өз мүддесін көздеген ағымдар бұқара халықты сонау заманнан жалғасын тапқан дәстүрлі дінінен алыстатып, адастыруда. Жаңа мыңжылдықтың басынан бері елімізде 18 діни ағым теріс пиғылды бағыттардың қатарына енгізілді. Олардың ішінде “Аль-Каида”, “Хизбут-Тахрир”, “АУМ Синреке”, “Таблиғи жамағат” және тағы басқалары бар. Облыстық дін істері жөніндегі басқарманың берген мәліметіне қарағанда, үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша діни қызмет және діни қарым-қатынастар саласында облыс аумағында 7 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімі облыстық дін істері жөніндегі басқармамен бірлесіп өткізген жеделіздестіру іс-шаралары барысында “Евангельдік христиан баптистері” діни бірлестігінің өкілдері ұсталды. Олардың әрекеті заңсыз деп табылып, әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ, заңсыз діни әдебиеттерді таратумен айналысқан петропавлдық азаматша мен “Иегова куәгерлері” діни ағымын уағыздап, заңсыз миссионерлік қызмет жасаған аталмыш діни ағымды ұстанушы азаматтың қызметіне тосқауыл қойылды. Мемлекетіміздің тыныштығын бұзуды, халық арасында алауыздықты тудыруды көздейтін осы сынды ағымдарға заң жүзінде тоқтау салынған. Десе де, бұл ағымдар қой терісін жамылған қасқырдай өз қызметін жүргізіп келеді. Әсіресе, халқымыздың тұрмысы мен табиғатына лайықты Әбу Ханифа мазһабын мойындамай, оны жоққа шығарғысы келетіндер де тынымсыз әрекет етуде. Теріс пиғылды ағымдардың көздегені – қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу.
Жат ағымдардың арбауына көбінесе бұғанасы бекімеген жастар түсуде. Дәстүрлі діннен хабары жоқ жастар жалған діни ұйымның шырмауына тез түседі. Себебі, олар теріс пиғылды ұйымдардың өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетіндігінен бейхабар. Соның салдарынан түрлі жат ағымдардың жетегінде кетіп, отбасын ойрандатып, қоғамды дүрліктіріп, экстремистік, лаңкестік іс-әрекет жасап, дүйім елдің қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі мүмкін. Ата-бабамыз: “Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл”, – деп тегін айтпаса керек. Бұл дертпен күресте негізгі қару – діни сауаттылықты арттыру, деп есептейді “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы, дінтанушы Хамзат Әділбеков.

Оның айтуынша, еліміз егемендігін алған кезде дін ілімін аңсаған жастар жан-жаққа ағыла бастады. Олар Сауд Арабиясы, Ливан, Түркия, Ливия, Мысыр, Марокко, Сирия, Пәкістан секілді ислам мемлекеттеріне барып, дін ілімін үйренді. Өз елінің дәстүрлерінен, дінмен біте қайнаған әдет-ғұрыптарынан, ата-бабадан мирас болып қалған асыл дінінен хабарсыз жастар сол елдердің мәдениетін, салт-дәстүрін де бойына сіңіріп, елге оралған соң қоғамда қарама-қайшылықтар туғызды. 90-шы жылдары ақ-қараны ажыратып, алауыздықты тоқтатуға икемді діни білім алған имамдарымыз да аз еді. 70 жыл Кеңес үкіметінің құрсауында болған еліміз рухани шөлдеген халықтың талабына төтеп бере алмады. Есесіне, шетелдерде білім алған жастар көпшілікті бауырларына басып, өздеріне тартып алды. Міне, осыдан халық арасында түрлі жамағаттар, ағымдар пайда болды. Олардан тәлім алған ізбасарлары елімізді біраз дүрбелеңге салып, оның соңы жарылыстар мен кісі өліміне, шетел асып, соғыс алаңдарында жандарын тапсырумен аяқталды.
Жасыратыны жоқ, бұрындары лаңкестік, экстремистік бағыттар мен жарылыстар туралы көгілдір экраннан естіп, көретін едік. Бірақ бұл кесапат біздің елімізді де айналып өтпеді. 2011 жылы экстремистік бағыттағы жарылыстар Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орын алды. “Жиһад” үшін шетел асып, өздерін құрбан етуге даяр талай жерлестеріміз туралы ақпарат ғаламторды шарлап кетті. Олар жайында арнайы телебағдарламалар да түсірілді. Аңдамай жүріп, от басқандардың негізгі қателігі – діннің түп-тамырын дұрыс түсінбеулерінде. Құран Кәрімнің 35 жерінде кездесетін “жиһад” терминінің мағынасы 4 тұсында ғана соғыс деген түсінікті білдіреді. Дінтанушы Хамзат Әділбеков теріс пиғылдағылардың осы ұғымды бұрмалап, саясиландырып отырғандығын айтады.
“Жиһад” ұғымы “дін үшін күрес” деген түсінікке ие. Ислам дінінің ғұламалары бұл ұғымды адамның өз бойындағы кемшіліктермен күресі, яғни “жүрек жиһады”, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюды “тіл жиһады” деп атаса керек. Соның ішіндегі ең маңыздысы – адамның өз нәпсісімен күресі. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) “жиһад” туралы айтқанда “жиһадтардың ең ұлысы – адамның өз нәпсісіне қарсы жиһады” деп атап көрсеткен. Бұл нағыз иманды адам, ең алдымен, өз жан дүниесіне үңіліп, кемшіліктерін көре білуі керек, содан кейін өзінің барлық кемшіліктерін түзетуге ұмтылуы тиіс дегенді білдіреді. Қазіргі таңда мұсылман әлемінде “жиһад” әлеуметтік-экономикалық даму мен нақты мақсаттарға жету жолында барынша күш салу үрдісі ретінде кең мағынада түсіндіріледі. Мысалы, құнарлы жерлердің шөлейтке айналуымен күрес, астық науқаны, сауатсыздықты жою жөнінде сөз қозғалғанда, “жиһад” ұғымы қолданылады. Өкінішке қарай, лаңкестер “жиһад” сөзін өздерінің көзқарастарын қолдамайтын жандарға жасаған қастандықтарын ақтау мақсатында пайдаланып келеді. Жат ағымдардың мұндай әдістері заманауи әлемде діни экстремизм көріністерін туындатуда, дейді дінтанушы.
Осындай діни экстремизмді ұстанған теріс пиғылды ағымның жетегінде кетіп, ата-анасын, отбасын тастап, “жиһадқа” аттанғандардың ішінде облыс орталығының іргесінде орналасқан “ЕС-164/3” түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Азамат Сәрсенов (есімі өзгертілген) те бар. Солтүстік Кавказдағы радикалды ұйымдардың қатарында “жиһадқа” қатысып, мұсылман бауырларын азат етпекші болған Азаматтың өзгелерге қарағанда жолы болды. Себебі, оны соғысқа аттанғалы жатқан жерінен Ресей Федерациясының тәртіп сақшылары құрықтап, елге қайтарды. Жалған радикалды ағымдардың мақсатын алға тартып, шетел асып, экстремистік бағыттағы ағымдардың қолшоқпарына айналған Азамат діни сауатсыздықтың арқасында оңбай адасқанын, кеш болса да, темір тордың арғы жағында мойындады.
Азамат Сәрсенов – үйдің кенжесі, 29-ға жаңа толды. Темір тордың арғы жағына тоғытылғанына биыл 5 жылдың жүзі болды. “Абақтыда барлығы өзгеше. Тамағыңнан ас өтпей, шайыңа қосылған қант тұздан да ащы көрінеді. Тіпті, уақыт та бір орында тұрғандай. Жайшылықта бір аптаң бір күндей зымырап өтсе, темір тордың арғы жағында апта айдай көрініп, кеудеңді кернеген жалғыздық пен өксік көк аспаннан ескен еркіндіктің самал лебіне масайраған шағыңда ғана ұмтылады”, – дейді ол. Осындай кезде діни сауатсыздықтың кесірінен заңды белшесінен басқандығын бір сәтке болса да ұмытады.
Азаптың азабы күн ұясына батқанда басталады. Көзі кілт етсе болғаны, сол күн есіне қорқынышты түс сияқты қайта-қайта оралады да тұрады.
Азамат Сәрсеновтің өмірін екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Түрмеге дейінгі және кейінгі. Ол қарапайым қазақы отбасында тәрбиеленді. Әке-шешесі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Өзінен бірнеше жас үлкен ағасының қамқорлығын көріп ержетті. Ата-ана тарапынан ағасына қатысты талап жылдан-жылға күшейтілсе, кенже балаға келгенде олар жұмсарып сала беретін, тіпті, жоғары оқу орнына түспеймін дегенде де оған ешкім “Мұның қалай?” деген жоқ. Азамат ештеңеден тарыншылық көрген емес. Анасы облыс орталығындағы ауруханалардың бірінде дәрігер болып қызмет етеді. Әкесі болса, кәсіпкер. Енді нені арман етуге болады? Бірақ Азаматтың жан дүниесі ылғи да мазасыз күйде болды.
Азамат 8-сыныпта оқып жүріп-ақ, бұзақы балалардың қатарынан табылатынды шығарды. Жігіттер арасындағы дау мен төбелеске әбден машықтанды. Мектепті көшеге алмастырды. Ақырында, ол туған қаласындағы қылмыскерлердің ортасында “ауданның қараушысы” дәрежесіне дейін көтерілді. Негізгі айналысатын жұмысы – ұрлық-қарлық. Ата-анасының ақылын құлаққа да ілмеді. Азаматтың айналысып жүрген ісіне ата-анасының да, ағасының да көңілі толмады. Отбасындағы қарама-қайшылықтар онсыз да жаны жүдеу оны жылылықты сырттан іздеуге итермеледі.
– Бірде қаладағы мешіттің маңынан өте бергенімде, мәнерлі дауыспен айтылып жатқан азанды құлағым шалды. Ішімнен “Қандай әдемі дауыс?” деп ойладым. Бойыма ыстық қан құйылғандай болды. Ішім жылып қоя берді. Сол кезде көңілім құлазып тұрған. Жаным сайдан пана іздеп қашқан жаралы аңдай еді. Мешітке бас сұқтым. Мүлгіген тыныштықты, сабырлылықты сезіндім. Сәждедегі адамдарды көрдім. Бірі құбылаға қарап, алақанын жайып дұға жасап отыр. Бірі болса, қолына кітабын алып, Құран аяттарын оқуда. Бұл көріністен жаным тыныштық тапқандай болды, – деген Азамат жат ағымдардың арбауына түскен жолын баяндап берді.
Бастапқы уақытта діни білімді мешіттегі имамдардан іздейді. Дінге қызыққаны соншалық, кітаптарды жата жастанып оқитынды шығарады. Кітаптан таппаған жауаптарын Интернеттен іздеуге әуестенеді. Сауд Арабиясында, Сирия мен Мысырда оқып келген жерлестерінің уағызы аяттан да қасиетті көрінді. Олардың айтқан уәжі мен насихатын ұйып тыңдап, елімізде жоқ кітаптарды ғаламтордан тапты. Ұтам деп жүріп, ұтылғанын кейін бірақ түсінді.
Діндегі бауырлары арасында “Аюб” есімімен танылған ол радикалды ислам дінін уағыздаушы “ұстаздан” білім алды. Сауд Арабиясында оқыған жат ағымның өкілімен араласа бастағаннан-ақ, мешіттегі имамдардың айтқан насихатынан “қарама-қайшылықтарды” аңғарған жас жігіт “ұстазы” сырттан білім алып келгендіктен, оны дін қызметкерлерінен артық санаған. Әдетте, дәстүрлі емес діни ағым мүшелері “көсемнің” немесе “ұстаздың” айтқанын бұлжытпай орындайтын темірдей тәртіпке мойынсұнады. Сондықтан да мешітте бес уақыт намаз оқыған сайын өзінің әрекеттерінде жамағат арасында іріткі тудыратын жайттардың барын байқаса да, “ұстазының” айтқанынан әрі аса алмаған. “Ұстазының” үкімін барлығынан жоғары қойған.
Азамат бірде оларға исламдағы радикализмді ұстанушылардың ортасында Саид Бурятский есімімен танылған (шынайы есімі – Александр Тихомиров) ресейлік “ұстазы” келіп, бес күн бойы пәтерде дін уағыздағанын айтады. Сол уақыт ішінде оның аузынан бірде-бір рет радикалды не болмаса экстремистік бағыттағы үндеулерін естімеген. Ол кеткеннен соң біраз уақыттан кейін ғаламторда “ұстазының” ұлы соғысқа шақыру жөніндегі бейнеролигін көріп, “Кеше ғана бізге білім берген “ұстазымыз” арғы бетте мұсылмандардың намысы үшін күресіп, “жиһадта” жүргенде, мен неге қол қусырып отыруым керек?!” деген ойға келгендігін тілге тиек етеді. Ол кезде отбасын құрып, әке атануға шақ қалған ол мектеп партасынан бергі қос досын үгіттеп, Солтүстік Кавказға соғысқа аттануды ұйғарады.
Міне, осылайша діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келетін жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартатын радикалды топтар алдымен жастарды үйреншікті ортасынан алшақтап алады, дейді психолог мамандар. Психологияда тұлғаның санасын өзгерту үшін оның уақытын, ұтымды ақпарат алу мүмкіндігі мен іс-әрекетін бақылауға алу жеткілікті екендігі дәлелденген. Ал жалған ағымдардың өкілдері бұл әдістермен қатар, эмоциялық әсер ету, қоғамда “біз” және “олар” болып бөліну секілді тәсілдерді де қолданатыны анықталып отыр.
– “Жиһадқа” шақырған бейнероликті көргенімде бойымды ашу, ыза биледі. Мен қайтсем де соғысқа аттанып, мұсылмандарды қорғауға ұйғардым. Тіпті, әйелімнің өтінішін жерге тастадым. Сәбиімді де, ата-анамды, туған-туыстарымды да ойламадым. Себебі, ата-анам намаз оқымағандықтан, оларды тыңдамау қажеттігін “ұстаздарымыз” қатты тапсырған болатын. Соғысқа аттану үшін күні-түні дене шынықтыру жаттығуларымен айналыстым. Ғаламтордан “жиһад” туралы оқып, фильмдерді көрген сайын өз шешімімнің дұрыстығына сендім. Достарымызбен бірге бір айдың ішінде жиналдық та, шетел астық. Ресейдің шекарасынан өткен бойда Астрахань қаласында бізді тәртіп сақшылары ұстады, – дейді Азамат.
“Жиһадта” құрбан болмай, өзінің туған жеріне аман-есен оралғанын Алланың оған берген сыйы деп санайды. Себебі, темір тордың арғы жағына тоғытылмаған жағдайда, жылдар бойы ұстанған жалған түсініктерге құрылған діни сенімінің еліміз бен қоғамға тигізетін зиянын білмейтін де едім деп ағынан жарылды.
– Бұрындары дәстүрімізді ислам дініне енгізілген жаңашылдық “бидғат” деп қабылдадым. Ең қиыны, адасып жүріп, отбасыма көрсеткен қорлығыма өкінемін. Дәстүрдің барлығын “бидғат” деп есептеп, тіпті, балаларымның тұсауын да кестіртпеген кездерім болды. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының “Дін мен дәстүр” атты кітабын оқып, салт-дәстүріміздің дінмен сабақтасып жатқандығын ұғындым. Ең қызығы, бұрындары барлық өнер атаулыны харам деп қабылдасам, бүгінгі күні айтысты үзбей көремін. Айтыс өнері арқылы да көптеген түйткілді мәселелерді көтеруге болатындығына көзім жетті. Жаңадан шыққан “Жаужүрек мың бала” фильмін көріп, тарихымызға, мәдениетімізге деген қызығушылығым оянды. Сондықтан да мен барынша жан-жақты білім алып, діни сауатты болғым келеді, – деген Азамат болашақтағы арман-мақсаттарымен де бөлісті.
Темір тордың арғы жағында отырып, екі баланың әкесі атанған жас шаңырақ иесі – Азамат жастарға жамағаттан бөлінбеңдер, себебі “бөлінгенді бөрі жейді” деген тілегін айтып қалды. Енді қамаудағы қалған мерзімін өтеп, отбасына оралуды ғана ойлайды…
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Return to Top ▲Return to Top ▲