Хадис ілімі – Хадис құдси

          Құдси сөзінің тілдік мағынасы араб тілінің «құдыс» сөзіне қайтады. Құдыс сөзі ұлықтау, пәк болу, деген мағыналарды білдіреді. Алла тағала Құран кәрімде періштелердің тілінде:

وَنَحْنُ نُسَبِّحُ بِحَمْدِكَ وَنُقَدِّسُ لَكَ

Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктаудамыз» деді[1]

Құранның бұл аятында «құдыс» сөзі пәктау, ұлықтау мағыналарын білдіреді. Ғұламалар арасында  хадис құдсидің басқа да атаулары бар олар: хадис иләһи, хадис раббани.[2]

Хадис құдсидің шариғаттағы мағынасы турасында көптеген пікірлер бар кейбір ғалымдардың пікірінше мағынасы да сөзі де Алланыкі, енді бір ғалымдар мағынасы да сөзі де пайғамбардікі деген. Алайда көпшілік ғалымдардың ұстанымы бойынша құдси хадис дегеніміз – мағынасы Алладан, сөзі пайғамбардан (с.а.у) болған хадистер.

Атақты мухаддис ғалым Ибн Хажар әл-Хайтамидің анықтамасы бойынша: «Пайғамбарымыздың (с.а.у) жеке өзі Раббысынан бір жолмен жеткізген хабары»[3].

Хадис құдси Журжанидің анықтамасы бойынша: «Алла тағаланың пайғамбарына (с.а.у) аян немесе түс арқылы хабар беруі, пайғамбарымыздың (с.а.у) сол хабардағы мағынаны өзінің (с.а.у) сөзімен жеткізуі».[4]

Хадис құдси жинақталған бірнеше кітаптар бар олар: Абдурраууф әл-Мунауидің «әл-Иттихафаат әс-сания бил-ахадис әл-қудсия» (272 хадис жинақтаған) кітабы, Әли әл-Қаридің «әл-Әхадис әл-құдсия әл-арбағиния» кітабы, Мустафа әл-Ғадаудің «Ассахих әл-муснад мин әл-ахаадис әл-құдсия» кітаптары.

Хадис  құдси Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) ның Алла Тағаланың әмірлерін бізге жеткізуі. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жерде «рауи»-жеткізуші міндетін атқарады. Мұндай хадистер былай басталады: «Алла Елшісінен: «Алла Тағала былай дейді» деп әрі қарай баян етеді. Бұл жерде Алла Тағаланың Өзі Өз атымен «Ей, құлдарым!» деп жарлық айтады. Мысалы, «Ей, құлдарым! Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім. Оны сендердің араларыңда да харам қылдым. Ендеше, бір-бірлеріңе зұлымдық жасамаңдар»[5].

Егер құдси хадис мағынасы да сөзі де Алладан болса, тізбегі ешбір кемшіліксіз ең жоғарғы алтын тізбектен болар еді. Бұл хадиске пайғамбарымыз (с.а.у) және сахабалар тарапынан ерекше көңіл бөлінер еді. Бұл анықтама бойынша құран мен құдси хадистің еш айырмашылығы жоқ. Дегенмен құдси хадис қуаттылығы жағынан сахих, хасан, әлсіз болып бөлінеді.

Хадис құдсидың Құраннан айырмашылығы

 

  • Құранның мағынасы да, сөзі де Алла Тағалаға тән. Оның мағынасы да сөзі де уахи етілген. Хадис құдси болса оның мағынасы Алладан, сөздері пайғамбардыкі (с.а.у).
  • Құран Жебрейіл періште арқылы пайғамбарымызға (с.а.у) түскен уахи. Хадис құдси үшін Жебрейіл періштенің жіберілуі шарт емес, кейде періште арқылы кейде аянмен болады.
  • Құран Кәрім Фатиха сүресінен бастап, Нас сүресіне дейін мүтәуәтүр жолмен жеткен хабар. Мұсылман адам Құран кәрімнің әрбір сүресіне, аятына  еш күмәнсіз болған айқын дәлел екеніне иман келтіреді. Сондай-ақ Алла тағала Құранды қияметке шейін сақтауға уәде берген. Алла тағала құран кәрімде: «Расында Құранды Біз қорғаушымыз»[6], деген. Хадис құдсиге келсек, ол мутауатир жолмен жетпеген, олардың кейбірі «ахад» (жалғыз) жолмен, кейбірі «сахих» (өте сенімді), кейбірі «хасан» (жақсы) жолмен, кейбірі «әлсіз» жолдар арқылы жеткен.
  • Құранның оқылуы құлшылық. Өйткені құранды бес уақыт намаздарымызда күнделікті оқимыз. Оның әрбір аятында, әріпінде сауап бар. Алла тағала Құран кәрімде: «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер».[7]Сондай-ақ:«(Мұхаммед Ғ.С.) сен қашан Құран оқысаң сенімен ақыретке сенбегендердің арасына көмес бір перде жасаймыз»[8] деген.
  • Құран Кәрім сүрелерге, аяттарға, 30 параға, хизбтарға бөлінеді. Ал хадис құдси ондай бөліктерге бөлінбейді.
  • Құран мағынасы да сөзі де мұғжиза[9] ал құдси хадисте ондай сипаттар жоқ.
  • Егер адам Құранның кез-келген сүресін, аятын, әріпін жоққа шығарса, діннен шығады, ал құдси хадисті сөзін жоққа шығарса, діннен шықпайды.
  • Құранды арабша мағынасымен оқу тыйым салынады, құдси хадис болса мағынасымен жеткізуге рұқсат етіледі.
  • Намаз оқығанда тек құран аяттары ғана оқылады онсыз намаз қабыл емес. Хадис құдсиді намазға қосып оқуға рұқсат етілмейді.

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисі мен құдси хадистің айырмашылығы:

  • Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисі оның сөздері, әрекеттері, бір істі құптап бекітуі, мінез-құлқы, сыртқы сипаттары. Құдси хадис болса, тек пайғамбарымыздың (с.а.у) сөздеріне қатысты.
  • Құдси хадис пайғамбарымыздың (с.а.у) Алладан риуаят қылуы. Ал пайғамбарымыз (с.а.у) хадисі керісінше одан сахабалар (Алла оларға разы болсын) риуаят етеді.
  • Құдси хадис саны жағынан пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінен аз.
  • Құдси хадистерде көбінесе тақуалық, көркем мінез Алланың азабынан қорқып, кешіріміне үміт мәселелері қамтылады. Шариғат үкімдеріне қатысты мәселелер өте аз. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадистерінде бұл мәселелердің барлығы қамтылған.

[1] Бақара сүресі 31-аят

[2] Әл-каукаб әд-дәәрими 9/79

[3] Фатху әл-мубин лишархи әл-арбағин 178-бет.

[4] Журжанидің Әт-Тағрифат кітабы

[5] Муслим хадистер жинағы

[6] Хижр сүресі, 9-аят

[7] «Ағраф» сүресі, 204-аят

[8] Исра сүресі 45-аят

[9] Мұғжиза – діни ұғымда табиғат заңдылығынан тыс, адам мүмкіндігінен жоғары, уақыт пен мекенге тәуелсіз жүзеге асатын Алланың пайғамбарларға берген кереметі. Мұғжизаның негізгі белгілері – ол пайғамбарлардың қалауымен, Құдайдың құдіретімен орындалады. Мұғжиза – бүкіл дүние жаратылысты, табиғат күштерін, құбылыстарды, ішкі табиғи заңдылықтарымен қоса жаратып, толықтай меңгеретін Алланың сол табиғи заңдылықтардан тыс, жоғары тылсым, өзінің ғана тікелей, әмірімен, ғылымымен жүзеге асыратын құдіреті.

Return to Top ▲Return to Top ▲