Жаратушының адам баласына берген ұлы нығметтерінің бірі – тіл. Алла Тағала Құран Кәрімде:
أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ، وَلِسَاناً وَشَفَتَيْنِ
«Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)?»[1].
Тіл адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін негізгі белгі. Алла Тағала:
الرَّحْمَنُ، عَلَّمَ الْقُرْآنَ، خَلَقَ الْأِنْسَانَ، عَلَّمَهُ الْبَيَانَ
«Рахман, (Алла)! (Адамдар мен жындарға) Құранды үйретті. Адамды (жоқтан) жаратты. Оған сөйлеуді үйретті»[2].
Адам тіл арқылы иманға келіп, мұсылман болса, тіл арқылы діннен шығуы да оп-оңай. Тіл – адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да тіл, жылататын да тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке апаратын да кездері болады.
«Айтылған сөз – атылған оқ» демекші айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ.
Сөйлей алу, ішіңдегі сезімдерің мен ойыңды екінші бір адамға жеткізу, Алланың адам баласына берген шексіз нығметтерінің бірі. Алайда, сөйлеу – тілді еркіне жіберу деген сөз емес. Оның қызметін орынды қолдана білу – адамның имандылығының белгісі. Әрбір мұсылман сөйлеген кезде мән беруі қажет негіздер бар, олар:
Аллаға серік қосудан аулақ болу:
Аллаға серік қосу, Онымен қатар бір нәрсеге табыну – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқа бір нәрсеге таңу серік қосу амалына жатады. Мысалы, Алладан басқадан перзент сұрау, ауруына ем сұрау және т.б.[3] Құран Кәрімдегі Лұқманның баласына айтқан сөзі:
وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ
«Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте зор күнә»[4], – деді».
Жаратушы Алла шексіз рахым иесі болғанымен, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Жаратушыға ортақ қосу жайында Алла Тағала Құранда:
إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً
«Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»[5].
Алладан басқадан жәрдем сұрау, оған мінажат ету жайында Алла Тағала Құран Кәрімде барша иман келтіргендерге былайша ескерткен:
فَلَا تَدْعُ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ فَتَكُونَ مِنَ الْمُعَذَّبِينَ
«(Уа, Мұхаммед!) Алламен қатар өзгеге құдай деп жалбарынба, әйтпесе азапқа душар болатындардың қатарына қосыласың»[6].
Пайғамбар ﷺ дұға, медет тілеудің жай-жапсарын толық түсіндіріп өткен. Солардың ең бірегейі, төмендегі өсиет-хадисі:
عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ كُنْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمًا، فَقَالَ: «يَا غُلَامَ، إِنِّي أُعَلِّمُكَ كَلِمَاتٍ اِحْفَظِ اللهَ يَحْفَظُكَ، اِحْفَظِ اللهَ تَجِدْهُ تِجَاهَكَ، إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللهَ، وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللهِ، وَاعْلَمْ أَنَّ الْأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ لَكَ وَلَوِ اجْتَمَعُواْ عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ عَلَيْكَ، رُفِعَتِ الأَقْلَامُ وَجَفَّتِ الصُّحُفُ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُ.
Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың ﷺ артында келе жатқанда Ол ﷺ маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақта (яғни, жадыңнан шығарма), сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, (яғни, жадыңнан шығарма) сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни, тағдыр тақтасына бәрі жазылды)»[7], – деді.
Дегенмен адамдар арасында тілін дұрыс қолдана алмай, былғап қоятын кездер болады. Ешқандай негіздерге сүйенбестен бір затқа болжам, пайым бере бастайды. «Қара мысық кесіп өтсе, жолың болмайды», «бос бесікті тербетпе балалы болмайсың», «байғыз құс шақырса, жамандық болады» деген секілді мүлдем негізі жоқ ырымдарға сеніп, соны бұлжымас ережедей қабылдайтын адамдар бар. Ол әрине дұрыс емес. Ырым жолдары мен түрлері өте көп. Мысалы, шешен болсын деп аузына түкіру, отаншыл болсын деп туған жерге аунату, ержүрек болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Бұл ырымдарды қолдануға болады. Сол секілді тойдан, келін түсіруден балалары осындай қуанышқа жетсін деп нан, бауырсақ, кәмпит апарып береді. «Ырым, Ырымкүл» деген ұл, қыз аттары да осы ғұрыппен қойылған. Халық арасында жасы 100-ге жеткен адамның киімін, ұстаған затын осындай жас берсін деп үлестіріп, бөліп алу жоралғысы бар. Мұхаммед пайғамбар ﷺ: «Жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған «әлфәл» (жақсы ырым, жақсы сөз) ұнайды» деген екен. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мәтелі де осы хадиспен ұштасады. Қазақ халқы не нәрсені болмасын жамандыққа жорудан сақтанады, сондықтан болмаған іске байланысты келеңсіз қылық көрсеткендерді «Жаман ырым бастама» деп тыйып тастап отырады.
Кәпір деп айыптау:
Қазіргі кезде шариғат шарттарын ескермей, бір адамның шариғатқа қайшы әрекет жасағаны үшін «кәпір» деп үкім бере салудан тартынбайтын топтар пайда болуда. Пайғамбарымыз ﷺ өзінің хадисінде:
وَمَنْ رَمَى مُسْلِمًا بِكُفْرٍ فَهُوَ كَقَتْلِهِ
«Кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, ол оны өлтіргенмен тең»[8] деген.
Алла Тағала Құран аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَىٰ إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِندَ اللَّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ ۚ كَذَٰلِكَ كُنتُم مِّن قَبْلُ فَمَنَّ اللَّهُ عَلَيْكُمْ فَتَبَيَّنُوا ۚ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا
«Уа, мүміндер! Алла жолында жорыққа шыққанда, әрбір жағдайдың байыбына баруға тырысыңдар (яғни кімнің мүмін және кімнің кәпір екенін анықтаңдар, әр нәрсеге жіті қарап, әр мәселенің қыр-сырына әбден қанығыңдар). Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне (олжа) қызығып: «Сен мүмін емессің» деп, айтпаңдар. Біліп қойыңдар Алланың құзырында мол әрі сан алуан олжалар бар. Бұрын өздерің де сондай (яғни Исламнан, иманнан бейхабар) едіңдер. Алла сендерді көптеген нығметке (соның ішінде иман нығметіне) бөледі. Ендеше әрбір жағдайдың байыбына барып, әрекет етіңдер. Шүбәсіз Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар»[9].
Сол себепті, біреуді күпірлікке шығарардың алдында ол адамның не үшін ол әрекетті жасағанын ойлау керек. Мысалы, адам білместіктен Алланы лайықты емес заттармен сипаттауы мүмкін, ол көп жағдайда ислам негіздерін дұрыс білмегендіктен туындайтын жағдай. Сол секілді ол қателесуі немесе оны істеуге мәжбүр болуы мүмкін, және кәпір деп үкім беруші адам мұның барлығын ескере білетін шариғатты терең оқыған адам болуы ләзім.
Өзіне қатысы жоқ сөзге араласу:
Тілдің қызметін орынды қолданудың бір жолы өзіне қатысты болған істе ғана сөз қозғау. Өйткені тілін өзіне қатысы жоқ іске араластыру күнәға батып, соған уақытын кетіргені үшін ысырапқорлардың қатарына енуі мүмкін. Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде:
مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ
«Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы»,[10] деді.
Шығыс халқында мынандай мақал бар: «Өзіңе қатысы жоқ затқа аралассаң, өзің ұнамаған затты естуге душар боласың» деген.
Алайда, әңгімеге араласу қажеттілік туған жағдайда рұқсат сұрап, өз ойын айтуға, белгілі бір мәліметті жеткізуге болады. Ондайда әдепті негізге ала отырып: «Сөздеріңізге араласқаныма кешірім өтінемін, рұқсат етсеңіздер, осы турасында менің қосар ойым бар еді» деген секілді тәсілде жүзеге асады. Ал рұқсатсыз килігіп кету мұсылманның сипатынан емес.
Сөзді көбейту:
Сөйлеу барысында сөздің қысқа әрі нұсқа болуына назар аудару. Тамақ қандай дәмді болсын асыра жеп шамадан тыс қабылдаса, астың мәні кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолданса, сөздің мәні кетіп адамды жалықтырары анық. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» демекші, мұсылман адам сөзінің қысқалығына мән беруі тиіс. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:
مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ
«Кім Аллаға және ақырет күніне имам келтірген болса, қайырлы нәрсе айтсын немесе үндемесін»[11] деген.
Сөздің қадірі жайында Асан қайғы бабамыз:
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады – деп жырға қосқаны осының дәлелі болса керек.
«Жақсы ой, жарым ырыс» деген қазақ атамыз мүлдем
үндемей қалуды да құптамаған. «Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын»,
«Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді» дей келе сөйлейтін жерде орынды
тоқтам айта білу керектігін меңзейді.
[1] «Бәләд сүресі», 8-9 аяттар.
[2] «Рахман сүресі», 1-4 аяттар.
[3] http://fatua.kz/kz/post/view?id=463
[4] «Лұқман» сүресі, 13-аят.
[5] «Нисә» сүресі, 116-аят.
[6] «Шұғара» сүресі, 213-аят.
[7] Тирмизи хадистер жинағы
[8] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари № 6277
[9] «Ниса» сұресі, 94-аят
[10] Тирмизи хадистер жинағы
[11] Бұхари хадистер жинағы