КҮНӘ ІСТІ ЖАРИЯЛАУ

  Күнә істі жариялауда тілге еркіндік беру. Кейбір адамдар өткен күнәларын әңгіме етіп, сол қылығымен мақтанғандай болады. Бұл дұрыс емес. Осы турасында Пайғамбарымыз ﷺ:

إِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ رِضْوَانِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَرْفَعُهُ اللَّهُ بِهَا دَرَجَاتٍ ، وَإِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ سَخَطِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَهْوِي بِهَا فِي جَهَنَّمَ

«Шынында құлдың бір сөзі оның дәрежесін өсіріп, Алланың ризашылығына бөлесе, бір сөзі үшін тозаққа тасталып, Алланың ашуына душар болады»,[1]десе, келесі бір хадисте:

إِنَّ أَعْظَمَ النَّاسِ خَطَايَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَهُمْ خَوْضًا فِي الْبَاطِلِ

«Қияметтегі ең күнәһар адамдар – азғындыққа көп кіргендер (көп айтқандар»,[2] деген.

Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.): «Өз күнәсін айтып жүрген адам мен соны естіп басқаларға жеткізген адам да бірдей күнәһар»[3], дегені бар. 

Сөз таластыру:

Әр нәрсеге сөз қайтару, сөз таластыру оны әдетке айналдыру мұсылманға лайық емес. Мұсылман адам мұндай оғаш  сипаттан арылады.

Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: «Бір күні біз діни мәселеде сөз тартысып отырғанымызда Алла елшісі қасымызға келді. Бізге ашуланғаны соншалық, ол кісінің дәл сондай ашулы халін бұрын-соңды көрмеген едік. «Сөз тартысуды доғарыңдар! Сендерден бұрын келген қауымдар осының кесірінен құрып кетті. Сөз тартысудың пайдасы жоқ, сөз таласу зиян. Мүмін адам сөз таластырмайды»[4], деп қатаң ескертті. Яғни, орынсыз сөз таластыру дұрыс емес.

Сөзді орынсыз көркемдеу:

Көркем өсйлеу кезінде орынсыз айтылған теңеу сөздің мәнін бұзады. Әсіресе, топтың алдында өзін көрсету мақсатында айтылмау керек. Әрбір адам сөйлегенде тыңдаушы адамның жасын, оның білім деңгейін ескерген жөн. Пайғамбарымыз ﷺ:

وَإِنَّ أَبْغَضَكُمْ إِلَيَّ وَأَبْعَدَكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ الثَّرْثَارُونَ وَالْمُتَشَدِّقُونَ والْمُتَفَيْهِقُونَ

«Мен үшін сендердің жеккөрініштілерің және қияметте менен алыс болатындарың көп сөйлейтіндерің, сөздерінде тоқтамы жоқтарың, тәкәппарлана сөйлейтіндерің»[5], деген.

  Басқа біреуді қарғап-сілеуден аулақ болу:

  Адамзат баласына, жан-жануарға, тіпті жансыз зат болсын оны қарғау, лағынет айту дұрыс емес. Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде:

الْمُؤْمِنُ لَيْسَ بِلَعانٍ

  «Мүмін – лағынет айтушы болмайды»[6], деген.

Ата-бабамыз өзінің ұрпағына «қарғыс алма, алғыс ал» деген нақылды құлағына құйып өсірген. Осы сөз санасына сіңген қазақ халқы ешкімнің ала жібін аттамай, әр сөзіне ойланып айтып, әр қадамын бақылап басқан.
      
Шындығында, қарғыс тектен-текке айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан, екінші адамның тәкәппарлығынан туындайды. Сол себепті зұлымдыққа ұшыраған адамның қарғысынан сақ болу қажет, өйткені ол әлемдердің Раббысына шағымданады. Пайғамбарымыз ﷺ өзінің хадисінде:

اِتَّقِ دَعْوَةَ الْمَظْلُومِ فَإِنَّهُ لَيْسَ بَيْنَهُما وَبَيْنَ اللهِ حِجابٌ

«Зұлымдыққа ұшыраған адамның (саған) жасаған дұғасынан аулақ бол, өйткені Алла мен оның арасында (дұғаның қабыл болуында) перде жо»қ[7], деген.       

Әзілдің шегін білмеу:

Ғұлама әл-Фараби: «Сөз тапқырлық – жақсы адамгершілік қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе» деу арқылы орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататындығын меңзейді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, сөз қадірін білу ол нағыз парасаттылық.

Алла Елшісі ﷺ үлкен кісілермен жылы әзілдескен. Бірде қарт әйел келіп: «Мен де жұмақтағылардың қатарынан болғым келеді, дұға етіңізші» деп өтінгенде, Пайғамбарымыз ﷺ оған: «Жәннатта қарт кісілер болмайды» деп әзілдейді. Мұны тура мағынада түсінген әйел жылап кетіп қалады. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Ол кісіге айтыңыздаршы, әйелдер қартайған түрінде емес, Алла оларды уыздай жас күйінде жұмаққа кіргізеді» деп түсіндіреді.[8]

Адамды әжуалау, келеке ету:

Мұсылман – мұсылманның бауыры, ол оны сатпайды, опасыздық істемейді,  мазақ етпейді. Өйткені адамды әжуалап, оны келеке етуің Алланың көркем жаратылысына тіл тигізуің, ал мұсылманға тіл тигізуің одан да ауыр. Алла Тағала Құран Кәрімде:

اللَّهُ وَلِيُّ الَّذِينَ آمَنُوا 

«Алла иман келтіргендердің жанашыр досы»[9] десе, Пайғамбарымыз ﷺ:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман кісінің қолы мен тілінен басқалар зиян шекпейді» [10], деген.

Құпия ашу:

Қазіргі қоғамдағы үлкен дерттің бірі – жеке тұлғаға қатысты құпия, сырларды өзгеге ашу. Ғаламторда күнделікті ақпарат беттерінде өздерінің танымалдығын арттыру мақсатында ел назарындағы тұлғалардың құпия, сырлары әшкере болуда. Бұл қазіргі қоғамның сыр сақтау білмейтіндігінің бірден-бір көрінісі. Өйткені сыр – ол Алланың аманаты,  Пайғамбарымыздың ﷺ асыл қасиеттері. Пайғамбарымыз ﷺ бұл турасында:

إذَا حَدَثَ الرَّجُلُ الْحَدِيثَ ثُمَّ اِلْتَفَتَ فَهِيَ أَمَانَةٌ

«Егер бір адам саған әңгіме айтып, басқа жаққа бұрылса сол (әңгіме) саған аманат болады»[11], деген.

Жаужүрек баһадүр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз, өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды» – деп адамның өзінің сөзіне сақ болуын ескертеді.

Уәдені орындамау:

Мұсылман үшін тағы бір асыл қасиет – уәдеге берік болу. Пайғамбарымыз ﷺ әрдайым уәдесінде тұрған. Қазіргі замандағы адамдардың бойынан табылуы тиіс қасиеттердің бірі де осы уәде мәселесі.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا

«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады»[12].

Жәннат иелерінің де асыл сипаттарының бірі – бұл өмірде сертте тұру болған. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ 

«Олар сондай аманаттарын және уәделерін сақтаушылар»[13].

Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде:

       اِضْمِنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ ، أَضْمَنُ لَكُمْ الْجَنَّةَ : اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ، وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ، وَأَدُّوا إِذَا اُؤْتُمِنْتُمْ، وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ، وَغَضُّوا أَبْصَارَكُمْ، وَكَفُّوا أَيْدِيَكُمْ.

«Маған бес нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар»[14], деді.

Өтірік айту:

Өтірік сөйлеу – тіл арқылы көрініс табатын аса қауіпті жүрек ауруларының бірі. Алла Тағала жүрегінде мұндай дерті бар адамдардың ақыреттегі жағдайын аятта: 

فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ فَزَادَهُمُ اللَّهُ مَرَضًا ۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ بِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ

«Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар»[15] – деп баяндаса, Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде:

أَرْبَعٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ كَانَ مُنَافِقًا خَالِصًا ، وَمَنْ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْهُنَّ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْ النِّفَاقِ حَتَّى يَدَعَهَا : إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا عَاهَدَ غَدَرَ ، وَإِذَا خَاصَمَ فَجَرَ

«Нағыз мұнафықтың төрт сипаты бар. Егер адамда осы төртеудің бірі бар болса, онда оның бойында мұнафықтың белгісі болғаны. Адам ол белгілерден арылуы қажет. (Олар): аманатқа қиянат жасайды; сөйлесе өтірік айтады; уәдесін орындамайды және тартысса, онда дау шығарады»[16] , дейді.

Тіл кесапаты – ғайбат:

Тілдің душар болуы мүмкін ауруларының бірі – ғайбат. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінде мұның қаншалықты жиіркенішті екені жайында мысалдар көп. Алла Тағала ғайбат айтушы адамды Құран Кәрімде өлексенің етін жеген адамның бейнесінде қатаң сипаттайды. Алла Тағала:

وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا ۚ أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ  وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

«Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын, өлген бауырының етін жегенін ұната ма? Әнеки бірден жиіркендіңдер. Ендеше Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – Тәууаб (құлдарының шанайы тәубесін қабыл етуші), Рахим (тәубеге келіп, Өзіне бет бұрған құлдарына ерекше мейірімді)»[17] десе, Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:

كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ

«Бір мұсылманның екінші мұсылман үшін қаны, малы, ары харам болды»[18], деп, ғайбат айтудың ауыр күнә екенін ескертеді..

Өсек тасу:

Өсек тілдің негізгі кесапаттарының бірі.

  Өсекші адамның жәннатқа кірмейтіні жайында пайғамбарымыз ﷺ:


  لا يَدْخُلُ الجَنَّةَ نَمَّامٌ      

«Жәннатқа өсекші кірмейді»,[19] деген.

Олай болса, тілімізге өте сақ болайық! Алла Тағала тек пайдалы сөз айтуымызды нәсіп етсін!


[1] Бұхари хадистер жинағы

[2] Табарани хадистер жинағы

[3] «Файдуль-Къадир» 3/323.

[4] Табарани хадистер

[5] Тирмизи хадистер жинағы

[6] Тирмизи хадистер жинағы

[7] Бұхари хадистер жинағы

[8] Тирмизи хадистер жинағы.

[9] «Бақара» сүресі, 257-аят.

[10] Бұхари хадистер жинағы

[11] Ибн Әби Дүния

[12] Исра сүресі, 34-аят.

[13] «Мағариж» сүресі, 32-аят.

[14] Ахмад хадистер жинағы.

[15] «Бақара» сүресі, 10-аят.

[16] Бұхари хадистер жинағы

[17] «Хужурат» сүресі 12-аят.

[18] Муслим, Ахмад хадистер жинағы.

[19] Муслим хадистер жинағы.

Return to Top ▲Return to Top ▲