Ағымдағы жылдың 8 шілде күні Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтанов өңірдегі діни ахуалмен танысу мақсатымен облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде болды. Өңір басшысы мешіт ұжымымен кездесіп, елдің бірлігі мен ынтымағы үшін зор үлес қосып жүрген дін қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Ал ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы өз кезегінде өңір басшысын тағайындалған қызметімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да егемен еліміздің жарқын болашағы үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен атқарар жұмыстар жоспарымен таныстырды.
Кездесу барысында бірқатар мәселелер қозғалды. Атап айтқанда: бүгінде өзекті мәселелердің бірі болып отырған жат ағымдарды алдын-алуда атқарылып жатқан іс-шаралар, кадр мәселесі, мешіттердің құзырлы мекемелерде тіркеуден өтуі және жалпы облыс бойынша діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау кеңінен сөз етілді. Бұл келелі кездесуге сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мен жергілікті Дін істері басқармасының басшысы Мұратбек Зейнуллин қатысты.
Бүгінде 10-нан астам конфессия мен 132 діни бірлестік істеп жатқан өңірімізде мұндай кездесулердің берері мол. Себебі «Саусақ бірікпей-ине ілікпейді» демекші, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, халқымыздың бейбіт өмір сүруіне қажетті ең басты нәрсе – ұлтқа, руға бөлінбей, бірлік пен ынтымақта болу.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі