Мұсылман үшін асыл қасиет, Пайғамбарымыз ﷺ көркем мінезінен болған, имандылықтың нышаны – уәдеге берік болу. Қазіргі замандағы адамдардың бойынан табылуы қиын асыл қасиеттердің бірі. Уәденің жоғалуынан адамдардың сөзіне, амалына күмәнмен қарап, істің орындалатынына толық сенім арта алмағандықтан, альтернативті шешімді қарастыратын заманға жеттік.
Біріншіден, біз өзімізге берген уәдені орындамаймыз. Қанша мәрте өмірімізді жаңа сарынға өзгертеміз деп уәде бердік?! Рухани, материалдық тұрғыда дамимын деп неше мәрте мақсат қойдық?! Бірақ өмірдің біраз белесін ассақ та өзімізге де өзге де пайда келтіріп жатқанымыз шамалы!
Екіншіден, қоғамның алдында берген талай уәделеріміз орындалмай, адамдардың алдында талай абыройымыз төгілді. Ақыры қоғамның сенімінен шыққанымызды байқамай қалдық.
Үшіншіден, жанұямыздың алдында да уәдемізде тұрмаған кездеріміз аз емес. Ата-анамыздың алдында уәде бергіш ұл, бала-шаға, жұбайымыздың алдында уәдесін орындамайтын әке атанып кеткенімізді сезбедік.
Ең маңыздысы Раббымыздың алдында берген уәделеріміздің орындалмауы нағыз опасыздықтың белгісі. Неше рет намаз бастаймын деп уәде беріп, Алланың сансыз нығметтерін сезе тұра әлі күнге дейін сол үлкен уәдемізді орындай алмай жүрміз. Алла Тағала өзінің құлдарынан уәдеде тұруды қатаң түрде ескертеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا
«Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар»[1].
Жәннат иегерлерінің асыл сипаттарының бірі – сертте тұру болған. Алла Тағала Құран Кәрімде:
وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ
«Сондай-ақ олар (яғни намазды үзбей оқитын шынайы мүміндер) қолдарындағы аманаттарына асқан жауапкершілікпен қарайды һәм берген уәделерін толық орындайды»[2].
Алла Тағала өзінің сүйікті тақуа құлдарын сипаттаған кезде олардың серттеріне берік екендіктерін атап өткен. Алла Тағала Құран Кәрімде:
وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ
«Уәделескенде уәдесінде тұратын, сондай-ақ таршылық көргенде, дертке шалдыққанда әрі соғыс жағдайында (шариғат жүктеген міндеттерді мейлінше толық орындауға тырысып) сабырлық һәм табандылық танытқан жандардың ісі міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар»[3].
Уәдеде тұру ол барлық пайғамбарлардың асыл қасиеттерінен болып табылады. Алла Тағала Исмайыл пайғамбар жайында:
وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِسْمَاعِيلَ إِنَّهُ كَانَ صَادِقَ الْوَعْدِ وَكَانَ رَسُولًا نَبِيًّا
«Сонымен қатар, бұл кітапта Исмайыл жайлы да сөз қозға. Шүбәсіз ол уәдеге берік жан еді. Елші әрі хақ пайғамбар еді»[4].
Алла Тағала Ибраһим пайғамбар жайында:
وَإِبْرَاهِيمَ الَّذِي وَفَّى
«Сондай-ақ міндетін лайықты түрде орындаған Ыбырайымнің парақтардағы ақиқаттардан да хабардар емес пе?»[5].
Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде юылай дейді:
اِضْمِنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ ، أَضْمَنُ لَكُمْ الْجَنَّةَ : اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ، وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ، وَأَدُّوا إِذَا اُؤْتُمِنْتُمْ، وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ، وَغَضُّوا أَبْصَارَكُمْ، وَكَفُّوا أَيْدِيَكُمْ.
«Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар»[6], деді.
Уәдеде тұрмайтын адамдарды пайғамбарымыз екі жүзділер санатына кіргізген. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:
آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ
«Мұнафиқтың белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманат қылынса, қиянат жасайды»[7].
Пайғамбарымыз ﷺ және ілгерідегі сәләфтардың өмір жолдарынан уәдеде тұру жайында көріністерден мысалдар келтірсек:
Бірінші көрініс: Сахих муслимде келген ұзақ хадисте Хузайфа ибн әл-Яман және Әбу Хусайл деген екі сахаба Меккеден Мәдинаға бара жатқан кездерінде Мекке Құрайыштары ұстап алады. Олардың Мәдинаға бет алып бара жатқанын біліп кері қайтармақшы болады. Олар Құрайыштарға қарсы соғыспасқа Алламен ант етуін сұрайды, олар ант еткеннен кейін босатады. Мұсылмандардың кәпірлермен алғашқы соғысы Бәдір соғысында мұсылмандар саны аз бола тұра Пайғамбарымыз ﷺ олардың берген серттері үшін соғысқа қатыстырмайды. Пайғамбарымыз ﷺ: «Сендердің серттерің үшін олармен соғысуға тыйым салынды, Алладан оларды жеңу үшін жәрдем сұраймыз» деді. Бұл мүшріктерге берілген уәде болса да, Пайғамбарымыз ﷺ уәдені бұзбады.
Екінші көрініс: Хижраның алтыншы жылы мүшріктер мен мұсылмандардың арасында Худайбия келісімі болған кезде келісімге сәйкес мүшріктер тарапынан егер біреу ислам қабылдап, мұсылман болатын болса, Мадина қаласына барып Пайғамбарымызбен ﷺ бірге болу тиым салынған болатын. Келісім аяқталғаннан кейін Әбу Жәндал ибн Сухаил деген сахаба Меккені тастап, Мәдинаға мұсылмандарға қосылмақшы болады. Алайда әкесі Сухаил келісімнің өз күшіне енгенін айтып, баласын кері қайтарады. Сол кезде Әбу Жәндал тұрып мұсылмандарға: «Менің мүшріктерге қосылуыма жол бересіңдер ме? Мен мұсылман болып келген жоқпын ба?» дейді. Пайғамбарымыз ﷺ мүшріктерге берген уәдесінде тұрып: «Әбу Жәндал сабыр ет, және Аллаға тәуекел қыл, сен және сенімен бірге болған әлсіздерге Алла жеңілдік және шығар жол береді. Біз бұл қауыммен келісімге отырдық, Алламен ант еттік, біз антымызды бұзбаймыз» деді.
Үшінші көрініс: Пайғамбарымыздан ﷺ тәлім алып, әрбір әрекетіне амал жасауға тырысқан ұлық сахабалар уәдеде тұрудың озық үлгісін көрсетіп кеткен. Парсы еліне ислам жорықтар болған кезде Әбу Убайдата ибн Жарахтың әскерінде бір жауынгер мұсылмандарға шабуыл жасауға ыңғайлы маңызды нүктеде орналасқан бір елді мекенге соғыспауға уәде берген.
Соған байланысты Әбу Убайдата ибн Жарах Омардан үкім сұрап адам жібереді. Сол кезде Омар: « Шын мәнінде уәдені Алла мұсылмандар үшін ұлық етті, уәделеріңде тұрыңдар! Алладан оларды жеңу үшін көмек сұраймыз» деді. Неткен керемет мысал. Осындай ұлы тұлғалардың әрекетінен адамдар жаппай дінге бет бұрды. Парсы елі, Византия, Испания, Португалия, мұсылмандардың қарамағына өтті.
Төртінші көрініс: Омардың (р.а.) басшылығының кезінде екі жігіт бір адамды жетектеп Омардың алдына алып келеді: «Ей, мұсылмандардың әміршісі, бұл адам біздің әкемізді өлтірді» дейді.
Омар: «Шынымен олардың әкесін өлтірдің бе?», деп сұрайды.
Әлгі адам: «Ия, өлтірдім», деп жауап береді.
Омар: «Қалай өлтірдің?», дейді.
Ол: «Бұлардың әкесі түйесімен менің жеріме кіріп кетті, ескерттім бірақ ескертуіме құлақ аспады, сосын тас жіберіп едім басына тиіп өліп кетті, алайда оны өлтірейін деген ойым болмап еді» дейді.
Омар: «Онда бұл жерде өлген кісінің балалары қасас қылады, өлім жазасы»дейді.
Анау адам тұрып: «Менің жанұяма деп жасырған аз дүнием бар еді соны жанұяма табыстайын, жақындарыммен қоштасайын үш күн мұрсат бер, қайтып келем, әйтпесе жанұям аштан өледі» дейді.
Сол кезде Омар (р.а.) қалың көпшілікке қарап: «Араларыңда бұған кепіл болатын бар ма?» дейді. Адамдардың ешқайсы жауап қатпайды, өйткені оны ешкім танымайтын еді. Кейін ол өлген кісінің балаларына бұрылып: «Мүмкін кешірерсіңдер?» дейді.
Олар: «Әкемізді өлтірген адам өлу керек» деп, кешірмей қояды.
Кейін ол адамдарға бұрылып тағы сұрайды: «Кім кепіл болады, бала-шағасы аштан өлетін болды ғой» дейді.
Қалың топтың ішінен Әбу Зар тұрып: «Мен кепіл боламын» дейді.
Омар: «Сен оны білесің бе?» дейді.
Әбу Зар: «Жоқ білмеймін», деп, жауап береді.
Омар: «Сен өлімге кепіл болып тұрғаныңды білесің бе?, дейді.
Әбу Зар: «Ия, білемін, дегенмен оның бойында имандылық белгілерін байқап тұрмын, Алла сүйген құлына жәрдемші болады», деді.
Үш күннен кейін келісілгендей барлық адамдар жиналады, соның ішінде өлген кісінің балалары, Әбу Зар да бар. Дегенмен өлтірген адамның қарасы көрінбейді. Ақшам намазына жақындағанда барып, бір адам төбеден көрінеді. Сол жердегі адамдар әлгі адамның уәдесінде тұрғанына таң қалып, риза болады.
Өлтірген адам: «Тұрғылықты жерім алыс болғаннан кейін кешіктім, балаларыма бүкіл дүниеді табыс еттім, міне енді өлімге даярмын» дейді. Сенімге беріктігін көрген өлген адамның балалары «біз кешердік» дейді. Сол жерде барша мұсылмандар қуанып көздеріне жас алады.
Омар өлім жазасы берілген адамнан: «Сені өлімге кестік, сен өлетініңді біле тұра осында келдің, себебі не?» дейді.
Ол: «Мен сертімде тұрмасам, кейін мұсылмандардың арасында серт жойыла ма деп қорықтым, сол үшін келдім» дейді.
Кейін Омар Әбу Зарға бұрылып: «Сен бұл адамды танымасаң да кепіл болдың, оның себебі не»? дейді.
Мен: «Кейін мұсылмандарың арасында бауырмашылық, тақуалық әлсірей ме?деп қорыққаннан кепіл болдым» дейді.
Омар әкесі өлген адамның балаларынан: «Сендердің әкелеріңді өлтірді сендер не себептен кешірім жасадыңдар», дейді.
Олар: «Біз егер кешірмесек, мұсылмандардың арасында мейірімділік жойыла ма деп қорықтық, сол себепті кешірдік» дейді.
Көріп отырғанымыздай сенімділік, уәдеде тұрушылық және жасалған келісімдерге адал болу – жеке әрі қоғамдық өмірдің негізгі тіректерінің бірі болып табылады. Қоғамның тыныштығы әрбір қоғам мүшесінің сенімді болуына, берген сөзінде тұруына және жасаған келісімдеріне адал болуына байланысты.
Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа (нотариус) жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жоймады. Мәселен:
«Екі сөйлеу – ерге сын».
«Айтылған сөз – атылған оқпен тең».
«Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені».
Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау мұсылмандық міндеттердің ең абзалы. Керісінше әрекет ету мұсылман кісіге жараспайтын жат әдет. Берілген уәдені орындамау Алланың құлға берген ақысын аяқ асты ету деген сөз.
Дана бабаларымыз «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынағаны» деп, асыл сөз қалдырған.
Уәдемізде адал болайық, бауырлар!
[1] Исра сүресі, 34-аят.
[2] Мағариж сүресі, 32-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 177-аят.
[4] «Мәриям» сүресі, 54-аят.
[5] «Нәжм» сүресі, 37-аят.
[6] Ахмад хадистер жинағы.
[7] Бұхари хадистер жинағы