– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада үздік магистранттармен кездесуі кезінде ата-аналарды балаларын ғылымға бағыттауға шақырды.
«Тек жер қойнауындағы байлыққа қарап отырмау керек. Яғни, индустриялық экономика құруымыз қажет және инновацияға көңіл бөлуіміз керек»,-деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент жоғары технологияларды жетік меңгерген әлем елдері өздерінің бұл жетістіктерін елімізге оңай бере салмайтынын, сондықтан да өсіп-өркендеу үшін ел ішіндегі мамандарды барынша көтеру керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда Елбасы Қазақстанда талапты жастар өте көп екенін, олардың барлығына мемлекет көңіл бөлетінін жеткізді.
«Егер де менен сіздердің жастарыңызда «өмірде кім болғың келеді және балаларыңды қай салада көргің келеді»? – деп сұрайтын болса, мен онда саясаткер немесе Президент деп айтпас едім. Қабілетті болса мен оларды ғылымға бағыттар едім. Дәл осы салада құрмет, материалдық әл-ауқат, сондай-ақ адамның дамуының шыңы қалыптасқан»-деп атап өтті Н. Назарбаев.
«Алға қойған мақсаттарымыз баршамызға белгілі. 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламамыз бар. Оны орындау үшін 2020 жылға дейінгі тиісті бағдарлама қабылданып, оның 2015 жылға дейінгі мерзіміне өте үлкен мақсат қойылды. Осы жылдардың ішінде экономиканың өсімі екі есе артуы керек»,-деді Мемлекет басшысы.
http://www.inform.kz/kaz/article/2408818
ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов