Дінтанушы мамандар біліктілігін арттыруға баса назар аударылуы қажет.
Бұл туралы 28 желтоқсан күні облыс әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен кезекті отырысында айтылды.
«Облыстағы барлық «Дінтану негіздері» пәні бойынша сабақ беретін мұғалімдер үшін діни сауаттылығын арттыруға арналған оқыту семинарларын және аудан, ауыл имамдарының заманауи, саяси біліктілігін арттыруға бағытталған оқытуларды сапалы түрде ұйымдастыру туралы» облыстық дін істері департаментінің директоры Талғат Нығмет хабарлама жасады.
Жастардың, қала берді жалпы адамдардың діни сауаттылығын арттыру, олардың дәстүрлі емес жат ағымдарға рухани қорғанышын нығайту мақсатындағы жұмыстарды жүргізуде дінтанушы мамандардың маңызы айрықша. Өңірде дін туралы бес саусақтай білетін мамандар тым аз. Демек, дінтанушы мамандардың кәсіптік біліктілігі мен сауаттылығын арттыру аса қажет. Осы мақсат жолында келесі жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультеті жанынан дінтану кафедрасы мен мамандығын ашу жөнінде мәселе қойылып отыр. Сондай-ақ барлық жоғары оқу орындарының бірінші курсынан бастап, «Дінтану негіздері» бойынша дәріс оқу жөніндегі ұсыныс қолдау тауып келеді. Қазір өңірде 400-ден астам дінтанушы бар. Алайда олардың жұмысы соншалықты өнік немесе пәрменді деп айту қиын. Бір ғана мысал. Облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында дінтануға бар болғаны 4-6 сағат бөлінген. Бұл қалыпты жағдай емес. Демек, дінтанушы ұстаздар мен оқытушыларды қайта даярлау үшін жоғарыда аталған сағат санын 25-30-ға жеткізу ұсынылады. Келешекте дін танушылар үшін 2-3 айлық семинардан бастап, бір жылдық арнайы курс ұйымдастырылмақ. Дінтанушылардың біліктілігін арттыру жұмысына ғалымдармен қатар, Орал медресесі ұстаздарының, облыстық, қалалық ішкі саясат басқармасы, бөлімдері мамандарының, басқа да мүдделі тұлғалардың қатыстырылғаны дұрыс. Нәтижесінде дінтанушылар дін пәлсапасы, діндер тарихы, олардың түрлі бағыттары және басқалары жөнінен сауатты, білікті, білімді мамандар болып қалыптасуы тиіс. Сонда ғана олар түрлі діннің атын жамылған бүлдіргі ағымдарға рухани соққы бере алады. Бұдан басқа аудан әкімдеріне жас буын имамдарға рухани-тұрмыстық қолғабыс беру, көмектесу де тапсырылған. Ал діни ахуалы күрделі аудандардан үш адам алдағы айларда республикалық Дін істері жөніндегі агенттіктің ұйғарымымен Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Даби қаласына үш айлық білімін жетілдіру курсына оқуға жіберілмек.
ҚМДБ-ның өңірдегі өкіл имамы Бауыржан Әлиұлы бүгінде имамдарды даярлау ісіне жергілікті жерде айрықша мән берілетінін айта келіп, жыл сайын олардың қатарын «Нұр-Мүбәрак» араб-қазақ университетін, Алматы қаласындағы имамдардың білімін жетілдіру институтын, өзге де еліміздегі діни оқу орындарын бітірген жас мамандар толықтырып жатқанын баяндады. Ал М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры, дінтанушы ғалым Әсет Тасмағамбетов өзінің жоғары оқу орнында тарих факультеті жанынан «Дінтанушы» мамандығы бойынша оқыту ашылатынын, оның құжаттарының даярлану үстінде екенін, тек республикалық Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекіту күтіліп отырылғанын айтты. Сонымен қатар унверситет ғалымдары өзге де мүдделі тараптармен бірге дінге қатысты семинарлар өткізуге, оқулықтар жасауға даяр.
Отырыста облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Жамал Ихсанованың «2011 жылғы ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысына сараптама және ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының тармақтарын түсіндіру бойынша лекторлық топтардың жасақталуы туралы» хабарламасы тыңдалып, кеңестің 2012 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
ҚазАқпарат, Елжан Ералы
(82