БІРІҢДІ ҚАЗАҚ БІРІҢ ДОС… Көрмесең істің бәрі бос.

… Біз ұзақ жолға бет алған жолаушымыз ғой әрқайсымыз. Сол ұзын сонар жол бойында Аллаһ қай-қайсымызды да талай адаммен кезіктіреді екен. Олардың кейбірімен жай ғана бас изесіп өте шығамыз, енді бірімен шүйіркелесіп аялдап, бірімен қауқылдасып-қалжыңдассақ, бірімен қол ұстасып, қолтықтасып, біраз жолды бірге жүріп өтеміз, біреуін сағына-сарғая көруге зар болсаң, біреуі жолыңды кес-кестеп күнде кезігеді, енді бірі көңіліңе жақын, бірі жүрегіңе ащы, бірі дос, бірі дұшпан, тағысын тағылар дегендей… Сөйтіп, не керек, қалай болған күнде де, соңында әйтеуір бір болатын бір ақиқат – ол қоштасу. Қош айтыспауымыз мүмкін, бірақ қоштасарымыз хақ. Тек осы хақиқаттың есімізде көбіне-көп тұра бермейтіні өкінішті-ақ. Жауыз шайтан бұны да өз пайдасына шешеді: қай-қайдағы дүнияуи шым-шытырықтарды ойға шырмап азғырып, жолшыбай кезіккен сапарластарға өшігу туғызады кеудемізде. Ол адаммен бұ дүниеде ендігі кезігу-кезікпеуіміз екіталай болса да «ісім осы сенімен болсын!» деп іштей өшпенділікті өмірімізге өзек етіп жатамыз. Жаратушымыз бен сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұған не деді, құлақ салайықшы?!

Ибн Аббас (р.а), «Аллаһ Тағаладан қорқып, араларыңды жарастырыңдар», – деген Анфал сүресінің 1 аятына қатысты: «Бұл – Аллаһ Тағаланың адамдарға Жаратушысынан қорқуына және өзара қарым-қатынасты түзеуіне қатысты талабы», – деген екен. (Мужәһид (р.а) риуаят етті). Ал қарым-қатынастың дұрыс болуына апаратын жол қандай? Әлбетте ол – сабырлылық. Бұған қатысты Нәби (с..ғ.с.) былай деген: «Адамдармен араласып, олардың жағымсыз қылықтарына сабыр еткен мүмін – адамдармен араласпайтын, әрі олардың жағымсыз қылықтарына сабыр етпейтін кісіден артық». Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мен сендерге (нәпіл) намаз, (нәпіл) ораза және садақадан да дәрежесі артық амалды айтайын ба?»,- деп сұрағанда, сахабалар, оларға Аллаһ разы болсын: «Иә, айтыңыз», – деді. Ол: «Арадағы қарым-қатынастың дұрыс болуы. Өйткені, қарым-қатынастың бұзылуы жақсылықты жояды» (Хадис Әбу Дардадан (р.а)), – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеттерінде қарым-қатынастың бұзылуы жәннатқа барар жолда тосқауыл болатындығы жөнінде де айтылған: «Мұсылман бауырымен қатынасын үш түннен артық үзуіне болмайды. Екі мұсылман өзара қатынасын үзген уақыт бойы дұрыс жолдан тайған болады. Екеуінің бірі ізгілік тарапына бет алуы оның күнәсіна кәффарат (яғни, күнәсінің айыбын өтегені) болады. Егер екеуі де араздасқан күйде қаза болса, онда ешбірі жәннатқа кірмейді» (Хадис Һишам ибн Ъамирдан (р.а)).

Данышпан Шәкәрім болса:

Біреудің мінін кешірсең,
Саған да Құдай кешеді…
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Рақымсыз, пейілі жаманның,
Орны дайын деседі,деп біз келтірген аят, хадистерді өз тілінде өрнектеген.

«Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», – демей ме, дана қазақ та. Асылында, біреу үшін ұзақ, біреу үшін қысқа етіп бекітілген жұмбақ ғұмырда Аллаһтан медет тілей отырып, мәнді де сәнді тіршілік кешуді ниет етіп, амал жасау біз үшін абзал болмақ. Раббымыз біздің арамызды көркем жарастырып, араздықтан сақтағай! Әмин.

 

Әлия Уәлиева

 

Return to Top ▲Return to Top ▲