Қуанышқа толы күн

Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жүрегіңді жұмсартқың келсе, онда міскінді тамақтандыр және жетімге мейірім көрсет»,- деп айтқан. Шынымен де, өмірде жетімдіктің қасіреті мен қайғысын көрген жандар қаншама. Соларға көмек қолын созып, жылы сөздер айтқанда жүрегің имандылық пен мейірімге толып, Аллаһ тағаланың берген шексіз нығметтерін ерекше бағалай бастайсың. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жетімдерге деген сезімі ерекше еді. Күллі әлемге ғаламның рақым нұры ретінде жіберілген Аллаһ елшісінің оларға мейірім танытып, көмек көрсеткендердің дәрежесі биікте болатынын атап өткені белгілі.

Осы орайда, өңіріміздің орталық мешіті мен онда діни ілім алып жүрген ақ жаулықты апалардың ұйымдастыруымен облыстық жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатында тұрып жатқан балаларға дастархан жайылып, сыйлықтар табысталды. Қуаныштан балалардың жүздерінде күлкі, көздерінде қуаныш пайда болғанын көрген біз интернаттан жүрегіміз лүпілдеп, бір керемет сезіммен қайттық. Бұл игі іске себепкер болған апаларымызға Алла тағала разы болсын деп айтамыз!

Он сегіз мың ғаламды жаратушы Аллаһ тағаланың рақымына және пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның шапағатына бөленгіміз келсе, ата-ананың аялы алақанын сағынған балаларға мейірімділік танытып, сауап істерді жасауға асығайық.

 

 «Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

 

 

Return to Top ▲Return to Top ▲