Кедендік одаққа байланысты өткізілген жиында сыраға қандай статус беру жайлы шу шыққаны белгілі. Беларусь үкіметі сыраны алкогольсіз өнім деп санауды ұсынған болатын. Бұл – Кедендік одақта әбден талқыланған тақырып. Мөлдір сусын үшін белорустықтар сыра өнімдері туралы техникалық регламент жасауды ұсынды. Белоруссияда сыра нарығының 80 пайызын пластик ыдысқа құйылған өнімдер құрайды. Егер сыраны алкогольді өнім қатарына қосса, белорустықтар пластикті шыны ыдыстарға ауыстыруға тура келеді екен. Бұл әрине көп шығынды қажет етеді. Ресей де сыраға байланысты өз ұстанымдарын жұмсартпақ ниет танытты. Бұл тұрғыда барлық алкогольді өнімдерді пластик ыдыстарда шығаруға қарсы шыққан Қазақстанды Ресей қолдамай отыр. Сөйтіп, сыраға қатысты сан-саққа кеткен тартыс сол күйі басы ашық күйінде қалды.
Алдағы уақытта сыраға қайта айналып соғуға тура келері сөсіз. Мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселе ретінде. Кезінде еліміз алкогольді өнімдерге қарсы «майдан» ашқаны белгілі. Дұрысы – жарнамасына қарсы. Алайда жарнаманың өңін айналдыруда алдына жан салмайтындар сыраның орысшасын теріс қаратып жазып, сарапшылар тап басып тани алмайтындай етіп, әйтеуір амалын тапты. Әйтеуір сыраның алкогольді өнімдер қатарына жататыны, ия жатпайтыны туралы қазір қоғамның пікірін екіге жарып тұр. Кезінде Ресейдің өзі сырақұмарлықтың дендеп бара жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Әсіресе, жастардың шөлбасар ретінде тіптен қалақтап емес, бөшкелеп ішетіні жайлы тіпті бас санитар дәрігері мәселе де көтерген болатын. Бізде де жағдай мақтанарлықтай мәз емес. Сыра тек жастар мен жасамыстардың ғана емес, бүгінде мектеп оқушыларының да сүйікті сусынына айналды. Оны қаншама алкогольсіз сыра деп дәріптегенмен де, оның құрамындағы 0,5 % спиртті қайда қоямыз. Арпадан ашытылған кәдімгі арақ атаулының «туысы» болып табылатыны тағы да рас. Бірақ алкогольсіз сыра ғой деп сылтауратудың қажеті жоқ. Әйтеуір «халал сыра» деген шықпаса деңіз.
Сыра пайдалы ма, зиянды ма?
Дәрігерлердің айтуынша, адамға арақтан гөрі сыра қауіптірек көрінеді. Шөл басқанымен өзіне деген тәуелділікке ұрындырады екен. Яғни бір дәмін татқан адам меңдуана жеп, миы айналған қойдай болып қайта ішкісі келеді де тұрады. Арақ атаулыны зерттеп жүрген ғалымдар алкогольді өнімдерді қуаттылығына қарай жік-жікке бөлгенді жөн деп санамайды. Олардың ішке түсер қуаты аз болған сайын адамды тәуелділікке ұрындыратын көрінеді. Жасырары жоқ, бүгінде сыраның атауы өзгермегенімен оның жасалу жолдары жаңарғаны анық. Бұрынғы жасалу жолынан айнып, бүгінде түрлі технология бойынша дайындалады. Оған түрліше консерванттар қосылатыны белгілі. Химиялық қоспаларды қауіпсіз деп ешкім де кепілдік бере алмайтыны анық. Соның ішіндегі ең қауіптісі – кобальт. Оны көпіршікті көбейту үшін қосады. Менделеев кестесіндегі елеусіздеу элемент болғанымен оның адам ағзасына келтірер зияны аса ауқымды. Рентгенологтардың айтуынша, сыраны сіміріп салған адамның жүрегіне «жүк» түседі. Яғни ең алдымен жүректі зақымдайды. Оның қуысы кеңіп, бұлшық етке күш түседі. Одан кейін ағзадағы басқа да «көршілеріне» шабуыл жасай бастайды. Жүрекке ең жақын орналасқан асқазан да бұл қатерлі шабуылдан қалыс қала алмайды. Бүйрек пен бауырға да келтірер зияны орасан. Оның құрамында сондай-ақ көмірқышқыл газы да бар. Қан айналымы жүйесіне аса қауіптісі – осы. Сыра құрамындағы ауыр металдардың тұзы гармондарға күш түсіреді. Соның салдарынан эндокринді жүйе аса көп өзгеріске ұшырайды. Оны үнемі сіміретін еркектердің негізгі гармоны –метилтестерон әлсірей бастайды. Ал бұрымдыларымыздың да сыраны сылқитудан алдына жан салмайтыны жасырын емес. Оны күнделікті ішуді дағдыға айналдырған ақ жаулықтардың көкірек рагына ұшырау қаупі жоғары. Арақтан арзан болғанымен тигізер зияны орасан зор сыраға деген құмарлық өршімесе өшпей тұр.
Сыра шығаратындардың «сыры»
«Әлемдік нарықта чех сырасына тең келер сыра жоқ» – дейді дегустологтар. Елімізде де «кіші Чехия» атанған аймақтар бар. Мәселен, Шымкенттің салқын сырасы мен қарағандылық сыра алдына қара салмай тұр. Одан бөлек шеттен келетін импортный сыраларды қосыңыз. Сөреде самсап тұрған сыралардың қатарында қазақтыкі де оқ бойы озық тұр. Өзге салаларда артта қалып жатсақ та, алкогольді өнім өндіруде өзгелерді шаң қаптырар түріміз бар. Елімізде арақ шығаратын – 40, шарап шығаратын – 24, сыра шығаратын 62 зауыт бар екен. Көрдіңіз бе, арақ-шараптан гөрі сыра дайындайтын зауыттар көп. Себебі түсінікті, сұраныс бар жерде оның көбейетіні сөзсіз. Ал сыра ішуден жарыс ұйымдастырылатын болса бізге бәйгені шаппай алу бақыты бұйырып-ақ тұр. Ресми емес дерек көздеріне сүйенсек, елімізде жылына 4 миллион 800 мың литрге жуық сыра өндіріледі екен. Оның бәрі далаға төгіліп жатқан жоқ, сіз бен біз сіміріп жүрміз.
Кеңес өкіметі кезінде арақ өнімдерінің бес-алты түрі ғана болатын. «Пшеничный» деп аталатын түрі аса сұранысқа ие еді. Ал қазір ассортимент 300-ге дейін жетіп жығылыпты. Арақтың атауынан адам жаңылысады. Ал оның тарттырар азабы да аз емес екені белгілі. Арақ ішіп жүрген жоқпын ғой деп өз-өзін жұбатып жүрген жан сыраның арқасында қалай «алқаш» боп кеткенін аңғармай да қалады. Сыраның араққұмарлыққа апарар төте жол екені анық. Оның соңы түрлі қылмыстарға бой алдырумен, тағдырын талқыға салумен аяқталып жататыны өкінішті. Құзырлы орган қызметкерлері қылмыстың 68 пайызы ішімдік ішу салдарынан орын алатынын айтады…
Бақыт Жамшитова, дәрігер:
– Сыраны көбіне шөлбасар сусын ретінде ішіп жүріп, қалай алкогольді өнімдердің тұтқынына айналғанын сезбей де қалатындар көп. Әсіресе, ол жас буынды улап, қазірден-ақ құрдымына тартып барады. Мектеп жасындағыларға алкоголь өнімдері сатылмасын деп тыйым салынғанымен теңге көрсе, алақаны қышитын пайдакүнемдер заң талаптарына пысқырып та қарамайды. Алкогольсіз өнімдердің жарнамасын бұрқыратқанша салауатты өмір салтын ұстану туралы жарнаманы көбейткен дұрыс. Жас ұрпаққа бұл өнімдердің зияндылығын құлақтарына құя беруіміз керек.
Сыра-ақпарат
Оның құрамында 0,3—0,4 пайыз көмірқышқыл газы мен органикалық қышқылдар, құлмақтың ащы қалдықтары, сондай-ақ 1,8-6 пайыз шамасында алкоголь болады.
Сыра – дерек
АҚШ-тың Мичиган штатында жексенбі күні сыра ішуге және сатуға тыйым салынған. Германияда сыра тазалығы туралы заң әлемдік мәдени мұра қатарына қосылуы мүмкін. Будвайзер сырасы Чехияның зияткерлік меншігіне жатады.
Автор: Гүлжан Көшерова,
alashainasy.kz