ЕНДI ЖАМАҒАТ УАҒЫЗ-НАСИХАТТЫ БIР МЕЗГIЛДЕ ЕКI ТIЛДЕ ДЕ ТЫҢДАЙ АЛАДЫ

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы бұқаралық ақпарат құралдарына берген бiр сұхбатында: «Дiн насихаты — Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) аманаты. Аллаға шүкiр, елiмiзде дiннiң көркеюiне жағдай жасалуда. Шариғат шеңберi мен Заң талабы аясында кiм қандай сауапты амал iстеймiн десе — өз еркi. Тек шынайы ықылас, жанашырлық, қызметке деген сүйiспеншiлiк болса жеткiлiктi» деген едi. Ендеше дiн насихатын күшейту алдымен Аллаһтың жердегi үйi көк күмбездi мешiттердi жамағатқа барынша пайдалы, мешiтке келушiлердiң дәстүрлi асыл дiнiмiз жайында молынан ақпарат алуын қамтамасыз ету, мешiттiң iшi-сыртын көз сүйсiнердей жайландыру әрбiр дiн қызметшiсi мен имамдардың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi екендiгiнде дау жоқ.

Осы мiндеттердi жүзеге асыру мақсатында ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкiл имамы, «Қызылжар» орталық мешiтiнiң Бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының бастамасымен Қызылжар шаһарының көркiне айналып үлгерген орталық мешiттi қазiргi заманның талабына сай ету мақсатында бiршама жұмыстар атқарылуда. Мешiттiң iшкi — сыртқы жөндеу жұмыстарын айтпағанда Ислам дiнiнiң асыл құндылықтарын барынша мешiтке келушiлерге қолжетiмдi ету бағытында мешiттiң кiре берiсi мен намаз оқитын негiзгi залға ұзындығы 2-i жарым м., ал енi 50 см. болатын электронды жүгiртпе жолы орнатылды. Тегiн орнатылған электронды жүгiртпе жолынан күнделiктi ғибраты мол хадистер мен аяттар, хабарландырулар қазақ және орыс тiлдерiнде берiлiп тұрады. Өңiрiмiзде тұратын халықтың басым бөлiгi орыс тiлдi екендiгi белгiлi. Соған орай бұл жүгiртпе жолы арқылы қасиеттi жұма намаздарындағы мiнберден қазақ тiлiнде айтылған уағыз-насихаттың бiр мезгiлде орыс тiлiндегi аудармасы берiлiп отырады. Өз кезегiнде бұл жаңашылдық орыс тiлдi жамағаттың уағыз-насихатты еркiн қабылдауына мүмкiншiлiк берiп отыр. Бұл жаңашылдықты құп көрген қызылжарлықтар мешiтте жасалып жатқан игi iстерге алғыстарын да айтып үлгердi.

Сонымен қатар, ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Исламдағы зекет парызын насихаттау, парыздың орындалуына атсалысу, осы арқылы «ҚМДБ — зекет қорының» жұмысын жандандыру, қарқындандыру бағытында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкiл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының мұрындық болуымен «Қызылжар» орталық мешiтiнiң кiре берiсiне төлем терминалы тегiн орнатылды. Ендi зекет берем деушiлер тiкелей осы терминал арқылы бес парыздың бiрiн орындауға мүмкiншiлiктерi бар.

DSC09020

DSC09025

«Қызылжар» орталық мешiтiнiң баспасөз қызметi

Return to Top ▲Return to Top ▲