Біздің нәпсіміздің тазалануында үлкен рөл атқаратын құлшылықтың бірі – Құран оқу. Құран оқудың қандай әдептері бар? Қалай оқысақ, әсерленеміз? Алла тағала біреуге Құран берсе, оны жаттауды нәсіп етсе, одан артық сый жоқ.
) عن عثمان بن عفان ، عن النبي صلى الله عليه وسلم قال : خيركم من تعلم القرآن وعلمه
رواه البخاري ومسلم
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендердің жақсыларың Құранды үйреніп, басқаға үйреткендерің» [1]деген. Шариғат бойынша, дүние, мал-мүлік берілген адамдарға қызығып қарауға болмайды, тек қана екі жағдайда екі түрлі адамға қызығып қарауға болады.
لا حسد إلا في اثنتين: رجل آتاه الله القرآن فهو يقوم به آناء الليل وآناء النهار، ورجل آتاه الله مالاً، فهو ينفقه آناء الليل وآناء النهار
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Тек қана екі нәрседе хасед етуге болады»[2] деді. Хасед сөзінің мағынасы адамға бір жақсылық берілсе, сол жақсылық маған да берілсе, менде де сол нәрсе болса екен және де әлгі адам бұл нәрседен айырылса екен деп ойлауды білдіреді. Алла тағала Құран Кәрімде:
«Я, Алла, бізді көре алмаушылардың көре алмауынан сақтай көр» деген (113-5)[3]. Дінімізде хасед ету харам. Ғидто деген басқа біреуге бір жақсылық берілсе, менде де сол нәрсе болса екен деп ойлау, соны армандау, соны қалау, бірақ әлгі адамның сол жақсылықтан қағылуын қаламау ұғымын білдіреді. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) екі нәрседе адамдарға қызығып қарауға болады деді. Біріншісі – Алла тағала біреуге Құран берсе, оны үйретуді біреуге нәсіп еткен болса және ол соған амал етсе, ол адамға қызығып қарауға болады. Екіншісі – Алла тағала біреуге мал-мүлік берсе, ол оны Алла жолында жұмсағаны жөн.
من قرأ حرفا من كتاب الله فله به حسنة ، والحسنة بعشر أمثالها ، لا أقول : الم حرف ؛ ولكن : ألف حرف ، ولام حرف ، وميم حرف
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің басқа бір хадисінде: «Құранды оқыңдар, оның әрбір әрпіне Алла тағала он сауап береді. Мен әлиф ләм мим бір әріп демеймін, әлип – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп»[4] дейді. Яғни сіз әлиф ләм мим деп бір аятты оқумен отыз сауап аласыз.
عن أَبي هريرة رضي الله عنه أنَّ رسول الله صلى الله عليه وسلم قَالَ : « لا تَجْعَلُوا بُيُوتَكُمْ مَقَابِرَ ، إنَّ الشَّيْطَانَ يَنْفِرُ مِنَ البَيْتِ الَّذِي تُقْرَأُ فِيهِ سُورَةُ البَقرَةِ » . رواه مسلم
Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде: «Қайсы бір үйде «Бақара» оқылып жатса, «Әли Имран» оқылып жатса, жын-шайтандар болмайды»[5] дейді. Адам баласы Құран үйренетін болса, сол Құранына амал ететін болса, сауап беріледі, дәрежесі жоғарылайды, ал егер амал етпейтін болса, керісінше оны басқа бір ниеттерде оқитын болса, онда қияметте азабы ауыр болады. Рия үшін оқыған, төрге отырғызсын, бас ұстатсын, дауысы керемет екен десін, адамдардың арасында беделім болсын деп Құран үйренген, бірақ амал етпеген адам тозақта бірінші болып отқа жанады. Сәләф ғұламаларының кейбірі айтқан: «Бір пенде Құранды ашып, бір сүрені оқуды бастайды, сүрені бітіргенше періштелер оған салауат айтып тұрады, енді бір адам Құранды оқи бастаса, періштелер оны лағнеттеп тұрады». Мәселе мынада: егер Құранның халал еткенін халал деп білсе, харам еткенін харам деп білсе, періштелер оған салауат айтады, ал егер керісінше болса, періштелер оған лағынет айтады. Базарда болса, таразыдан жейді, көршісіне зұлымдық жасайды, достарына, ағайын-туысқандарына, жүрген жерінде адамдарға зиянын тигізіп жүреді. Жай ғана мысал: қорасында алма жеп тұрады да, тұқымын көршісінің бақшасына лақтыра салады. Ибн Масғұд (р.а) айтады: «Насқа» дейін толығымен оқып шығады, бірақ амал етуді ұмытады. Алла не бұйырды, неден қайтарды, қай жерде тоқтау керек – білмейді.
Құран біз үшін шипа және рахман болғанын қаласақ, онда оқудың ішкі әдептерін сақтауымыз керек. Құранның ішкі және сыртқы әдептері бар, осы екеуі де сақталса, Құран бізге шипа және рахман болады, біздің тот басқан жүректерімізді тазалауын қаласақ, онда оның әдептерін сақтауымыз керек. Ғұламаларымыз кітаптарында Құран оқудың ішкі және сыртқы әдептерін көрсетіп кеткен. Бірінші сыртқы әдептеріне тоқталсақ, Құранды оқымақшы болған адамға ең бірінші әдебі – дәретпен оқу. Бұл жөнінде Құранда былай жазылған:
قوله تعالى :لا يَمَسُّهُ إِلا الْمُطَهَّرُونَ
«Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды»[6] (56:79 аят). Содан кейін шамасы келсе, намазды тұрып оқу, құбылаға қарап оқу, болмаса отырып оқу, отырып оқи алмаса, жатып оқу. Алла тағала Құран Кәрімде:
الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَى جُنُوبِهِمْ….
«Олар Алла тағаланы зікір етеді тұрған халдерінде, отырған халдерінде және жатқан халдерінде…»[7] деген ( 3:191) – Ибн Масғұд айтады: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанына келіп тұрдым. Түнгі намазда «Фатиханы» оқып, «Бақараға» түсіп, оны бітірді, рукуғқа кететін шығар десем, «Али Имранды» бастады, бітіріп, рукуғқа кететін шығар десем, «Ниса» сүресін бастады. «Ниса» сүресіндегі:
فَكَيْفَ إِذَا جِئْنَا مِن كُلِّ أُمَّةٍ بِشَهِيدٍ وَجِئْنَا بِكَ عَلَىٰ هَـٰؤُلَاءِ شَهِيدًا
«Бүкіл үмметті келтірсек, сені оларға куәгер етіп келтірсек»[8] деген аятқа келген кезде көзінен жас шыққанын көрдім. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) намазда тұрып осылай оқыр еді.
لقوله صلى الله عليه وسلم: (لا يفقه من قرأ القرآن في أقل من ثلاث ) رواه أبو داود
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде былай дейді: «Құранды үш күннен аз уақытта оқыған адам оны түсінбеді» [9]. Бірде Айша (р.а) Құранды тез оқып жатқан адамды көрген кезде: мынау не Құран оқып жатқан жоқ, не үндемей тұрған жоқ, деді. Абдуллах ибн Амр ибн Ас (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қанша күнде Құранды бітіріп тұрайын деп сұраған кезде бір аптада бір рет бітіріп тұр деген еді дейді. Келесі әдебі – тажуидпен асықпай оқу. Құран оқудың соңғы әдебі – сәжде аяты келсе, сәжде жасау, истихфар аяты келсе, Алладан истихфар сұрау, тасбих аяты келетін болса, Аллахқа тасбих айту.
Мұхаммад-Құтб ФАЙЗИЕВ,
«Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы
[1] Бухари
[2] Бухари, Муслим
[3] Фалақ сүресі, 5 аят
[4] Тирмизи
[5] Муслим, Тирмизи
[6] Уақия сүресі, 79 аят
[7] Али-Имран сүресі, 191 аят
[8] Ниса сүресі, 41 аят
[9] Тирмизи