ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов Солтүстік Қазақстан облысына іс-сапармен келген болатын.
Іс-сапар барысында мәртебелі мейман Дін істері басқармасында аталмыш мемлекеттік мекеменің басшысы Мұратбек Зейнуллинмен кездесіп, өңіріміздің діни ахуалымен танысып, маңызды мәселелерді талқылады.
Содан кейін Ерлан Сатыбайұлы ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі, «Қызылжар» орталық мешітіне ат басын бұрды.
Бұл шара шеңберінде мәртебелі мейман үстіміздегі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және ҚР Дін істері агенттігі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, бірлесе жұмыс жүргізіліп отырғандығы туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, ол басқа да бірқатар мәселелерді тілге тиек етіп, мұндай кездесулердің маңызы зор екендігіне баса назар аударды.
Бұдан соң Бас имам Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы мешітте атқарылатын негізгі жұмыстар жайлы айтып берді.
Кездесуге қатысқан қажылар, мешіттің алқа мүшелері мен аудан молдалары бірқатар көкейкесті мәселелерді шешудің маңыздылығын тілге тиек етті. Дәлірек айтқанда, олар аудан имамдары жалақысының аздығы, теолог мамандарының жетіспеушілігі және өзге де өзекті проблемалар төңірегінде сұрақтар қойды.
Кездесу соңында ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары мешіттегі кітапхана және дәрісханаларын аралап, мұндағы сараптамадан өткен діни әдебиеттермен танысып, оң бағасын берді.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі