Нәпсіні тезге түсіретін мақтаулы мінез екеу болса, соның бірі – қанағат. Қанағатқа қол жеткізудің талабы біреу-ақ: адамнан дәметпей, Алладан тілеу. Жәбир(р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Өзіне тиесілі сыбағасы тап алдына келмейінше пенде дүниеден өтпейді.» – деген екен. Бұл – Алла тағаланың ризықсыз қалдырмайтынына сенген адам қанағатшыл болады деген сөз.
Қанағатсыздық адамның назарын буалдандырып, рухани дүниені көруге кедергі жасайды, есіл-дертін тамаққа, дүниеге аударып, жақындарынан, дос-жарандарынан аулақтатады, яғни адамшылықтан айырып, күйкілікке жетелейді. Адамның хал-жағдайы қандай болса да, өз ризығына ие болады, өйткені қанағат – таусылмас байлық. Сол байлықтан айырылып қалмау үшін ысырапқа жол бермеген жөн. Мал-мүлікті жұмсауда ғана емес, ішіп-жеуде де, адамның қылықтарында да көрініс табатын ысырапшылдықтың зияны шаш-етектен. Бұған керісінше пасық та болмауға тиіспіз. Қысқасы, еңбектеніп жинаған дәулетіңді орнымен жұмсағанға не жетсін?!
Әбу Наъим мен Байһақидың жинақтарында мынадай хадис бар:
ثلاثٌ مُنْجِياتٌ: خَشِيةُ الله في السِّرِ و الْعَلاَنِيَةِ, و القَصْدُ في الْغِنَى و الْفَقْر, و الْعَدْلُ في الرِّضَا و الْغَضَبِ.
«Құтқаратын үш амал бар. Олар: жария және құпия түрде Алла тағаладан қорқу, бай және кедей жағдайда да үнемшіл болу және ризашылық пен ашу үстінде де әділ болу».
Адамның мәртебесін асқақтататын бұл қасиеттер – Алланың азабынан құтқаратын амалдар. Қанағатшыл мұсылман дүниенің жылтырағына көз салмай, Жаратқанның берген несібесіне шүкіршілік етеді. Мұндай адам Алланың бұйрығын орындауға да бейім. Әбу Һурайра(р.а) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз(с.ғ.с.):
كُنْ وَرِعًا تَكُنْ أعبدَ النَّاسِ, و كُنْ قَنِعًا تَكُنْ أشكرَ النَّاسِ و أحِبَّ للنَّاسِ ما تُحِبُّ لِنَفْسَكَ تَكُنْ مُؤْمِنًا.
«Тақуа бол, сонда адамдардың ең ғибадатшылы боласың. Қанағатшыл бол, адамдардың ең шүкіршілі боласың. Өзің үшін жақсы көргенді адамдарға да жақсы көр, сонда мумин боласың»,-деген.
Шынайы шүкіршілікке қол жеткізу үшін қанағатшыл болу барынша қажет. «Байлық не?» деген сауалға бұрынғы данышпандар тектен-тек «Сенің аз армандауың және өзіңе жететін нәрсеге риза болуың»,-деп жауап берген жоқ.
Қанағат кісінің қадірін арттырады, ал ашкөздік абыройдан айырады. Жеткізбейтін жылтырақ дүние оны қуған адамды қатты өзгертеді. Сондықтан тереземіз тең болсын десеңіз, ешкімге тәуелді болмаңыз. Ал ашкөздік жасасаңыз, елге кесапатыңыз тимесін.
Ибн Омар(р.а.) риуаят еткен хадис құдсиде Алла тағала:
يَا بْنَ آدَمَ ، عِنْدَكَ مَا يَكْفِيكَ وَأَنْتَ تَطْلُبُ مَا يُطْغِيكَ ، يَا بْنَ آدَمَ لا بِقَلِيلٍ تَقْنَعُ وَلا بِكَثِيرٍ تَشْبَعُ ، يَا بْنَ آدَمَ إِذَا أَصْبَحْتَ مُعَافًى فِي جَسَدِكَ ، آمِنًا فِي سِرْبِكَ ، عِنْدَكَ قُوتُ يَوْمِكَ فَعَلَى الدُّنْيَا الْعَفَاءُ
«Ей, адам баласы! Сенде өзіңе жететін (дүние) бар. Ал сен өзіңді шектен шығаратынын сұраудасың. Ей, адам баласы! Сен азға қанағат етпейсің, көпке тоймайсың. Ей, адам баласы! Тәні сау, жаның тыныш болып таң атырсаң, жаныңда күніңе жететін азығың болса, бұл дүниені қайтпексің»,-деген.
Иә, Алла тағала адам баласының ризық-несібесін ана құрсағында-ақ белгілеп қойған. Жаратушы байлықты немесе кедейлікті таңдағанда адам болмысына пайдалысын қалаған.
Хамид әл-Лафафаф(р.а) қанағат хақында:
أرْبَعَةٌ طَلَبْناها في أرْبَعَةٍ فَأخْطَأْنا طُرُقَهَا فَوَجَدْنَاهَا في أرْبَعَةٍ أُخْرَى طَلَبْنَا الْغِنَى في الْمالِ فَوَجَدْنَاهُ في الْقَنَاعَةِ,وطَلَبْنَا الرَّاحَةَ في الثَّرْوَةِ فَوَجَدْنَاهَا في قِلَّةِ الْمالِ, وطَلَبْنَا اللَّذَاتِ في النِّعْمَةِ فَوَجَدْنَاهَا في الْبَدَنِ الصَّحِيحِ, وطَلَبْنَا الرِّزْقَ في الأَرْضِ فَوَجَدْنَاهُ في السَّمَاءِ.
«Біз төрт нәрсені төрт нәрседен іздеген едік. Іздегенімізді басқа төрт нәрседен таптық. Мал-мүлікті байлықтан іздеп едік, бірақ оны қанағаттан таптық. Рақатты молшылықтан іздеп едік, бірақ оны дүниенің аздығынан таптық. Ләзатты нығметтен іздеген едік, бірақ оны денсаулықтан таптық. Ризық-несібені жерден іздеп едік, бірақ оны аспаннан таптық»,-деген.
Айтты айтпады, қанағатшылдан асқан бай жоқ. Ол барға шүкір дейді, жоқты қумайды. Сондықтан Пайғамбарымыздың(с.ғ.с.) сүннетіне сай ғұмыр сүруге талпынуға тиіспіз.
Кенжетай қажы Байкемелұлы Дүйсенбай
ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы,
«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы