Қажылық – қасиетті құлшылық

«Қажылық» сөзі «құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету» ұғымын білдіреді. Бұл – Алла Тағаланың ризалығы үшін құлшылық ниетімен қажылық айы деп аталатын уақытта Мекке қаласындағы Қағбаға тауап етіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес барша қажылық рәсімдерін орындау деген сөз. Қажылық ғибадаты Зулхижжа айының 8-13 күндері аралығында орындалады.

Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы ең бірінші Алланың сый-сияпатына кенеліп, күнәсынан тазарады. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– делінген (Имам Бұхари). Мына жалған дүниеде пендешілікпен істеп қойған күнәларынан арылып, анасынан жаңа туған сәбидей пәк күйде Алла тағаланың құзырына бару, әрине, әр мұсылманның асыл арманы ғой.  Енді бірде Пайғамбарымыз: «Бір умра (кіші қажылық) екінші умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат», – деген.

Ислам дінінің  бесігі болған бұл қасиетті топырақта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және атақты сахабалардың қаһармандықтарына қаныққан сайын  жүректер тазарып, өмірімізге үлкен серпін береді. Өйткені, Алланың сүйікті Елшісінің (с.ғ.с.) иісі сіңген топырақтың әрбір бұрышында теңдесі жоқ әлемнің нұрлы сыры бар. Онда мұсылмандар жан рахаты мен қуанышына бөленеді.

Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан әр тілде сөйлейтін, түр-түсі бөлек, мемлекет басшысынан бастап, қарапайым халыққа дейін әр ұлт өкілінің бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында ерекше бақытты күй кешіп, аппақ ихрамға оранып, Алланы ұлықтап, қажылық парызды атқаруы  мұсылман жұртшылығының өзара ынтымағы мен бірлігін күшейтіп, иманын нығайта түседі. Біздің қатары қалың жамағат екеніміз айқын аңғарылады. Қажылыққа келген мұсылмандардың саны қанша болса, қажылық барысында біздегі иман да сонша есе арта түскендей әсер қалдырады.

Сөйтіп, мұсылмандардың арасындағы имани байланыстардың артуы, Ислам бірлігінің күшеюі қажылыққа келу арқылы жүзеге асырылады. Өйткені дүниенің шартарапынан келген мұсылмандар мынаны ұғады: «Бәріміздің де Жаратушымыз бір, ризық беруші Иеміз бір, құлшылық етушіміз де бір… Дініміз де бір… Пайғамбарымыз да бір… Құбыламыз да бір»… Осындай ойлар өзара бірлік пен келісімді, сүйіспеншілік пен бауырмалдықты арттыруға ықпал жасайды. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шындығында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Күмәнсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп бұйырған болатын.

Бұл парыз – мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Өйткені, мұсылман ұлттар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, кім болса, ол болсын барлық атақ-лауазымдарын ұмытады. Бәрі бірдей аппақ ихрам киеді. Басқа мұсылман бауырларынан ажыратқысыз кейіпке еніп, ешбір айырмашылықтары болмайды. Сырттай көз тастасаң, бәрі бірдей ақ кебінге оранған секілді. Еріксіз Мақшарда мазардан түрегелер сәтті елестетеді.

Қажылық үздіксіз ғибадат жасау арқылы нәпсінің тізгінін тартуға, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Сапар барысында ешбір қайтарымсыз мал жұмсау, Алла үшін не нәрсені болса да шығындау парасаты өседі. Жақсылық пен жамандықтың ара салмағы бағамдалады. Шайтанға тас атқан кезде, Қағбаны тауап еткенде, Мәдинаға ат басын бұрғанда осындай терең ой құшағында тербеліп, ішкі жан сарайымыз тазарып сала береді.

Қажылық  мәңгілік өшпес өнегеге толы өткенді еске түсіреді. Жалғыз өзі бір миллеті құраған Хазреті Ибраһим мен ұлы Исмайылдың ғибратты ғұмыры, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көктегі періштелердің өзін қызықтырған өнеге-үлгісі, иманын қызғыштай қорғап, өмір мен өлімнің арасында ажалмен арпалысқан даңқты сахабалардың әрекеттері – бәрі де қажылық кезінде көз алдымыздан өтіп жатады.

Енді қажылықтың парыздары туралы бірер сөз.

  1. Ихрамға кіру;
  2. Арафаттта тұру;
  3. Тауап ету.

Ихрам – «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата, Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ, ниетті тілмен айту – мустахаб. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіне ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы – ихрамның шарттары.

Арафатта тұру – арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уақытына дейін Арафат тауында бір мезет болса да тұру. Сондықтан кімде-кім Арафатта тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылық дегеніміз – Арафат, кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деп, Арафатта тұрмаған кісінің қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Тауап ету араб тілінде «бір нәрсені айналу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап – Алла тағаланың аршының айналасында тауап ететін періштелер тәріздес Алла тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтулланың (Қасиетті Қағба) айналасында тауап жасау – намаз оқу сияқты. Ерекшелігі тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп, кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін», – деген.

Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында «Хажарул асуад» деп аталатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың іргесінен басталады. Қағбаны жеті рет айналғанда тауап тәмамдалады. Тауапта айналымдарды бірінен кейін бірін істеу шарт емес. Тауап толық бітпей жатып, ортасында дәрет алып, намаз оқып, айналуды одан әрі жалғастыруға болады.

Сөз соңында қажылықтың уәжіптері туралы. Олардың біріншісі – сағи. Сафа мен Мәруа деп аталатын екі төбенің арасында төрт рет Сафадан Мәруаға, үш рет Мәруадан Сафаға тездетіп жүру сағи болып табылады. Бірінен екіншісіне бару «Шаут» деп аталады.

Екіншісі – Муздалифада тұру. Айт күні көкжиектен күннің қызылы кеткен уақыт пен келесі күннің күні шыққанға дейінгі аралықта Муздалифада тұру- уәжіп. Бүкіл түнді сонда өткізу  – сүннет. Муздалифада тұру бір себеппен орындалмай қалса, оқасы жоқ. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл амалды орындай алмаған адамдарға кәффарат (айыпты жуып-шаю) жасасын деп айтпаған. Ал, себепсіз орындамағандар құрбан шалып, айыбын өтейді.

Үшінші уәжіп – Минада шайтанға тас лақтыру.

Төртіншісі – шашты тақырлап алу немесе қысқарту. Минада тас лақтыру рәсімінен кейін «Тәмәтту» қажылыған өтеген адам құрбан шалу қажет. Бұдан кейін Меккеде және айттың алғашқы үш күнінде шашын тақырлап алу немесе қысқарту уәжіп.

Соңғы уәжіп – қоштасу тауабы. Сыртан келіп, миқаттардың бірінен кірген қажылар қажылық амалдарын бітіргеннен кейін қоштасарда Қағбаға тауап ету уәжіп.

Қажылыққа ниет еткен кісі шариғи үкімдерге барынша мұқият болған жөн. Санаулы күндерді босқа емес, құлшылықпен және дұға-тілекпен өткізген абзал. Қасиетті сапарға шығатын қажыларымызға сәт сапар тілейміз. Алла  тағала қабыл болған қажылықты нәсіп етсін.

Кенжетай қажы Дүйсенбай,

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы,

«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲