Қазақ халқы «Байлық байлық емес, бірлік байлық», дейді. Яғни, біз үшін елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығынан артық қазына болған емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін жәбірлемей, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек» екенін Елбасы да орайы келгенде айтып отырады. «Хужурат» сүресінің 13-аятында «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла тағала алдындағы ең абыройлылырың тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», делінген.
Биылғы жыл татулықты дәріптеуге өзіндік үлес қосқалы тұр. Себебі, Елбасы 2014 жылғы 11 қараша күнгі Қазақстан халқына «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз», деді. Шынымен де, өткен тарихымызға тағзым жасау, ал бүгінгі береке-бірлігімізді мақтан ету арқылы келешекке сеніміміз нығая түсері анық.
Өткен аптада еліміз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Қазақстан бойынша 130-дан астам ұлт өкілдері бар болса, соның 100-ден артығы теріскейде өмір сүреді екен. Түрлі ұлт баласын тоғыстырған бұл шара, шынымен де жүрегімізге қуаныш ұялатты. Неліктен дейсіздер ғой, айналамызда орын алып отырған келеңсіздіктерді көріп-біліп отырған тұста, еліміздегі тыныштықты бағаламау күпірлік болар еді. Облыстық «Қызылжар» орталық мешіті де ұлтаралық татулықты сақтауға мүдделі. Сондықтан діни мерекелерде осындағы түрлі дінбасшылары бір-бірімізге ілтипат танытуды ізгі дәстүрге айналдырдық. Мұсылман жамағаты үшін Құрбан айт пен Ораза айының орны бөлек. Христан дін өкілдері бұл мейрамнан сырт қалмай, игі тілектерін айту үшін мешітке арнайы келеді. Сол секілді, біз де өз тарапымыздан оларға шынайы пейілімізді аңғартып отырамыз.
Мешіт Аллаға құлшылық жасайтын орын, сондықтан біздің де дұға-тілегіміз еліміздің тыныштығына бағышталады. Теріскейде ауған, күрді, шешен, азербайжан, тағы да басқа мұсылман елдердің өкілдері тұрып жатыр. Олардың Қазақстанға таңдау жасаулары тегін емес. Алланың қалауымен олар бұл жерден ырыздықтарын тауып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Өйткені, қазақ еліндегі ауызбіршілік кім-кімге де болсын қолайлы. Әрі қонақжайлылық халқымызға тән қасиет.
Президент тарихи маңызға ие биылғы құжатта: «Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді», деді. Мұнымен келіспеуге болмайды. Ұл-қыздарымыздың алаңсыз өміріне билік басындағылар ғана емес, әрбір қазақстандық өзін жауапты сезінуі тиіс. «Қызылжар» орталық мешіті жұмысының түпкі мәні де осы. Бізде жастарды отанышылдық рухта тәрбиелеу үшін жалпы жастар ісі бөлімі жұмыс істеуде. Бұл бөлім түрлі спорттық шаралардың өтуіне ұйытқы болып, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттер арасында түрлі тақырыпта уағыз-насихат жұмыстарын жүргізеді. Мұндай кездесулерде жат ағымдардың зияны мен зардабы туралы да айтылады. Жастар бөлімі өткен жылы облыс мектептерінің оқушыларымен 50 мәрте жүздесті. Әр аптаның сенбі күндері футбол, волейбол, тағы басқа спорттық жарыстар өтеді. Сонымен қатар жас ұрпақты өткенді құрметтеуге үйретпейінше, келешектен үміт күту бос әурешілік. Ал, бұл орайда биылғы жылы ұлықталғалы отырған Керей мен әз Жәнібектен бастау алатын Қазақ хандығының 550 жылдығын ұтымды пайдаланған жөн. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз шапса – тұлпардың тұяғы, ұшса – құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келді. Асыл дініміз Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айырықша мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?» -деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – депті.
Дініміз бен дәстүріміздің сабақтастығы жақсы ұрпақ тәрбиелеуге қауқарлы. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ақтамберді, Бұқар жыраулардың ізгілікке, Отанды сүюге үндейтін шешендік сөздерін жастарға насихатталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ислам діні ел тыныштығын сақтап, береке-бірлігін нығайтуды қуаттайды. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың бұл жөнінде хадистері аз емес. Бірлігі мықты елдің ырысы ортаймайды. Ұрпағы дәстүрін сыйлап, тілі мен дінін құрмет тұтса Мәңгілік елге айналамыз. Отанымыз – біздің алтын шаңырағымыз. Алла Отанымызды дұшпанның жаман ойынан, халықтың араздығынан сақтап, өмір бойы мәңгілік бақытқа жетуді нәсіп етсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Кенжетай қажы Байкемелұлы,
«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы.